Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімін бойжеткеннің шолпы сақтар

Бітімін бойжеткеннің шолпы сақтар


Тәрбиелі қыз – ақылды ана, адамгершілігі бар әйелге айналады. Иә, қазақтың қызы қылықты, дәстүрден аттап кетпейтін болса барған жерінде де сыйлы. Абыроймен тұрмысқа шыққан қыз түскен шаңырағына да тез үйренісіп кетеді.
Қазақтың қай салт-дәстүрін алып қарасаңыз да, артында үлкен мағына жатқанын байқауға болады. Ата-бабаларымыз адамның жарты жаны шашта болады деп, оны қорғау мақсатында қыздарға шолпы таққан екен. Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Оның ең маңызды қызметі – әдептілікті сақтап, оқыс қимылдарға тосқауыл болған. Әрі шолпы салмағының әсерінен шаш ұзын болып өскен. Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, ұзын бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Себебі, шолпы таққан бойжеткен әр қадамын ойлап басып, бойында биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады екен.
Алыстан келе жатқан бойжеткенді шол­пысының сылдырынан танып білуге болады. Үйдегілер әдептен тыс әңгіме айтып отырған болса, даладан шолпының сыңғырын ести сала сөздерін тыя қоятын. Осылайша, шолпылы қыз жасына жетпей жаман сөз естуден бойын аулақ ұстайды. Иесі қозғалғанда, олар әсем дыбыс­тар шығарып, кербез қыздың әсем жүрісіне үн қосып, арудың сыны мен сымбатын одан әрі ажарлай түседі. Анасы қашанда қызына: «Қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді», – деп тәрбиелеген.
Алайда, бұл күндері қыз тәрбиесінің тізгінін босаңсытып алғандаймыз. Бұл – шындық. Бұған қыздарымыздың қалай болса, солай киініп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде кіндігін көрсетіп жүргенін байқасақ та мән бермеуге айналдық.
Қыз отбасында тыйым көрмеген болса, болашақта сый көрмейді. Өйткені, өз қамынан ары ойлана алмайтын, кішкентай қыз болып қалады. Әрине, бұл бала тәрбиесіне де әсер етпей қоймайды. Анасын ешкім сыйламағандықтан қыз өзін сыйлаудан қалады. Осыдан келіп барлық мәселе туындайды.
Дәл осы секілді заманымыздың озық мемлекеті саналатын жапон халқында да, егер үйінің берекесі болмаса, ол ер адам үшін атақты компаниялардың есігі жабық деген тәрбиеге байланысты дерек бар.
Қыз шаңырақтың берекесі, ата-анасының абыройы екенін алдын ала ойлаған біздің ата-бабамыз оның тәрбиесіне баса мән берген. Шаштарына шолпы тағып, жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.
Дегенмен, қазіргі таңда шашына шолпы тағатын қыздар қатары өте сирек. Бұған себеп, шет елдің менталитетіне еліктеу де бар. Бірақ, бар кінәні өзгеге артып салғанымызда жарамас. Себебі, ата-салтты ұлықтап, қызының шашына шолпы тағып, жүріс-тұрысын түзеймін деген ата-анаға қой деген адам жоқ. Дамыған мәдениетке ілесу деген өз ата салтыңнан аттап кету емес. Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында мән-мағынасын жоймаған салт-дәстүрді қайта жандандыру керектігі айтылған болатын. Олай болса, бұрымды аруларымыздың шолпысын қайта насихаттап, бойына ар-ибаны жиып өсуіне неге ат салыспасқа? Шолпының сыңғыры жаман қылық, әдепсіз іс-әрекеттен тиятынын жоғарыда айтып өттік. Дәл бүгінгі қоғамдағы жүрісі жеңіл, күлкісі ерсі, тұрысы тұрпайы қыз баланың етек-жеңін жинап, шашына түскен шолпының салмағы мінездің өзгеруіне сеп боларына сенеміз. Егер қыздарымыздың шашына шолпыны қайта тағуды сәнге айналдыратын болсақ, бұл әшекейге басқа елдер де қызығып, еліктейтін еді деген ойда бар.
Осыдан келіп, талай замандардың мәдениеті және өнерін қамтитын құнды жәдігеріміз «шолпыға» болашақ ұрпақ тәрбиесі ретінде қарасақ, әдептен әрі аспайтын, қылықты қыздарымыз көбейер еді.

Гүлжайна Сахиева
20 тамыз 2021 ж. 738 0