Құрамында сынабы бар электр шамдарының зияны жайлы білесіз бе?
Энергия үнемдеуші шамдардың қоршаған ортаға, денсаулыққа әкелер зиянын көпшілік біле бермейді, білсе де істен шыққан шамдарды арнаулы орындарға өткізбейді. Люминесцентті энергия үнемдейтін шамдардың әдеттегі қолданылып жүрген шамдарға қарағанда үлкен айырмашылықтары бар.
Біріншіден, тоқ көзін 5 есе үнемді жұмсайды, екіншіден жұмыс істеу уақыты 20 есе ұзақ. Бірақ, бұл энергия үнемдеуші шамдардың бір үлкен кемшілігі, шыны іші сынап буымен толтырылған. Әрине, ол шамдарды қолданғанда ағзаға әкелер ешқандай зияны жоқ, бірақ ол сынатын болса немесе істен шығып қоқыс жәшігіне лақтырылса, онда шынысы сынып, сынап буы ауаға тарайды. Сынап буы қауіпті улы заттардың жіктелуінде «А» тобына жатады, яғни өте улы зат. Сынап буы иіссіз зат, концентрациясы небәрі 0,25 мг/м3 сынап буы бар ауамен тыныс алған кезде, сынап буы өкпеде қалып қойып, сонда жиналады. Ал, егерде сынап буының концентрациясы одан да көп болса, теріден тікелей сіңіп, жалпы қан айналымына енеді. Сонымен қатар, бауыр, бүйрек, ішек құрылыстары мен жүйке жүйелерін зақымдайды. Сынаптың ауадағы ең жоғарғы мүмкін концентрациясы 0,0003мг/м3 болса, ал энергия үнемдеуші шамдардағы сынап мөлшері 1-70мг дейін болады. Егер Қазақстан да, басқа дамыған елдер сияқты, энергия үнемдеуші шамдарға көшетін болса және энергия үнемдейтін орындар көбейсе (мысалы, былтыр Шымкент қаласында энергия үнемдейтін өндіріс орны ашылғанын есепке алатын болсақ), онда сынаптың ауадағы мөлшері қанша есе өсетінін байқау қиын емес. Бұл мәселенің көтерілгеніне көп болса да, әлі көпшілік қауым энергия үнемдеуші шамдардың ағзаға әкелетін зияны жайлы біле бермейді. Сондай шамдарды пайдаланушылар оны арнаулы орынға апарып тапсыру қажет екенін біле тұра, қоқыс жәшігіне тастай салады.
Ауданда Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы кент және барлық ауылдық округтер орталықтарына 100 дана электр қалдықтарын жинайтын сары түсті контейнерлер қойылды. Арнайы контейнерлерде жинақталған құрамында сынабы бар шамдарды, химиялық қуат көздерін шығару, залалсыздандыру және арнайы күтіп ұстау қызметіне мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мекеме тиісті жұмыстарын атқаруда.
Аудан тұрғындары қоршаған ортаны ластай бермей өзіміздің, балдарымыздың денсаулығын ойлап, құрамында сынабы бар электр қалдықтарын арнайы қойылған сары түсті контейнерлерге салу керек деп ойлаймын.
Д.АМАН