Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР ӨЗІ БІР ҒАСЫРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН

БІР ӨЗІ БІР ҒАСЫРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН


Қазақта қайсар ақын аз емес. Өрліктің өріне өрлеген, қайсарлықтың шыңына шыққан ақындардың бірі де бірегейі – Қасым Аманжолов. Әр өлеңінен ерліктің, елдіктің рухын сезесің, батырлықтың, батылдықтың үлгісін көресің.
...Қасымның қара томын жастанып оқығандардың бірі мен едім. Адуынды, қаһарлы ақын зиратының басына барып дұға бағыштау, мәрмәр тасынан сипау көп жылдан бергі арманым. Биылғы ораза айтында соның сәті түсті.
Райымбек даңғылы бойындағы (Иса Байзақов көшесімен қиылысы) зиратта мәңгілік дамылдап жатыр екен. Сағатқа жуық уақыт ақын зиратын таба алмай жүрдік. Қабырстанның тазалығымен және күзетімен айналысатын жұмысшылар біле қоймады. Тіпті бірі «мен көп жылдан бері осында жұмыс істеймін, Қасым Аманжолов деген кісі атын бірінші рет естіп тұрмын. Бұл зиратта жоқ» деді. «Енді кәйттік» деп аңырып тұрғанымызда еңселі келген жүзі жылы бір жұмысшы бізге қайырылып, шаруамызды сұрады. Айттық.
– Неге жоқ. Бар ондай кісі, қазақтың айтулы ақыны емес пе? Іздеп жатқан көп адамды байқамадым, бірақ бір журналист бірер ай бұрын келіп, басында болып қайтты. Аты-жөнін білмедім, – деді. «Шамасы осы маңда» деп, бізді зираттың кіре беріс оң жақ қапталына бастады. Іздеп жүрміз. 30-40 метр­ден Қасым ақынның мәрмәр тасқа қашалған бейнесін көзім шалып қалды. Аты мен тегі анық көрінбеді...
– Таптым!. – дедім, әкемді тапқандай қуанып.
Ия, жаңылмаппын. Қасқайып тұрған жарықтық, Қасым ақынның өзі екен. Тастағы мәтін недәуір көмескіленіп, жартылай өшіріле бастапты.
«Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп», деген атақты жыр шумағы әзер көрінеді. Жанында зайыбы Сақыпжамал Жармұхамедқызының зираты. Басындағы құлпытасқа:
«Сақыпжамал. Бір өзіңде
Екі әйелдің аты бар.
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан, ай туар», деп жазылыпты.
Ұлттық поэзиямыздың жаңа сүрлеуінің басында ұлы Абай тұр десек, сол кемеңгер ақынның асыл ойын, игі дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізген Қасым Аманжолов екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Маилин, Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын алпысыншы жылдардың соңында ғана оқып білдік. Ал, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қаламгерлердің шығармаларынан, тіпті бейхабар болдық. Абай ХХ ғасырдың басында дүниеден озды. Сонда сол ғасырдың 70 жылына дейінгі олқылықты Қасым Аманжоловтың жырлары толықтырды деп айтуға әбден болады. Бір Қасым бір ғасырдың жүгін көтерді, бір ғылыми зерттеу институттың жұмысын атқарды. Қасымның қара томын жастанып өскен ұрпақтың алды қазір сексеннен асты. Солардың бірі, жуырда ғана туғанына 80 жыл толған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым.
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым...
…«Бір күй бар домбырамда…» (Иесі Қасым),
Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..» – деп кезінде бар ықыласымен жырлаған болатын...
30 жасында от кешіп, жалынды кезеңін, жігерлі шағын қан майданға – Отанды қорғау ісіне арнады. Қаруы мен қаламын қатар ұстап жүріп соғысты. От шайнап, оқ жұтып жүріп те өлеңнен қолын үзген жоқ. «Орал», «Сарықарқа», «Ұлы күтіс», «Елге хат», «Үстімде сұр шинелім», «Сен фашиссің мен қазақпын», «Дариға сол қыз» сияқты жасын жырларды өмірге әкелді. Әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды.
Қасым Аманжолов әдебиетке ерте араласты. Жасынан жетімдік көріп өскен ақын жырды жанына серік етті. Оның ақылшысы да, досы да, серігі де – өлеңі болды. Өмірге, елге деген тілегі мен көзқарасын асыл жырымен жеткізді. Отанға, жарға деген сағынышын өлеңмен өрнектеді.
«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған үздік шығармалардың бірі. Шығарма оқиғасының шыншылдығы, кейіпкер кейпінің шынайылығы және дастанның бүкіл бойындағы өршілдік әдебиетімізге үлкен үлес болып қосылғандығы өз алдына, соны серпін әкелді.
«Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың.
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек!»
Бұл поэманың бас кейіпкері – Абдолланың жаумен бетпе-бет келгендегі толғанысы. Мұндай сұрапыл сөзді, дауыл ойды Қасым ғана айта алған. Мұндай отты сөз «мың өліп, мың тірілген», адым жер үшін алысып, қадым жер үшін қарысып, бүкіл ғұмыры елі мен жерін қорғап өткен қазақ азаматының ғана аузынан шығатыны даусыз. Поэма қалың қауымның назарын бірден өзіне бұрды. Қаламгерлер мен әдебиетшілер арасында жақсы пікір туғызды, елді елең еткізді.
Қазақтың классик жазушысы әрі үлкен әдебиет сыншысы Ғабит Мүсірепов «Ақын өлімі туралы аңыз» жайында: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан шыққан жаңа леп сияқты», – деп алғаш пікір айтты.
Қасымды бағаламаса шенеуніктер бағаламаған, өз замандастары барынша қастерлеген, пір тұтқан. Ақынның ел арасына кеңінен тараған:
«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отымен-ақ жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды», – деген өлеңі «мырзалығы» қарақан басынан аспаған, көлеңкесінен жасқанған сол шенеуніктерге арналған.
Қазақтың тағы бір классик ақыны Қуандық Шаңғытбаев Қасым жайлы өлеңінде:
«Өлем деп өкінбеген сорлы Қасым,
Өтті ғой күмбірлетіп домбырасын...», – деп тебіренді. Ақынның өзі үшін емес, өлеңі үшін қиналатынын жыр етті.
Аты аңызға айналған әскербасы, әрі қаламгер Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Ал, Қасым Аманжолов ... – ақын, жаратылысы бөлек ақын...» деп жазыпты. Болмысы бөлек, бітімі паң, мінезі тәкаппар, кез-келгенге илікпейтін Бәукеңнің бұлай деп жазуы Қасымның жасын жырларына, қанатты өлеңдеріне тәнті болғанын аңғартса керек. Сырбай Мәуленов өзінің 60 жылдығына арналған мерейтойында Қасым Аманжолов туралы ерекше толғанғаны бар:
«Қабағын түйіп, құз-тас тұр,
Төңірегіне парық сап,
Шыңында шулап құстар жүр,
Айнала ұшып шарықтап,
Кеудесі жалын қара бұлт
Келеді төніп аспаннан.
Алып құз, тас, сұп-сұр бұлт
Жамылып шапан боз тұман...», – деген өлеңін жатқа оқып, Қасым Аманжолов қазақтың классик ақыны ғой», – деп еді.
Қасым қиындықты көп көрген, жетімдікті басынан өткерген, Отан үшін от кешкен, тұрмыс-тауқыметін мол тартқан ақын.
Қасымның 1947 жылғы 8 сәуірдегі күнделігіне назар салып көрейік:
«Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық дегеннен 1 килодай ұн, жарты бөтелке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті (Сәбит Мұқановты айтып отыр. С. Б.) іздеп қалжырадым. Сталин туралы жазған поэмама шарт жасаттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір «күнде ертең». Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.
Сәпен Науқас. Миы ауырады. Жаннат көжемен қарнын қампайтты да ұйықтап қалды. Мен қара шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қайда?! Шешесі жатыр.
Мен Дариғаны домбырамен алдандырып отырмын. Мен дыңқылдатам. Ол өзінше «басады», саусақтарын тарбитып, қозғап, домбыраның ішегін басқан болады. Мен дыңқылдатпасам, жылайды. Осымен жарты сағаттай отырдым....
Келер күн не дер екен?Көрелік оны да...»
(Естелікті оқып отырып ақынмен бірге қиналасың. Келер күннің не береріне сен де алаңдайсың).
«Міне, ғажап! Ойламаған жерден ағамның Алма деген баласы есік ашты. Қолында 200 сом ақша: шешесі Мәми беріп жіберіпті. Түнеу күні менен 2000 сом қарыз алып еді, соның есебіне бергені ғой. Бірақ дәл мына 200 сомы ондағы 2000 сомымнан маған құндырақ болды-ау. Уһ!!!»
Ақын өмірінің жалғасқанына біз де шүкіршілік еттік. Осындай-осындай жан төзгісіз қиындықтарға қарамастан:
«Нұрлы дүние, туған елім,
Жарқырайсың жас айбынмен.
Бір сен сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен!», – деп туған елін, оның жарқын болашағын жырлап өтті. Отаны өзін ескеріп, елемесе де ол Отанды қастерлеудің үздік үлгісін қан майданда да, жыр майданында да танытты.
Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» толғау өлеңі бұған дейінгі қазақ ақындарында кездеспеген ерекше сезім-серпілісі. Бұл өлеңді кезінде жатқа білмейтін ақын болмаған. Қазақ ақындарының гимніне айналған.
«Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп...
Немесе:
...Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді,
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!» – деп аяқталатын толғау барлық ақынның айтар ойын, жүрек лүпілін, сезім сырын жеткізіп тұр. Қасым жырлары өміршең. Ғасырлардан ғасырларға жалғаса бермек...
Енді ақын зираты басындағы әңгімеге қайта оралайын. Қасым ақын мен оның асыл жары – Сақыпжамалға (Сәпенге) бағыштап дұға оқыдым. Айтпақшы, жол сілтеген Талип Жәменке деген азаматқа алғыс айтуды ұмытпадым. Жазып алып барған өлеңімді аруақтардың «мазасын» алмайын деп ол жерде оқымадым. Оқырман назарына ұсынып отырмын.
«Өлеңін әлдилеген, қайран Қасым,
Өмірің өлең-жырға айналғасын,
Дамылдап, жаның тынып жатырмысың,
Күпті болған көңілің жайланғасын.
Жан едің өн бойыңда өнерің көп,
Халқыңа бергеніңнен берерің көп.
Ғұмырың жеткенінше терің (ді) төктің,
«Өзіммен бірге өлмесін Өлеңім!» деп.
Өлеңге басын тіккен, кемеңгерім,
Өлермендік мінезді сенен көрдім.
«Серінің семсеріндей сертке таққан»
Өрге сүйреп келеді өлеңдерің!
Талайды табындырған арман Қасым,
Сан мәрте жар соқтырды аңғал басың.
Жыр көгінде жұлдыз болып тұрсың жанып,
Өлді деп әлдекімдер сандалмасын!!!»
Ақынның өзі дамылдап жатқанымен оның өлеңі жалындап, жыр көгінде шарықтап жүр. Өлең өлмейді. Өйткені ол – өміршең өнер...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылары мен Журналистері одақтарының мүшесі

10 тамыз 2021 ж. 755 0