Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тартыспақ

Тартыспақ


Қазақ той қылса қызығының шырайын кіргізіп, тартыспақ ұйымдастырушы еді дейді көне көз қариялар. Ал, бұл күндері наурыз мерекесі қарсаңында ғана арқан тартысып, күш сынасқандарды көре аламыз. Алайда, біз тарқатқалы отырған тақырып арқан тартудан алыс­тау. Әлем желіде әлін білмейтін Аяз билердің сөз тартыспаққа түсетіні жайында...
«Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді» деген қазақтың тәмсілі бар. Кім айтса да, қашан айтса да тауып айтқан. Кінә неден, яки, кімнен басталғаны белгісіз. Әйтеуір тіл мен жақтың байыз табар күні жоқ. Жұмыр басымызға біткен құлақта маза жоқ. Ертеректе ұрыс-керіс, жанжал дегенді ілуде бір рет еститін. Қазір күніне мың естіп, мың көреміз. Тіпті ұялмай, бетіміз бүлк етпестен, айызымыз қанып, жанымыз жай табардай болып, көңіліміз жайланып, миымыз тынығатын күйге жеттік. Әлеуметтік желінің қайссы біріне кірер болсақ; көреріміз, бағдарлап қарарымыз жанжал, ырду-дырду төбелес. Бұл бізді, ұрпақты қайда бастамақ, қандай күйге түсірмек, о, жағы беймәлім. Дегенмен де жақсылыққа, ізгілікке бастамасы белгілі.
Жаңылғанды жарты әлемге жария етіп, жан-жағынан талау қай ата-бабадан қалған қасиет? Бұрынғылар үйреткен әдеп, берген тәлім, баулыған имани жолдың жөні бөлектеу. Бір үйде ұрыс болса, сол ұрысқа құлақ түре тыңдағанды «Тәйт» деп тиып, бұрысын дұрыстайтын. Айтсақ, тағы да бұрынғының әніне салды дерсіз. Бірақ, саналы ұрпақты санасыздардың сөзі тәрбиелеп жүрмесіне кім кепіл?
Абыройы артқанның арын ластап, қаракөз қыздардың намысын таптап, сүрінген жанның түбіне жеткенше ғаламтордың арғы бетінде отырып былапыт сөз айтамыз. Әнеукүні фейсбук желісінде орта жастағы ағамыз бір жазбаның қатесін жөндеп пікір қалдырды. Алайда, жазба авторы бір сөзден жаңылса, пікір қалдырушы қазақша-орысша аралас сын жазды. Ол ол ма? Қазақша әріптері де жоқ. Ал, оның қатесін түзеген үшінші кісімен әлеуметтік желіде соғыс ашты. Сөздеріне қарасақ кіл мықтылар. Байқасақ, «Саналы адам кінә іздер» деген хәлге түсіп кетіппіз. Бас­тысы, сөз тартыспақта сөз бермеу керек екен. Боларды да, болмас­ты да жаза береді. Бұл бүгінгі көрініс.
«Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені», – демекші, қазіргі уақытымыздың жартысынан көбі көгілдір экран алдында, сымсыз байланыстың шеңберінде өтіп жатыр. Көгілдір экран демекші, шоу жасап, бағдарламаларда тартысып-керісіп отыруда трендке айналғалы қашан...
Осындай бағдарламалар да халықтың санасын улап, әлем желідегі тартыспаққа түрткі болуда. Әншейінде дамыған елдерге еліктей кетуші едік. Ендеше, әлемдік зерттеулерге көз жүгіртсек, кедей халықтардың 78% түрлі реалити-шоуларды көреді. Ал, ондай реалити-шоуларды көретін байлар 6% құрайды. Халыққа танымал миллиардерлердің 86% кітап оқығанды жақсы көреді екен. Айналып келіп кітапқа тірелеміз.
Сүйексіз тілден шықсан сөз, сүйектен өтетінін ескерсек, сөз мәдениеті, әлеуметтік желінің әдебі бәрі де келіп, кітап оқу, рухани азық жинауға тіреледі екен. Ал, біздегі кітапқа деген құмарлықтың деңгейін сөз етпей-ақ қоялық. Ал, рухани азықтанбаған, жан дүнесіне жақсылықтың дәнегін сеппеген адам олқылықтарға жолығады. Рухы әлсіреген адамда материялдық қажеттілікке деген құмарлық артады. Өзін де жоқты алдап, арбап, өзгенің бағын өз бағындай көреді. Тұнығы лайланып, бұлағы тартылып, өз орынын білмейтін хәлге түседі. Тура сол хәлге аяқ басып бара жатқандаймыз. Бастысы тілі сайрайтын, бірақ ісінде бәтуа жоқ ұрпақтардың өсуінен сақтасын!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
09 шілде 2021 ж. 310 0