Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңертең жүгіретіндерге арналған 8 кеңес

Таңертең жүгіретіндерге арналған 8 кеңес

Таңертең жүгіру – жақсы әдет. Бұл дағды адамның бойына қуат беріп, түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Өкінішке қарай, көпшілік таңертең жүгіруге селқос қарайды. Бір бастап, тастап кетіп жататындар жеткілікті. Оның бәрі алдын ала рухани дайындықтың болмауынан. Balbal порталы таңертең жүгіретіндерге арналған кеңестерді топтастырып қойды. Егер сіз «Ертеңнен бастап жүгіремін» дейтін жандардың қатарынан болсаңыз, бұл кеңестер сіздің пайдаңызға жарап қалуы ықтимал.
  1. Көбірек су ішіңіз 
    Жүгіруге шықпас бұрын ұйқыдан ояна сала асықпай отырып 1 кесе су ішіп алыңыз. Киініп, сыртқа шығуға дайын болғада қайтадан судан ұрттаңыз. Өзіңізбен бірге су толы бөтелке ала шығыңыз. Демалып алу үшін тоқтаған бетте 1-2 жұтым жасаңыз. Жүгіріп болғаннан кейін бірнеше стақан, ал, күні бойы 8-10 стақан таза су ішуге тырысыңыз. Кофе, шай, газды сусын адамды шөлдете береді. Осыны ескеріңіз.
  2. Асықпаңыз 
    Жүгіруге алғаш рет шықсаңыз немесе ұзақ уақыт жүгірмей, қайта жүгіре бастасаңыз, бірден алыс қашықтықты еңсеремін деп ойламаңыз. Бастапқыда дене қыздыруға жеткілікті қашықтықты бағындырыңыө. Егер оның өзі қиынға соқса, еш мұңаймаңыз. Ағзаңызды тыңдаңыз. Шаршаған бетте тоқтаңыз. Демалып, қайтадан жүгіріңіз. Уақыт өте келе бойыңыз үйреніп кетеді. Деміңіз, жүрек қағысыңыз қалпына келгенде ғана бұлшық еттерді шынықтыруға кірісуге рұқсат.
  3. Дағдыланыңыз 
    Кез келген дүние дағдыға айналу үшін уақыт қажет. Таңертең ерте тұрып жүгіру оңай шаруа емес. Ол үшін жалқаулықты, енжарлықты жеңе білу керек. Алдымен өз-өзіңізге мотивация тауып, сәт сайын соны еске алып тұрыңыз. Таңғы жүгіру қуаныш сыйлайтын дағдыға айналғанша өзіңізді қинаңыз. Күн сайын жүгіре алмасаңыз да, ең құрығанда аптасына 3-4 рет жүгіріп тұрыңыз. Жүгіруге шыққыңыз келмей тұрған күні досыңызды бірге жүгіруге көндіріңіз.
  4. Мақсат қойыңыз 
    Мотивация туралы сөз қозғап кеттік. Мотивация сәтті болуы үшін адамда мақсат болуы шарт. Мақсат болмаса, мотивация сізді алысқа апармайды. Екі-үш жетіден кейін баяғы қалпыңызға оралып, қалың көрпені құшақтап, ұйқы соғасыз. Марафонға қатысу, марафонның медалін алу, жаздың аяғына қарай бір сағат тоқтамай жүгіре алатындай деңгейге жету дегендей мақсат таңдаңыз.
  5. Дұрыстап киініңіз
    Жүгіруге шықпас бұрын арнайы киім-кешек сатып алыңыз. Арнайы жүгіруге арналған киімнің арзан тұрмайтынын еске салайық. Сол жайтқа дайын болыңыз. Алдын-ала ақша жағын реттеп алыңыз. Бұл да сізге мотивация сияқты әсер етпек. Себебі қымбат спорт киімін сатып алып, жүгірмей қойсаңыз ішіңіз ашитыны белгілі. Әсіресе, аяқ-киімнің бағасы ұшып тұр. Алайда кроссовкиіңіз өте ыңғайлы, сапалы болуы тиіс. Әйел адамдар спортпен айналысуға арналған емшекқап сатып алғандары дұрыс.
  6. Дұрыс тамақтаныңыз  
      Жүгірген сайын жүздеген калориядан арыласыз. Сондықтан дұрыс тамақтаныңыз. Фаст-фудқа , жартылай дайын өнімдерге            жоламаңыз. Спорт диетасын ұстансаңыз, тіпті керемет.
    7. Жеке бастың қауіпсіздігі 
Қала қалың ұйқыда жатқанда жападан жалғыз далада жүгіріп жүрсеңіз, бойыңызды үрей билейтіні түсінікті. Себебі ұры-қары, бұзақы осындай сәттерді шебер пайдаланады. Мұны қорқыту үшін айтып отырғанымыз жоқ. Ескертуіміз деп қабылдаңыз. Белгісіз аймақтарда жалғыз жүгірмеңіз. Үйден шығарда қай жаққа кетіп бара жатқаныңызды, қанша минутта келетініңізді айтып қойыңыз, қағазға жазып кетіңіз. Өзіңізді қорғау үшін бұрышты аэрозоль алып алыңыз. Жалпы, адам көп жүретін жерлерде жүгірген абзал.
   8. Басқа амалды қарастырыңыз 
Күн сайын құр жүгіру сізді жалықтырып жіберсе, басқа амалдарды қарастырыңыз. Мысалы, бүгін жүгірсеңіз, ертең велосипед айдаңыз, ал арғыкүні секіргішпен секіріңіз. Бастысы, шынығуды, өз денсаулығыңызға көңіл бөлуді тоқтатпаңыз.

http://balbal.kz​​​
06 шілде 2021 ж. 698 0