Астананың бүгінгі тірішілігі сан алуан
Арман қуып барған адамға елорданың көз тартар, бас айналдырар зәулім үйлері өзіне ғашық етері сөзсіз. Жоғарыға қараған баланың тақиясы басынан сырғып түсіп, көзі жалт-жұлт еткенде қаланың кереметінен аузыңызға сөз түспей қалады. Нұр-Сұлтанға барған жан әсерімен бөліскенде сізде бас қалаға бас сұққандай күй ғажап күй кешесіз. Бүгінгі мақаламызда тұңғыш президенттің атымен аталатын Нұр-Сұлтан қаласының өткенін емес, бүгінгі бейнесі мен болашағы жайлы сөз етуді жөн көрдік.
Бас қалаға қатысты басты тарихқа қысқаша бір көз жүгіртейік. Қазақстанның жаңа астанасын салу идеясы сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Нұр-Сұлтан ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Жасыл желекке оранған Елорда. Бүгінгі елорда бұрынғыдан өзгерек. Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары қолға алынған. Бір ғана «Астана Опера» театрының аумағына 1000 түп бөртегүл мен 700 емен ағашы отырғызылды. Бұл учаскеде төселген тас ауыстырылып, магистральдық торлар орнатылды, суару жүйесі де қарастырылған. Түнде магистральдық тор арқылы арнайы жарықтандыру қосылады, бұл жасыл аймаққа ерекше көрініс береді. «Астана Опера» аумағындағы абаттандырылатын жердің жалпы ауданы — 3.2 га, сондай-ақ 2 га аумақ көгалдандырылды. Емен аллеясына жайлы демалыс үшін дөңгелек орындықтар да қойылды. Ал ағаштар шуақты күндері демалуға жағдай жасайды. Мұндай абаттандыру жұмысы тек «Астана Опера» аумағында ғана емес, қаланың көп бөлігінде жүріп жатыр. Айта кетейік, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарында елорданы жаппай көгалдандыру қарастырылған. 2015 жылы қала бойынша 19 202 ағаш аудандарға отырғызылған, ал қазір қаладағы ағаштардың жалпы саны 369 мыңнан асады және жыл сайын бұл көрсеткіш өзгеріп отырды. Мәселен, қазір елорда да 9 парк, 4 желекжол, сондай-ақ 90 гүлбақ бар. 2016 жылы елорданың жасыл белдеуін қайта қалпына келтіру мақсатында жасалған жұмыстардың нәтижесінен жасыл белдеу аумағында қоян, түлкі, қарсақ, шіл мен қырғауыл мекендейді.
Әлгі вирус емханалардың көптік етпейтінін ұқтырды. Нұр-Сұлтанда қазір аурухана мен емхананы қосқанда бас аяғы 32 медицина орталығы бар. Ал дәріханалар жиынтығы 50 санын құрайды. Ауырып қалған жағдайда қаланың кез келген нүктесінен өзіңізге жақын емхана не ауруханаға көріне аласыз. Алайда, қызмет ақылы негізде жүзеге асады.
Дені саудың – жаны сау. Спорт – денсаулық кепілі демекші қалада дене шынықтыруға арналған түрлі спорт түрін қамтыған кешендер тұрғындар мен қонақтар үшін қызмет етуге әзір. Жалпы саны 26 кешен болса, 25 секция мен үйірмелер тән саулығының дұрыс қалыптасуына, салауатты өмір салтын ұстануға жәрдемші. Бұл ресми ақпарат легіндегі мемлекеттік кешендер, мұнан бөлек қалада жекешелендірілген түрлі тринажерлық залдардың бары анық.
Білім беру ұйымдары. Нұр-Сұлтанда 98 білім беру орталығы бар. Оның 32-сі қазақ мектебі, 17-сі орыс мектебі, 2-еуі ағылшын, 43-і қазақ-орыс аралас мектебі, 1 қазақ-ағылшын, 1 қазақ, орыс, ағылшын, француз мектебі бар. Сондай-ақ, белді, жоғары дәрежелі 16 ЖОО-дарымен қатар, 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істеуде.
Интелектуалды көлік жүйесі. Бағдаршам. Жол-көлік инфрақұрылымы.
Интеллектуалды көлік жүйесін кез-келген заманауи қаланың логистикасын басқару құрылымының міндетті элементі деп атауға болады. Ол көлік құралдарының есебін автоматты режимде жүргізуге мүмкіндік беріп, алынған деректер негізінде едәуір жүктелген учаскеде басым бағытты өткізу шешімін қабылдайды. Қазіргі астананың келбетіндегі маңызды рөлді қаланың оң мен сол жағалауын байланыстыратын көпірлер, сондай-ақ, теміржол өтпелері мен көлік айрықтары атқарып тұр. Бүгінгі таңда біздің елордамызда 25 көпір, 11 теміржол өтпесі, 8 көлік айрығы, 7 жерасты және 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі бар.
Құрылыс және архитектурасы. Урбанистік сәулеттің объектілері – бұл қаланың келбеті, оның «визит картасы» болып саналады. Қазақстанның астанасы өзінің бірқилы құрылымдарымен – бірегей авторлық әкімшілік, мәдени және тұрғын-үй ғимараттарымен әйгілі. Мәселен, шар тәріздес «ЕХРО» қалашығы, «Хан шатыр», «Назарбаев» университеті, пирамида тәріздес «Бейбітшілік және келісім сарайы» қаланың сұлулығын одан әрі әсемдейді.
Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес, қала аумағы 71014 га, соның ішінде құрылыс жүргізілетін аумақ – 36 235 га, табиғи-ландшафтты аумақ – 34 779 га құрайды.
Бас қаладан орын тепкіңіз келсе сіз үшін барлық жағдай жасалған. Ол үшін тек оң не сол жақ жағалаудың бірін таңдайсыз да, мемлекет ұсынған бағдарламаларға жүгінсеңіз болғаны.
Жастар. Президент 2019 жылды – Жастар жылы деп атағаны баршамыздың есімізде. Оған дейін де жастардың араласуымен түрлі іс-шаралар болатын. Бірақ «Жастар жылы» ресми аталғаннан бері астанада жастардың белсенділігі бұрынғысынан да артқандай.
13-30 жастағы жандарға 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында 27 аула клубындағы үйірмелер мен секцияларға қатысатын тәрбиеленушілер саны – 2800-ден астам. Спорттық секциялар саны – 28, шығармашылық үйірмелер – 23, жалпы аула клубындағы штат саны – 150 адам. Сондай-ақ, тек жастардың кәсіби бағыт-бағдар алу және жұмыспен қамтылуына арналған сайт жұмыс жасайды. 2019 жылдың наурыз айынан бастап әр апта сайын жастарға арналған тренингтер жүргізіледі. Бұл тренингтердың мақсаты – сұхбатқа барған кезде ішкі кедергілерді еңсеруге, өзін-өзі дұрыс ұстауға, өзін дұрыс таныстыруға қол ұшын созады, сондай-ақ кәсіпкерліктің негіздері туралы қосымша білім алады.
Еріктілік (волонтерлік) – бұл басқалардың игілігі үшін төленбейтін ерікті түрде саналы, ауқымды қызмет көрсету болып табылады. Халықтың игілігі үшін сыйақысыз ерікті түрде көрсетілетін қызметтерді ресми түрде ұсыну. Волонтерлер жылы аталмай тұрып та бұл қызмет елімізде дәстүрге айналған қанымызда бар қасиет еді. Кейде ерікті, кейде асарға жатқызатын бұл қызмет түрін қазақ қашанда қайырымдылық, адамгершілік қасиетке балаған. «Астана жастары» еріктілері елордалық жастардың ел дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік беретін мәдени, әлеуметтік, экологиялық, әлеуметтік шараларының барлық түрлерін ұйымдастыруға қатысады. Жастарды тарту және оқыту мақсатында «Астана жастары» еріктілер мектебінің еріктілеріне 3 бағыт бойынша тегін оқытуды ұсынады: әлеуметтік еріктілер, ТЖ еріктілері және халықаралық оқиғалар. Еріктілер жұмысының бағыттары: спорттық еріктілік, әлеуметтік еріктілік, EVENT-еріктілік, ЕСО-еріктілік, ТЖ еріктілік (жаңа бағыт).
Қазіргі уақытта «Астана жастары» КММ-де 300 белсенді еріктілер қалыптасса, барлығы 2500-ге жуық ерікті тіркелген.
Жануарларға қамқорлық. Бас қалада түрлі зоодүкендердің барын айту керек. Мәселен, мұнда 26 зоодүкен жануарларға керектің бәрін қажетіңізге қарай тауып береді.
Мәдениет. Әлемдік қалалардың ұқсастығы бойынша отандық және шетелдік қонақтарға Нұр-Сұлтанды дәріптеу қазіргі заманғы сәулет туындысынан бастап өткен жылдардағы ескі ғимараттарды көрсетуімен бірге қамтылады.
Бүгінде астанада 46 тарихи және мәдени ескерткіш бар, оның ішінде 34 сәулет және қала құрылысы ескерткіші, 12 археологиялық ескерткіш бар. Олардың ішінде 2 ескерткіштің республикалық маңызы бар, 44-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Барлық ескерткіштер бойынша қорғау аумақтары анықталып, мемлекеттің қарамағында және қорғалуында екенін растайтын ақпараттық тақталар орнатылған.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 20 тарихи және мәдениет ескерткіші салт-дәстүрдің тарихи жерлері деп анықталды. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына бірінші 10 ескерткішті ұсынуға болады. Олар: Бозоқ қалашығы, Шұбар қорымы, Сарқырама қорымы , Күйгенжар қорымы, Көктал жалғыз қорғаны, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылым цехының ғимараты (бұрынғы мұсылман мектебі), «Қараөткел» мұсылман зираты, Б.Қосшығұлов мектебі, Константин және Хелен соборы, «Жасыл» мешіт қоршауы. Бұл нысандарды қорғау мен насихаттау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кеңінен жүзеге аспақ.
Тарихи-мәдени ескерткішкерге қарап-ақ елорданың мәдениеті зор екенін байқауға болады. Ал енді осы уақыттың ішінде әлемге танымал қазіргі ескерткіштерге назар аударсақ, Мәңгілік Ел аркасы, Қазақ Елі монументі және ЭКСПО ғылыми қалашығы, Нұр-Астана орталық мешіті, Хазірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорда, Хан Шатыр, Жастар сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Конгресс-Холл, Қуыршақ театры сынды мәдени ошақтар бас қаланың көркін айшықтап, ерекше сұлулыққа бөлейді.
Сонымен қатар, қаланың архитектуралық бет-бейнесіне айналған Қазақ Ұлттық Өнер университеті, Қазақ Ұлттық Хореография академиясы, Астана опера және балет театры, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР ұлттық мұражайы, Қуанышбаев атындағы академиялық муздрама театры, Жастар театры, Тұңғыш Президент атындағы мәдени орталық сықылды мәдени нысандар жеткілікті. Архитектуралық және мәдени ошақты айтқанда бас қаланың жүрегіне айналған Бәйтеректі ұмытпауымыз керек. Бәйтеректің өзі де ұмытылуына жол бермейді. Себебі, күн сияқты архитектурасы және 97 метрлік ұзындығы астананың қай бұрышында тұрсаңызда көз алдыңызда саялы бәйтерек ағашындай көрініп тұрады. Жалпы, Есіл өзенінің оң жақ жағалауы ескілікті, тарихты менмұндаласа, сол жақ жағалауы жаңашылдықты, ерекшелікті, заман өзгерісін аңғартып тұрады.
Сауда және ойын-сауық орталықтары. Хан шатыр, Сарыарқа, Mega Astana, Asia Park, Думан, Керуен, цирк орталықтары сауда мен ойынның ең қызған қызықты мекені болып табылады. Мұнда балаларға да, үлкендерге де көңіл көтеруге барлық жағдай жасалған.
Қорытынды. Бүгінгі Нұр-Сұлтан – асыл тастан тұрғызылған асқақ қала. Ерке Есіл жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда, әлемдегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, тәуелсіздік көрінісінің нышаны. Бас қаланың шаңырағы әлі де шарықтай түспек. Жаңа астананың келешегі толығымен XXI ғасырдың еншісінде. Ал оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жас буындар. Жаңа астана, жас қала деп түрлі теңеу айтамыз ғой, әйтсе де тарихы тереңнен басталатын қаланың бүгінгі жасы 23-ке келді. Сондай-ақ, осы жасқа дейін ОБСЕ, EXPO, Азияда сынды әлемдік жиындар мен жарыстар өткен тарихи сәттерге толы әсем қала.
Ақбота БАЯНБАЙ