Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші Райхан

Жүргізуші Райхан


Орыс тіліндегі шоферді қазақшалап шопыр дедік. Егемендік алғалы жүргізуші деп келеміз. Жүргізушінің ауқымы кең сияқты. Кеме жүргізуші, әрі қарай тік ұшақ, танкі, трактор, комбайн, тепловоз, КАМАЗ деп кете береді. Қазір жеңіл көліктерді ерлер де әйелдер де жүйткітіп жүр. Олардың түрлері де көбейген. Тәуелсіздік алмағанымызда сол баяғы ГАЗ-51, ГАЗ-53, ЗИЛ-130, «Волга», «Жигули» айдап жүре берер ме едік кім білсін? Шет елдердің дамыған техникаларын көріп, көзіміз ашылғандай. Кеңес үкіметі кезінде шофер мамандығын даярлауға аса зор мән берілді.
Ауыр көліктер халық шаруашылығының сан саласында, ауыл шаруашылығының маң даласында қызмет етті. МТС жандарында, СПТУ-да шопырлар даярлайтын арнайы курстар, оқу сыныптары ашылып, оған ауыл жастары молынан тартылды. Ауылдың қыз-жігіттері негізінен механизаторлық пен шопырлық мамандықтарға қабылданатын. Жасыратын несі бар, кешеге дейін мектепті жарытып оқымайтын оқушылар жетінші-сегізінші сыныптан бастап СПТУ-ға, осындай курстарға жөнелтілетін. Әрине, олардың бәрі нәшар оқыды деуден аулақ болсақ та, сабақ үлгірімі төмен оқушылар осы атышулы тізімге ілігетін. Кейін олардың көбісі жоғарғы оқу орындарына түсіп, белгілі азаматтар болып жатты. Арманшыл, намысшыл жастар «өткір кездік қынабында жатпас» дегендей, суырылып шығатын. Заманға өзгеріс жасауға ұмтылатын. Ал, отбасы жағдайларына байланысты ауылда қалғандар барынша қарманып, техника тілін білуге, трактор, автомашина тізгіндеуге тырысты. Сондай азаматтардың бірі – қазіргі ­Алмалы ауылдық округінің 84 жастағы тұрғыны, ауылдың құрметті ақсақалы Райхан Әлтайұлы.
Ашаршылықтан арып-ашыққан, аяғы зобалаң қуғын-сүргінге ұласқан көңілсіз 1937 жылы Сырдария ауданы, «Сұлутөбе» бекетінде дүниеге келген Райхан өзіне неге қыздың атын қойғанын да білмейді. Мүмкін оның ата-анасы ұлының болашақ өмірі райхан гүліндей жайнап, құлпыра берсін деген болар. Қиыншылықта ауыздарына түскені осы шығар. 84 жастағы Рекеңді неменеге шал демедім. Атақты қазақ батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы өз жазбаларының бірінде «Қарияны қасиетіне қарай қазақ қалай атаған?» дей келе, біріншіден, отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпайтын, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатын кісіні «шал» деген. Екіншіден, Бір әулеттің қорғаны, сүйеніші болып, айрандай ұйытып, уықтай тіреп отырған кісіні «қария» деген. Үшіншіден, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, тентегін түзеп, азаматын ардақтап отыратын кісіні «Ақсақал» деген. Төртіншіден, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, даудамайын шешіп, ұрпақ бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді сіңіріп отыратын, әр сөзі құран хадистеріндей қасиетті қадірлі кісіні «Абыз» деп атаған. Бесіншіден, жалпы «шал» деген араб тілінен аударғанда «өлмей әлі жүрсің бе?» дегенді білдіреді екен. Сөздің мағынасын білмей, әкесіндей адамдарды «шал» деп сөйлейтін адамдар сөйлегенде абай болыңыздар – депті. Хас батырдың тоқтамына қалай келіспеске!? Сондай-ақ, үлкен кісілерге ақсақал аты сақалының барлығы мен ағарғандығы үшін емес, жоғарыда айтылған қадір-қасиеттеріне байланысты беріледі екен. Мен «Жеміс-жидек» қазіргі Алмалы ауылының қарапайым жүргізушісі болып қызмет жасаған, өз заманының алдыңғы қатарлы еңбек озаты атанып, жерлестерінің талай алғысын арқалап, совхоз басшылары тарапынан адалдығы, тілалғыштығы, айтқан тапсырманы екі етпей, бұлжытпай орындайтындығы жөніндегі ауыл тұрғындарының жағымды әңгімесін елді мекен ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұхтаровтан талай естіген едім. Еңбек адамы, еңбекшіл, еңбекқор шопыр жайлы жазу – бүгінде қаншалықты қызық. Кеңес заманында төбемізге көтеріп мадақтайтын, мақтайтын механизаторлар, шопандар, шоферлар сағымға айналып, кәсіпкерлер төрге шықты. Бірақ біздер ондай еңбек майталмандарының болғандығын ұрпақтар есіне салып отырудан қашпауымыз керек. Тарих дегеніміздің өзі – өткенді білу. Олар – туған еліміздің өркендеуі мен экономикасының дамуына титтей болса да үлес қосқандар. Олар бүгінгідей «қайтсем бай боламын» деп аласұрған жоқ. «Елден қайтіп жесем» деп жемқорлыққа салынған емес. Ол кездің адамдары адал еңбекке жүгінді. «Еңбек – әлем әміршісі» деген қағиданы ұстанды. Бала-шағаларын уайымсыз таза еңбек ақыларымен асырады. Оқығанын оқытты, нағыз мақауларына мал бақтырды. Барлығы да сайып келгенде күнделікті күнкөріс тіршіліктің әлегі болатын. 1905 жылы туған Райханның әкесі Әлтай Нарымбетұлы «Сұлу төбе» МТС машина-трактор станциясында механик болып қызмет атқарады. 1941 жылы бронды қызметте жүрсе де, өзі сұранып соғысқа аттанған. Сол кеткеннен хабарсыз кетіп, елге қайтып оралмаған. Әкесі Әлтай екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны болғанда Райхан бес жаста екен. Әкеден жастай айырылған Р.Әлтайұлы шешесі Үрипаның тәрбиесінде өсіп, осы жердегі бастауыш мектепті бітіреді. Інісі ­Базарханды туыстарына қалдырып, анасы екеуі нан табудың қамымен жаздай жүріп, қыстық напақасын табу үшін сол кезде кәріс колхозы атанған «Авангард» («Ақмая»), «Ақтоған» (Досбол би) ауылдарына барып жалданып орақ орып, масақ теріп қырманға өткізетін. Болмашы еңбек ақысын алып, реті келсе, күріш, бидайды үгітіп білдірмей қалталарына салып, соны да қанағат етіп қайтатын. Құйттай Райхан анасының алданышы ғана емес, еңбектегі серігі, көмекшісі болып есейеді. «Ақтоғанда» Батырхан деген бригадирдің қарамағында үш ай жұмыс істейді. Үлкен кісілер арбаларға өгіз жегіп беріп, Райхандар сол арбалармен егіс басынан астық тиеп, қырманға жеткізеді. Осы жерде суырып, кептіріп, оншақты арба қаздай тізіліп, Шиелі астық тарату базасына апарып өткізеді. Осылай ойын баласы егіс даласында еңбекпен шыңдала түседі. Одан «Бәйгеқұмға» ағайындарын сағалап келген Райхан Сағымбай деген темір жол бойында мастер болып істейтін ағайынның қарамағында жұмысшы болады. Көп ұзамай шешесінің сіңлісінің күйеуі бұларды өзінің ауылына көшіріп алып кетеді. Бұл бұрынғы КИМ колхозы, қазіргі «Майлытоғай» ауылы болатын. Райхан көкеміз сол жерде жетінші сыныпты бітіріп, баяғы Әлтай әкесі қызмет жасап кеткен МТС-те 1955 жылдың қараша айынан 1956 жылдың наурыз айына дейін оқып, тракторшы мамандығын алып шығады. Мамандық алған бозбала «Майлытоғайдағы» трактор бригадасының бригадирі Мұстап Әжібекұлының иелігіне тракторист болып орналасады. Қайнаған еңбек. Жазда егіс алқабында, қыста МТС-те қарбалас жұмыс. 1957 жылы әскер қатарына шақырылған Р.Әлтайұлы 1959 жылы ел алдындағы борышын өтеп келіп, 1960 жылы жаңадан құрылып жатқан «Жеміс-жидек» совхозына слесарь болып жұмысқа кіріседі. Совхоз директоры Әшім Ыбыраев оны жаңа трактор роліне отырғызады. Бейнеткеш жігітке көзі түскендей. Осылай жүріп жүргізушілік куәлігін алған Р.Әлтайұлы 1963 жылдан бастап автокөлік айдай бастайды. Ол кездің темір тұлпарлары Газ-51, Газ-53, Зил-130, Зил-150 саналатын. Р.Әлтайұлы осылардың бәрін игеріп, ауылының гүлденуі үшін отымен кіріп, күлімен шыққан еңбек адамы. Техника тілін жетік меңгерген қос мамандықтың иесі, тракторшы-жүргізуші. Елгезек, қағылез, тілалғыш Рекең ауыл жұмысынан артылып бара жатса, өзге де шаруашылықтарға көмек беруге жіберілетін. Шопандардың қыстауларына шөп тасу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға көшіп-қону жұмыстарына талай мәрте «Телікөл», «Еңбекші» совхоздарына барғаны әлі есте. «Жеміс-жидек» совхозы гүрілдеп тұрғанда Сайлау Молдашев, Мұхит Исмаилов, Елтай Әбішев, Иманай Шакиров, Алтынбек Ағажановтардай т.б. іскер директорлармен, Әнәпия Әмірәлиев, Әбибулла Айтбаев, Бекмұрат Жақсылықов, Тәліп Қорғанбаев, Мырзабек Сәрсенбаев, Бәйімбет Дүрімбетов, ­Сейтжаппар Кенжебеков т.б. бас инженерлер мен механиктермен жұмыстас болғанын, олардың қамқорлықтарына ырзашылығын білдіріп отырады. Жастық шағынан қалған көршілері Қалия Қалмұратова мен Шомбал Әбдікаримовке деген ризашылығы шексіз.
Қарапайым ауыл жүргізушісінің адал еңбегі бағаланбай қалған жоқ. 1971 жылы халық қалаулысы атанып, Шиелі ауданы, еңбекшілер депутаттарының Иіркөл ауылдық кеңесіне №39 орталық сайлау округынан депутат болып сайланады. Бағы жанып, 1971 жылы СССР Жоғарғы Кеңес президиумының Жарлығымен «За трудовое отличие» медалімен наградталса, Ресей Президентінің 13 мау­сым 2019 жылғы Жарлығымен «75 лет Победы в великой отечественной войне 1941-1945 г.г.» медалімен марапатталады. Бұл қарапайым еңбек адамына, ауыл шопырына көрсетілген зор құрметтің айғағы десек болғандай. Райхан Әлтайұлы мұны енді сезініп отырғандай. Қазіргі жүргізушілердің қолдары жетпес биіктік екенін аңғарғандай. Өмірде шалыс басқан кемшіліктерін ой елегінен өткізіп, аңқылдаған ақсақалдық мінезіне жүгінгендей. Өйткені, аузынан Алласы түспейді. Мұсылманның бар баласы бас иіп, өткені мен бүгінінен кешірім сұрайтын уақыт Райхан көкеміздің көкейіне де ұялағандай. Несі бар? Ардақты ардагер ақсақал болу – әдемі қартая білетін әр қазақ қарияларының мақсаты, арманы. Оған лайықты екеніңді сезіну – бақыт, рахат болса керек. Отбасының берекесі әрқашан ана болып саналады. 1965 жылы «Ақтоған» ауылының аруы Балқияға үйленіп, өмірге 9 ұл-қыз әкеледі. Қарағайдай алты ұл, гүлдей жайнаған үш қызды тәрбиелеп өсіреді. Үй шаруасындағы Балқия «Батыр ана» атанады. Барлығы да қарапайым еңбек адамдары, үй-жайлы болып, түтін түтетіп отырған жайлары бар. Рекең мен Балқия апай екеуі 26 немере, 7 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже екендіктерін мақтаныш тұтады. Қартайған шақтарында кенже ұлдары Қанат пен келіндері Гүлзаттың бала-шағаларын бағып, тату-тәтті өмір кешуде. Ауылдық жерлерде ерен еңбектерімен елге танылған Рекеңдей ағаларымыз бен апаларымыз қаншама? Солардың бірі – жүргізуші Райхан Әлтайұлы туралы жазсам дедім. «Еңбекпенен ел көгерер...» деген осы шығар.

Өркен Исмаил,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
03 шілде 2021 ж. 360 0