Жұртқа жақын полиция
23 маусым – Қазақстан Республикасының полициясы күні қарсаңында Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Дәулет Сүлейменұлы, полиция қызметінің басты міндеті – азаматтардың тыныштығы. Бұл тәртіп сақшыларынан қырағылықты талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру және учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заңнамалық тәртіпте арттыру бойынша құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, ішкі істер саласын реформалау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Тапсырманың орындалуы қалай?
– Дұрыс айтасыз. Бірінші кезекте учаскелік инспекторларынан бастағаныңыз да орынды. Президент Қ.Тоқаев елмен, халықпен бірге жұмыс істейтін осы салаға айрықша мән беріп, біздің назарымызды соған аударып отыр. Әр елді мекендердегі учаскелік инспекторлардың атқарған жұмыстары арқылы бүкіл полиция бөлімінің жұмысы бағаланып жатады. Олар тәуір жұмыс істесе, халық тұратын ауылдар да, өңірлер де тыныш болады. Халыққа жақын болу, жақындай түсу – тәртіп сақшыларының міндеті. Учаскелік инспекторлар өз аймақтарында қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алады. Арнайы есепте тұрған жасөспірімдер, маскүнемдер, нашақорлар, уытқұмарлар, сонымен қатар бұрын сотты болғандар тарапынан болатын қылмыстың да алдын алып отырады. Өз елді мекенінде қылмыстық ахуалдың барлығына, жұртқа ұйқы бермейтін, үнемі айқай-шу шығарып жүретін тынышсыз көршілерден, бейсауат жастардан бастап мал ұрлығына т.б. ауыр қылмыстарға дейін жауап береді. Қылмыстың түрі көп, соның барлығына жауапты. Кім сапалы, саналы жұмыс істейді, сол жерде қылмыс атымен болмайды. Оған бір мысал, жуырда Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Қызылорда облысына жұмыс сапармен келіп, облыстық полиция департаментінде тәртіп сақшыларымен жиналыс өткізіп, тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Негізгі міндет – полиция қызметкерлерінің сапалы қызметіне, олардың өмірлік имиджіне, халықпен етене жақын болуларына, қылмыстың алдын алуға, барынша сақ жүруге, әділетті болуға тоқталды. Ең қуаныштысы – осы салтанатты жиынның марапаттау сәтінде Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Тоқтарбай Дулатовтың кеудесіне республика ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін өз қолымен қадауы болды. Қалай қуанбасқа? Еңсеміз көтеріліп қалды. Бұл ауылдық округте соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс орын алмаған. Сондай-ақ, «Жиделіарық» ішімдік сатылмайтын ауыл атанып отыр. Аудандағы 22 ауылдық округтер үйренетін үрдіс осы ауылдан шықты. Біз бұл үрдісті жалғастыра беруіміз керек, қолдан келетін іс. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек» депті. Ынтымағы жарасқан ұжымнан осындай нәтижелі бастамалардың шығуы – заңдылық.
Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын бұлжытпай орындап келеді. Жергілікті полицияны реформалау кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қылмыстық процестің үшбуынды моделі жүзеге ендірілді.
Полиция – қылмысты және оған қатысты адамдарды анықтайды, дәлелдерді жинақтап, бекітеді. Прокуратура сол дәлелдемелерге баға береді, азаматтардың құқықтарын бұзудың жолын кеседі, сотта айыптауды қолдайды. Ал сот болса, органдардың іс-әрекеттеріне шағымдарды қарайды және түбегейлі шешім қабылдайды. Сонымен қатар, жаңа жағдайда тиімді жұмыс істеу үшін техникалық жабдықтауды жетілдіру, заманауи цифрлық ресурстарды енгізу, адамдар көп жиналатын орындарда модуль үлгісіндегі стационарлық бекеттер орнату, кәмелетке толмағандарды құқықтық қорғау, балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтың алдын алу. Жол апаттарын болдырмау мақсатында көше бойларына бейнебақылау жүйелерін орналастыру. Елімізде мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оларды жедел дабыл қағу жүйелерімен жарақтандыру т.б. Мұның бәрі, әрине, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқаратын ұлан-ғайыр жұмыс. Солардың қолдауы, көмегі арқасында қол жетер мүмкіндік. Сондықтан полиция қызметкерлерінің жұмысына берілетін оң баға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға негізделген барлық тірліктеріміздің тиімділігін арттыруға серпін береді. Сосын айтпасқа болмас, полицияда жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес өз қатарындағы (жеке құрам арасында) заңдылықты сақтау, тәртіп бұзушылықты жою және мемлекеттік қызметке кір келтіретін кез келген іс-қимылдың жолын кесу жөніндегі жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырып жатқанын да атап өтуіміз қажет. Қатаң талап жемісін беруде.
Полицейлердің парақорлық деректері екі есеге, сыбайлас жемқорлық, қылмыстық құқық бұзушылықтар үштен бірге азайған, өткен жылмен салыстырғанда. Бұл жұмыс халықтың сенім деңгейін арттыру және азаматтардың, жергілікті тұрғындардың полицияға деген сенімін жақсарту үшін жалғаса беретін болады деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасы, полицияға белгілі бір жауапкершілік артады. Осыған орай заңсыз көші-қонмен, интернет алаяқтықпен, мал ұрлығымен, синтетикалық есірткілерді таратумен, есірткі шөптерін егумен байланысты мәселелердің барлығы бақылауда. Мал ұрлығы демекші, қазір ұрлық жасаған адам барлық мүлкінен айырылып, істің мән-жайына байланысты 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын алады. Аудан көлемінде жаяу патрульдеу күшейтілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, аудандағы қалыптасқан қылмыстық ахуал тұрақтанды. Тәртіп сақшыларының жауапкершілігі артып, жүктелген жүк-міндеттерін атқаруға жаппай кірісіп кетті.
– Қанша дегенмен полицияны қылмыскерлер, сотталып келгендер ғана емес, кейбіреулердің де жақтыра бермейтіні белгілі, бірақ өзіңіз айтқандай көптеген реформалар жасалып жатқанын білдік. Атқарылып жатқан жұмыстардан көпшілік те хабардар болса, ашықтық қашықтықты жақындата түсетін секілді. Солай десек бола ма?
– Біз енді жұрт жақтырмайды екен деп, қызметімізге салғырт қарауға құқымыз жоқ. Соңғы жылдары халық сенімінен шығып жатқанымыз, полицияны қолдаушылардың пайызын артырары сөзсіз. Аудандық полиция бөлімі ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуда. Полиция қызметкерлері күндіз-түні аянбай еңбек етуде. Мен полиция бөлімінің 5 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарына тоқталғанды жөн санадым.
Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі есепті мерзімде – 15,5 пайызға, яғни 16 іске төмендеген (103-тен 87-ге). Жыл басынан тіркелген қылмыстың 50,6 пайызын ұрлық, 13,8 пайызын алаяқтық қылмыстары құраса, қалғандарын өзге санаттағы қылмыстар құраған. Ішкі істер органдарының қылмыспен күресте басым бағыттарының бірі – қылмыстарды ізін суытпай кезекші тәулікте ашу және қылмыстың алдын алу профилактикасы болып табылады. Есепті мерзімде тіркелген жұмыстың кезекші тәулікте ашылуы 60,8 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өскен (2020 жылы – 55,4 пайыз болған). Тіркелген қылмыстардың 50,6 пайызын ұрлық қылмыстары құрағандықтан, профилактикалық жұмыстың негізгі басым бөлігі осы бағытта атқарылды. Ішкі істер министрлігімен әзірленген «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде, аудан әкімімен бекітілген кешенді іс-шаралар жоспары бойынша тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді. Қалыптасқан қылмыстық ахуал күнделікті талданып, сәйкесінше полицияның барлық күш құралдары қылмыстардың жиі орын алатын аймақтарына шоғырландырылуда. Сондай-ақ аудан көлемінде криминогендік ахуалды сауықтыру бағытында 5 айда жекелеген қылмыс түрлерінің алдын алуға байланысты 3 мәрте «Мал ұрлаушы», 2 мәрте «Пәтер», 1 реттен «Қару ұрлығы» мен «Соғым» жедел профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, ҚР ІІМ-нің «Мүлікті қорғау» жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының» талаптарын орындау мақсатында, сонымен қатар осы жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында республика бойынша өткізіліп жатқан «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасына бөлім қызметкерлерінен арнайы топтар құрылып, аталған топтармен ұрлық және есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарының алдын алу бағытында тәулік бойы рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Іс-шара барысында қызметкерлермен шалғай жерлердегі барлығы 87 малшы ауылдары (фазендалар) тексеріліп, олардың егелері, мал саны, мал бағатын жалдамалы жұмысшылары, автокөлік түрлері және сақтаудағы қарулары (мылтық) нақтыланды. Рейдтік іс-шара нәтижесінде заңсыз балық аулаудың 10 дерегі, ішкі істер органдарына тіркелмеген атыс қаруын сақтаудың 16 дерегі және есірткі затына қатысты 4 қылмыстық құқық бұзушылықтар анықталды. Есепті мерзімде бөтен мүлік ұрлығы қылмысының тіркелуі 23,2 пайызға (56-дан 43-ке), мал ұрлығы 46,4 пайызға (28-ден 15-ке), тонау 100,0 пайызға (3-тен 0-ге), және қару ұрлығы қылмысы 100,0 пайызға (0-ден 1-ге) төмендеді. Кент орталығында 4 бағытта (кент орталығы – 2, теріскей бет – «Шанхай» және «Көкшоқы» елді мекені) әкімшілік аймағы бойынша 10 учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полицияның 4 қызметкері екі аусымда қызмет атқаруда. Кент орталығында жаңадан бой көтерген «Бәйтерек», «Ақорда», «Береке», «Шұғыла» «Арай» мөлтек аудандары полицияның күш-құралдарымен жабдықталмағанын айтуымыз керек. Сол себепті аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері аудан орталығында халықтың жаппай демалатын ойын-сауық және көңіл көтеру орындарына, сонымен қатар «Бәйгеқұм» елді мекеніндегі «Ханқожа» көліне, жақын орналасқан елді-мекендердің учаскелік полиция инспекторлары мен бөлім қызметкерлері толығымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылуда. Нәтижесінде, осы 5 айда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 31,8 пайызға (22-ден 15-ке), көшелерде жасалған қылмыстар 23,1 пайызға (13-тен 10-ға), бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар 19,0 пайызға (21-ден 17-ге) және мас күйінде жасалған қылмыстар 9,1 пайызға (11-ден 10-ға) төмендеді. Полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінде азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдауға арналған «102» арнасы және сенім телефоны тәулік бойына жұмыс жасайды. Полиция қызметкерлері оқиға орнына уақытылы барып қызмет атқаруы бір жүйеге қойылған. Осының арқасында аудан тұрғындарынан арыз-шағымдардың түсуі азайды. Аудан көлемінде 10 (2020 ж -1) жол көлік оқиғасы орын алып, жол апаттарынан 19 азамат әртүрлі дене жарақаттарын алса (2020 ж -14), 1 азамат қайтыс болды (2020 ж -0). Жол көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында жыл басынан түрлі профилактикалық бағытта «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Жалған мемлекеттік белгі», «Такси», «Автобус», «Мас жүргізуші», «Абайлаңыз, балалар» жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бағытында барлығы 1333 (2020 жылы 1124) құқық бұзушылық анықталса, оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 282 дерегі, ұсақ бұзақылық немесе қоғамдық орындарды ластаудың 101 дерегі, түнгі тыныштықты бұзудың 19 дерегі, белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 14 дерегі, кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз түн мезгілінде жүрудің 291 дерегі, олардың белгіленбеген уақыттарда ойын-сауық орындарына жол берудің 2 дерегі анықталып, әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар жол апаттылығына тікелей әсер ететін, автокөлікті алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйде басқарған 36 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, Шиелі аудандық сотының қаулысымен әрқайсысы 15 тәуілікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айрылды. Аудан бойынша кезекші бөліммен бақыланатын кент орталығындағы көше қиылыстарында 31 бейнебақылау камералары орнатылды. Осы бейнебақылау камераларының көмегімен 156 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. (Жол жүру ережесін бұзу – 122, қоғамдық қауіпсіздігін бұзу – 34.) Есепті мерзімде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 100,0 пайызға (3-ден 0-ге) төмендеді. Жасөспірімдермен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу бағытында «Жасөспірім», «Студент», «Балалар түнгі қалада» «Абайлаңыз, балалар» атты жедел профилактикалық шаралар өткізілді. Аудан орталығында – 4, елді мекендерде – 18 учаскелік полиция пункттері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ полиция ғимаратының ерекше күзетілетін объекті болғандығы да азаматтардың полиция ғимараттарына кедергісіз емін-еркін кіріп, жүгінген сұрақтарының тез шешілуіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты, ішкі істер министрлігімен халыққа қолжетімді болып, арадағы кедергіні жою мақсатында, аудандық полиция ғимараттарында «Фронт офистер» ашылып, халыққа барынша жақындап жылдам қызмет көрсетілуде. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында «Электрондық қылмыстың іс жүйесі» енгізіліп, электронды форматта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге мүмкіндігі бар 16-компьютермен жабдықталып, осы форматта жалпы 64 қылмыстық іс тіркеліп (2020 ж -51), оның 28 ісі сотқа жолданды (2020 ж -20). Бұл тиімді жоба уақыт үнемдейді, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Осындай электронды пайдалану пилоттық жобасын іске асыру мақсатында, патрульдік полиция қызметкерлері 23 дана электронды планшеттермен қамтамасыз етілді. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берілген жоқ. Полиция қызметкерлерінің имиджін жақсартуға бағытталған ішкі істер органдарының қызметі туралы жағымды материалдар әлеуметтік желілерге үнемі салынып отырады.
– Елдігіміз айқындалған 1992 жылдың 23 маусымында Елбасы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заңды қабылдау Жарлығына қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан полициясы құрылды. 2018 жылдан бастап ішкі істер бөлімдері полиция бөлімдері болып аталды. Төл мереке жылда аудандық мәдениет үйінде дүрілдеп өтіп, соңынан полицияның «Жалын» ансамблі концерт қойып, жұрт арқа-жарқа болып қалатын. Соңғы жылдары бұл үрдіс байқалмайды.
– Өте орынды. Біз халықпен байланысты үзбеуіміз керек. Мына пандемия көптеген атқарар істерімізге тосқауыл болуда. «Жалын» ансамблі орнында, жасарған ұжым кез-келген концертке даяр. Біз бөлімнің жеке құрамымен де, ардагерлерімен де идеологиялық бағыттағы жұмысымызды бәсеңдеткен жоқпыз. Жаман індеттің кесірінен көпшілікпен бас қоса алмаудамыз. Біздің жұмысымызға ақыл-кеңестерін беріп отыратын ардагерлеріміз С.Қуатбаев, О.Шығанбаев, Б.Қаппаров, Ә.Алдияров, Е.Бекпенбетов, Б.Ахметов, Р.Мұхтаров, Б.Шәкірбекұлылар т.б. үнемі тәлімгерлік танытып келеді. Оларға зор денсаулық тілейміз. Жоғарыда көрсетілген қызметіміздегі жетістіктерге өз үлестерін қосқан бөлімнің криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ғ.Мамбетов, жедел уәкіл, полиция майоры Е.Исмаилов, көші-қон бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Н.Асылбекова, тергеуші, полиция капитаны Ш.Жеңсікбаев, УПИ-ры, полиция майоры Т.Дулатов, КТІЖ УПИ-ры, полиция капитандары Д.Болатов, Д.Әзімхан, Ж.Сейітжан, Ф.Досболова, КБ-нің инспекторы, полиция майоры А.Балтаев, әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Б.Амангелдіұлы, УҰИ-ның жүргізушісі, полиция аға сержанты Н.Қаржаубаевтардың жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Тәртіп сақшылары әрқашан жұртпен бірге.
– Әңгімеңізге рақмет. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!
– Аллаға шүкір, жұмыла көтерген жүк жеңіл.
Сұхбаттасқан
Өркен Исмаил, ҚР Журналистер одағының мүшесі