Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқамын

Қорқамын

– Ассалаумағалейкум, бауырым!
– Уағалейкумассалам, молдеке!
– Неге бұл үйге соншалықты назар салып қарап отырсың? Әлде, осы үйді сатып алғың келіп жүр ме? Сыртынан қарасаң қызығатындай-ақ үй екен.
– Өзімнің үйім ғой, молдеке.
– Аа, құрылыс жүргізгелі жатырсың ба? Иә, құрылыс жүргізер алдында барлығымыз осындай ойға салынамыз. Сенікі дұрыс-ақ екен. «Тоғыз рет өлшеп, бір рет пішкен» жөн, әрине.
– Құрылыс жүргізу жоспарымда жоқ. Жай үйге кіруге қорқып отырмын.
– Әй, жүзіңе қарасам қорқатын жастан өтіп кеткенсің. Жүзің бұзақыға да ұқсамайды. Әлде, бірдеңе бүлдірдің бе? Кімнен қорқып отырсың?
– Анамнан.
– Ее, анадан асқан мейірімді жан бар ма жер бетінде? Саналы адам баласын былай қойғанда, аналық қасиетті санасыз жануарлардан кездестіргенде «Алланың құдыретіне шек бар ма?» дейсің ішіңнен. Сиырдың өзін қанша саусаңда бұзауыма деп сүт алып қалады емес пе? Аяушылық қасиеті жоқ қолтырауын да мейірімді болатынын естіген бе едің? Қолтырауын балалы болғанда басқа жыртқыштардан сақтау үшін балаларын аузында сақтайды екен. Сол кезде қолтырауын ешкімге зиян тигізбейді. Қу қарынның қамын ойласа, балаларына соншалықты жаны ашып, аштыққа көндігер ме еді. Үнемі жаз болмайтын Антарктиданың өзінде пенгвиндер болашақ ұрпақтың қамы үшін қырық градус аязда тапжылмай, айлап жұмыртқа басып шығарады емес пе? Оның қасында әйел ананың қасиетін, мейірімділігі мен баласына деген махаббатын, қамқорлығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сен не бүлдірсең де ана жүрек кешіреді. Себебі, бала ананың үлкен нығметі. Ал, енді айтшы, нені дұрыс жасамадың? Неден қорқып отырсың?
– Анам қартайып бара жатыр.
– Тоқта, тоқта. Сен сонда қартайған анаңды күтіп-бағуға қорқып отырсың ба? Сен, оңбаған «Аспаннан салбырап түскендердің» қатарынан болып тұрсың ғой. Әй, әлгі анасын қарттар үйіне өткізетіндердің қатарынан. Мен байғұс саған жаным ашып отырса, сен... Айтпады деме, оңбай кетесің. Тыңда, Ибн Аббас риуаят еткен хадис­те Алланың расулы болған қазіретті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар айтты: «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бой ұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бой ұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам тұрып айтыпты: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Иә, зұлымдық жасаса да» деп үш мәрте қайталады. Әй, сен... сен өзі қолыңда бар алтынның қадірін білмей тұрсың ғой.
– Олай емес.
– Анаңды танымаймын. Көрген де емеспін. Бірақ, өзі жемей бар тәттіні саған бергенін анық білемін. Өзі жыртық киім кисе де, бар жақсыны саған кигізгеніне сенімдімін. Қатарыңнан кем қылмас үшін қанша тер төккені де көз алдыма келіп жатыр. Ал, сен болсаң...
– Молдеке-е-е, сіз түсінбедіңіз.
– Нені? Анаңды қалай алдап, қарттар үйіне өткізе алмай отырғаныңды ма?
– Жоқ, мен үйге кіруге қорқып отырмын. Қартайған анамның жүзіне қарауға қорқып отырмын. Күннен-күнге қалыңдаған әжімнен қорқып отырмын. Жүріп-тұруына себепші болған ағаштан қорқып отырмын. Күннен күнге анам менен алшақтап кетіп бара жатқандай, молдеке. Анам қартайып барады. Ал, ал менің қолымнан ештеңе келер емес. Жас болмасам да анама еркелей алмай қаламын ба, күлімдеген жүзін көре алмай қаламын ба деген ой санамнан кетер емес. Ол менің жұмағым емес пе, молдеке?
– Е-е. Иә, бұл кез келген ата-анасы бар жандардың қорқынышы ғой. Сен үйіңе кір, анаңның қасында бол. Қасында болғаның – сенің жасаған ең үлкен жақсылығың. Өйткені, ол кісілер сен үшін өмір сүрді емес пе? Сенің қуанышың, анаңның қуанышы. Еңсеңді түсірме, анаңа қызмет ет.

P.S. Қамшының сабындай қысқа бұл фәни өмірде кім мәңгілік дейсіз. Бәріміз жолаушы болғанымызбен кейде оны-мұны естен шығарып жатамыз. Қу дүниенің соңында жүріп, отбасын екінші орынға қоятын кездер де болады. Ғалымдардың зерттеуінше, жан тапсырар алдында ер адамның басым көпшілігі «Неге отбасымның қасында көп уақыт өткізбедім?» деп өкінеді екен. Сондықтан есікті Әзірейіл қақпай тұрғанда қолда бар бақытты бағалай білейік. Қимас аналарымыздың қасында болып, қуаныш сыйлайық.

Әзірлеген Ерұлан ДАТКЕНОВ
05 маусым 2021 ж. 300 0