1 минут үнсіздік
Осы сөзді мектеп кезінде, есейгенде де талай естідік. Қайғылы оқиға бола қалса, тарихтағы қасіретті датаны өткеріп жатсақ, солай түнеріп, үнсіздікпен бастаймыз. Неге?! Үнсіз минуттың тарихы қашан, қайдан басталады өзі?
Тап басып, мынау жылдан, мынадай елден бастау алады деген бір дерек жоқ. Тек болжамдар ғана бар. Соның бір нұсқасы бүй дейді: бұл дәстүр теңізшілерден шыққан екен. Сүйенер дәлелі мынадай: күн сайын, кешкі 21:00-дің соңғы минуттарында бүкіл кемелер өзара сөйлесуді доғарып, бір минутқа эфирде тыныштық сақтайды. Осы аралықта қиындыққа тап болған, яки кемесі суға кеткендердің SOS сигналдарын тыңдауға болады. Ешкімнің жәрдем сигналын естімегеннің өзінде, тірілер бір минут эфирді бос қалдыру арқылы өлгендердің «сөйлеуіне» мүмкіндік береді-мыс. Яғни, тып-тыныш тұру арқылы, ойымызда «олар» жайлы небір естеліктерді жаңғыртамыз. Бір минут үнсіздік ғұрпы осыдан шыққан дейді. Екінші бір дерек бар. Үнсіздік минуты жаңа құрлық «Америкадан» басталады дейді. Ол былай. Америкаға қоныс аударғандардың ішінде христиандықтың түрлі ағымын ұстанатындар көп еді. Бірі католик, енді бірі мормон. Тағы біреуі кверк дегендей. Жаңа жерге енді келіп жеткендер бірнеше ағымның өкілдері болғанымен де, той-томалақ, өлім-жітімде бірге болуға тырысты. «Кемедегенің жаны бір» деген бар емес пе?! Ал араларынан бір кісі қайтыс болды делік. Жаназасы қалай шығарылмақ? «Біздің дініміз бойынша былай жасалу керекке» салса, екінші тарап келіспейді. Екіншінің еркіне салсаң, үшінші біреуі қарсы шығады. Қысқасы, жаңа материкте діни жанжал тудырудан аулақ болғысы келгендер – жерлеу кезінде осы «үнсіздік сәтін» ойлап табады. Яғни, бәрі бірдей тынышталғанда, әркім іштей өз тілінде, өз дәстүр-дініне сай тілек-дұға оқу ұсынылған. Екі нұсқаны қарап шықтық. Екеуі де, батыстан шыққан, бастауы христиандық дініне барып тіреледі екен. Таңырқаудың қажеті жоқ. Себебі христиан қауымының бір сипаты – үнсіздік. Әрі үнсіз минут дәстүрін бүкіл Еуропа, Американың жатсынбай қабылдауының бір сыры осында болса керек.
Дайындаған Рамазан ӘНӘПИЯ