Туған жердің жанашыр азаматы
Өзгелерге ұқсамайтын ерекше адамдар жайлы сөз еткенде сіздің де көңіліңіз елең ететін шығар? Туған жердің бір уыс топырағын байлыққа балайтын, Шырайлы өлкенің өсіп-өркендеуін қалайтын жандар туралы толғамау мүмкін емес. Кейде сондай жандардың сүріп жүрген өмірі, тіпті тыныстаған ауасына дейін басқа сияқты көрінеді. Бір таңырқайтыным, осындай болмысы бөлек тұлғаларды құдайдың өзі тіршілік ортасына топ еткізіп жаратқандай болады. Оларды кең парасатты, ақ жарқын, үлкен жүректі аналар арқылы дүбірлеген дүниеге сыйға берері хақ. Сөзіме тиек болып отырған бітімі бөлек, болмысы ерек жан – Болат Палымбет жайлы оймақтай ойыммен бөліскім келеді.
Қасиетті Шиелінің қойнауында 1961 жылы 28 шілде де Болат Әбілқасымұлы дүниеге келді. Ол №1 балабақшаға барып, тәрбиешілердің алдынан өтеді. 1968 жылы №46 А.С.Пушкин атындағы мектепке бірінші сыныпқа қабылданды. Алғаш ұстазы Людмила Александровна төртінші сыныпқа дейін жетекшілік етсе, оныншы сыныпқа дейін математик Марья Андроновна сынып жетекшісі болды. Жанарынан білімге деген құштарлығы байқалатын зерек баланы мектеп мұғалімдері өте жақсы көрді. Жаңашылдықтың жаршысы екендігіне тағы бір дәлел сол кездері сирек кездесетін мамандықтың иесі информатик болғаны. Ойға жүйрік, зерделі ақыл-ойымен мектеп қабырғасында жүргенде математика, физика пәндерінен олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанып жүрді.
Болат Палымбет өз сөзінде: «Күні кеше ғана осы мектеп партасында отырған оқушылар едік. Ұстаздардың тәлім-тәрбиесі, жарқын жүздері әлі есімде. Олар бізге білім беріп қана қоймай, адамдармен дұрыс қарым-қатынасты орнатуды, әртүрлі өмірлік ұстанымдарды үйретті» – деп, тамсана айтады. Мектеп мақтанышына айналған Болат Әбілқасымұлы 1978 жылы мектепті бітірген соң, КСХТ (казсельхозтехника) мекемесінде бір жыл слесарь болып жұмыс істеді. Асқақ арманы Алматыға жетелеп, политехникалық институттың автоматика және есептеу техникасы факультетіне түседі. Еуразия нарық институтын тәмамдады. 1984 жылы аталмыш институтты бітіріп, Алматыда мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Болат Әбілқасымұлының атқарған қызметтерінен еңбектенуге ерінбейтін ер екеніне де көз жеткізесіз. Ол қарапайым кәсіпті де, әртүрлі мемлекеттік қызметтерді де абыройлы атқарып келеді.
1990-1991 жылдары «Қайсар» өндірістік кешені төрағасының орынбасары, республикалық жүйелі зерттеулер орталығы қолданбалы зерттеулер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Одан әрі 1991-1992 жылдары «Жастар» жастар қоры кеңесінің төрағасы, «Олжа» шағын кәсіпорны директорының орынбасары, 1992-1993 жылдары Алматы қалалық жастар ісі комитеті экономика бөлімінің меңгерушісі, «Астана-Полис» сақтандыру фирмасының директоры, 1993-1997 жылдары «Астана-Инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының басқарушысы, 1997-1998 жылдары «Астана-Холдинг» Корпорациясы» ЖАҚ-ның президенті, бақылау кеңесінің төрағасы сынды лауазым баспалдақтарынан өтті. Ал, 1998-1999 жылдары «Қазақстан халықтық жинақ банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, 1999-2001 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2001-2002 жылдары Қ.Р Экономика және сауда вице-министрі, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директорының орынбасары, бас директоры, «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының бірінші орынбасары болды. Сан түрлі салада сыналған білікті маман 2002-2006 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2006 жылы Қ.Р Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, 2007 жылы «Меркурий» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2007-2010 жылдары «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы, 2010-2011 жылдары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарушы директоры, «ҚазПетроМаш» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қазір «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымының кандидаты.
Еселі еңбек қашан да еленеді. Отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, қай істің болса да иірімін келтірер Болат Әбілқасымұлы «Құрмет», 3-дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған. Жігітке жеті өнер де аз. 2001 жылы жарық көрген «Эффективность управления экономикой региона (на примере Атырауской области)» кітабының авторы.
Бедел биігінен көрінген туған жердің түлегі қарапайым болмысынан танған емес. Өзі білім алған №46 А.С.Пушкин мектебіне мультимедиялық кабинетті жабдықтап, жаңа үлгідегі компьютерлермен қамтамасыз етті. Бұл жасаған демеушілігі білім алып жүрген оқушылар үшін керемет сый болды. Қайда жүрсе де алтын ұя мектебін ұмытпайтын Болат Әбілқасымұлы «Менің қандай да жеткен жетістіктерім ата-анамның берген тәрбиесі мен мектебімнен алған білімнің нәтижесі. Өзімді оқытқан ұстаздарыма бас иіп, рақметімді айтамын. Алтын ұя мектебімнің 70 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Шежірелі Шиелі жерінен көптеген ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдарының шығуына Пушкин мектебінің де зор үлесі бар. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт және еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін» деп ақжарма лебізін білдірумен келеді.
Қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, адамдармен тез тіл табыса білетін қасиетінің, еңбекқорлығының арқасында жетті. Баршаға абыройлы, өзіндік қайталанбас орны бар азамат. Қызметін адал атқаратын еңбекқор адамды кім жақсы көрмейді дейсің?! Болат Әбілқасымұлымен №46 А.С.Пушкин атындағы мектептің түлегі ретінде де, адами болмысымен де мақтанамыз. Өмір баспалдақтарында батыл жүріп өткен жолдары, алқынбай асып өткен асулары мектеп оқушылары үшін берер бағдаршам, шамшырақ шуағы. Ел-жұртының ілтипатына бөленген Болат Әбілқасымұлының бойындағы адамгершілігі мен мәдениеттілігі, ой-өрісі мен қайраткерлігі, елі үшін еткен еселі еңбегі бүгінгі және келешек жастар үшін өнегелі де өрісті жол болмақ.
А.Каракеева,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицей директоры
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицей директоры