Ұрпақ неге ұсақталып барады?
Ежелден ер кісінің алдынан кесіп өтпеген апа-әпкелеріміздің өнегесі қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан сияқты ма, қалай? Себебі, қоғамда ер кісімен ұрысып, сөз таластыратын әйел затын жиі кездестіреміз. кешегі ақжаулықты аналарымыз ер азаматтарға сыпайы сөйлейтін. Жеті жасар ер баланың алдын кеспеген халықпыз. Сол кездегі сыйластықты көріп өскендіктен, әдепсіз әйелдерді көргенде бойыңда біртүрлі үрей пайда болады.
Отбасы жылуының әлсіреп бара жатқаны көңіл алаңдатады. Мүмкін, кінә жігіттерден де бар шығар? Неге десеңіз, әйелінің сөзінен аса алмайтын, әйелінің ығына көне кететіндерді көп көреміз. Бұл тақырыпта «Әзіл әлемі» театрының жігіттері жиі сөз қағытып, әзіл ретінде қоғамдағы шындықты айтып жатқаны біздің жастарды және қаркөз қыздарымызды ойландыра ала ма екен?
– Жалпы, үлкен кісіге айқайлаған дұрыс емес, әрине. Жастар жас шыбық қой, оны қалай тәрбиелесең солай өсе береді. Бір жағына қарай қисайтып қойсаң, қисық өседі. Біз күйбең тіршіліктің соңында жүріп, отбасы құндылығын шетке ысырып қоямыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Жастарымыз сонау бабаларымыздан келе жатқан асыл сөздерімізді қаперде сақтап өссе, біздің кей өскелең ұрпақ бұлай майдаланып үлкендермен сөз таластырмас еді. Қазір қай үйге барсаңыз да дастарқан басында ата-анасынан бастап, еңбектеген балаға дейін телефонға телміріп отырады. Бұл ата-ананың басты қателігі. «Балық басынан шіриді» демекші, балаға берген тәрбиеміз телефонға телміріп отырғаннан басқа айтарлықтай оң тәрбие беріп жатқанымыз жоқ. Бұрын ата-анамыз бір жас кіші болса да, оны үлкен деп сыйлаңдар. Қарсы сөз айтпаңдар деп ақыл айтып отыратын, – дейді Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Абдрахманов.
Күні кеше қоғамдық көлікте өрімдей жас қыздың егде ақсақалмен сөз таластырып тұрғанының куәсі болдым. «Үлкен кісімен сөз таластырғаны қалай?» деп іштей ой сараладым. Әлгіндегі дауыс үдеп бара жатты. Қарияның жанына барып, өз орнына отыруын өтіндім. Соңымыздан айқайлап, жас қызда қалар емес. Орнынан атқып тұрып, ақсақалдың жанына келіп, «Жасыңның үлкендігі маған міндет пе?» демесі бар ма?! Бойжеткеннің сөзіне қоғамдық көліктегі ер азаматтардың бәрі даурығып кетті. «Әй, қарағым, сен өзі әкеңнің тәлім-тәрбиесін алған адамсың ба?» – деді ақсақал.
«Мен әкемнің тәрбиесі тұрмақ, өзін де көрген емеспін және оның тәрбиесіне мұқтаж емеспін», деді де кері бұрылып қоғамдық көліктен түсіп қалды.
«Біз де жас болғанбыз, бірақ жауымыз болса да мынадай ауыр сөз айтпақ түгілі ойламадық та ғой. Сендер де ертең қартаясыңдар, қазіргі ұрпақ осылай сөйлейтін болса, сендердің замандарыңдағы жастар сендерді қалай сыйламақ?» деп күрсінді ақсақал.
P.S.Расында, ауылда үлкендердің тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Сондағы апаларымыз жас баланың жолын кеспейтін. Міне, ер адамға деген бірінші құрметтің белгісі. Қазіргі таңда, ауылдық жерлерде бұл үрдісті жиі кездестіруге болады. Тәрбие – тал бесіктен демекші, баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі. Қазақ – сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Осындай текті ұрпақтан тараған біз, қалайша ұсақталып барамыз. Тектілікті түлетіп, тексіздікті жөнге салған, сөзі өткір, ойы ұшқыр халық даналығын әрбір жас әрдайым жадында ұстаса, мұндай келеңсіздік болмас еді.
Дархан Байтілес