Жаһандануға жұтылып кетпесе дейміз
«Әй, балам, мынау әндетіп билеп жатқан кімдер? Өңдеріне қарасам, қыз секілді… Тым жақсы концерт көріп отыр едім, клоундар не істеп жүр?» деп таңданған әжемнің дауысы еріксіз менің де жүзімді теледидарға бұрғызды. Үлкен кісінің таңданысы бекер емес екен.
Шаштарын қызылды-жасылды түске бояп, сырға таққан жас әншілерді теледидардан жиі көреміз. Тіпті ток-шоуларда талғамынан еш қысылмайтын ер жігіттердің қыз балаша киініп, бетіне бояу жаққанына да үндемедік. Расында, қай арнаны ашсаңыз да, әйелдерше қылық танытатын әнші, актерсымақ жігіттерді көзіңіз шалады. «Өгіз мүйізді сиырда сүт болмайды, әйел мінезді еркекте күш болмайды» деген қазақ мақалының астарына үңілсек, ер жігіттің нәзіктікке құмар болуы жақ-сылыққа апармасы анық. Бұл бүгінгі қоғамның үлкен дерті. Жігіттердің сәніне, сәнқойлығына қарап, бұл сахналық бейнелері екенін түсіндік. Алайда, күн өткен сайын бұл бейнелерді қыздан айыра алмайтын халге жеткендейміз. Атын атап, түсін түстемесек те халық бұндай әртістерді таниды. Ал олардың жетекшілері мен продюсерлері болса, мұның барлығын заман талабы, бүгінгі күннің сұранысы деп ақталып әлек. Осылай жалғаса берсе, оларды көріп, тыңдап өскен ұрпақтың жайы не болмақ?! Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр ұлт өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтып алмауға тырысып, іс-әрекет танытып жатқанда, мұнымыз қалай? Озық 30 елдің қатарына еніп, барлығын оза шауып ұтамыз деп жүргенде жігіттеріміз жаһандануға жұтылып кетпесе екен.
Біздің жағымсыз жайттарды, келеңсіз көріністерді батысқа жаба салатын әдетіміз бар. Әрине, батыстың әсері, шет елге еліктеушілік жоқ емес. Бірақ шет елдің тыңдарманы мен біздің тыңдарман бірдей емес. Неге шет елден жақсысын алып, өзіміздің ұлттық танымымызға ыңғайламасқа?! Өйткені, көк жәшіктен көрген дүниені таңсық санайтын ауыл балаларының да нәзіктікке икемделіп бара жатқаны жанға батады. Ат үстінде жүріп, ауыздықпен алысқан ауыл балалары батыр, өжет, қайсар болып өседі. Дегенмен интернетте жиі тарайтын пәтуасыз вайн, телеарнадағы ток-шоулар болмысы бөлек жігітсымақтардың жарнамасын жасап жатқандай. Нақтырақ айтар болсақ, соңғы кездері әлеуметтік желілерде күлкі шақыратын қысқаша бейнероликтер немесе бүгінгі тілмен айтқанда вайн түсіріп жүрген жастар саны көбейіп келеді. Алайда, солардың қай-қайсысына көз салсаңыз да, қыздардың рөлін жігіттер сомдауға құштар. Тіпті көйлек те киіп, орамал тағып, дауысын да салады. Әрине, жастар мұны күлкілі санайтын да шығар. Ал олардың түптің түбінде бұл неге әкелетінін ой таразысына салып, бағамдамайтыны алаңдатады. Қазақ әдебиетінде сипаттаған «тепсе темір үзетін», «жауырыны тоқпақтай», жәй теңеуге сыймайтын нар тұлғалы жігіттер қайда?