Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүйрек дерті – бүгінгінің бір уайымы

Бүйрек дерті – бүгінгінің бір уайымы


Алла Тағала адам баласын басқа барша жаратылыстан ерекешелендіріп, ақыл мен сана беріп, бойын тіктеп, көркем түрде жаратты. Айта берсе сөз жетпейтін көптеген артықшылықтар берді. Оның бәрін шариғат тілінде «нығмет» деп атайды. Сол нығметтердің бірі – денсаулық.
Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Алайда сол сыйды арман етіп, он екі мүшесінің сау болғанын қалайтын жандар қаншама? Денсаулықтан асқан байлықтың жоқ екенін науқас адамнан басқа кім білсін?
Бүгінде үш мыңнан астам қазақстандық донорлық ағза күту кезегінде тұр. Олардың тізімі ай сайын өзгеріп отырады. Дерт дендегендер жаңа тізімге қосылып жатса, енді бірі донор күте алмай бақилық болып жатыр. Көптеген жанға үміт отын сыйлап, енді ғана қарыштап дамып келе жатқан саланың бірі – транспанталогия саласы. Алайда көш басында бүйрек трансплантациясы тұр.
Бүйрек трансплантациясы дегеніміз – жарамсыз бүйректі донор арқылы сау бүйрекпен ауыс­тыру үшін жасалынатын ота. Ал бүйрек адам өмірінің ажырамас бөлігі іспеттес. Бүйрек – қанды тазартып, химиялық теңгерімді реттеп отырады. Сау бүйрек шамадан тыс суды және зат алмасу өнімдерін шығару арқылы қанды тазартады. Сонымен қатар, сүйекті – қатты, қанды – таза күйінде сақтап тұратын гармондарды түзеп отырады. Ондағы бөліп шығару функциясының бұзылуы және азоттық алмасу процесінің қалдықтарының ағзада жиналуы-мочевина, кретинин, зәр қышқылы, фенолин, индол. Олардың орталық жүйке жүйесіне, басқа мүшелер мен тіндерге әсер етеді.
Бүйрек трансплантациясы бүгінгі таңда Астана және Алматы қаласында жасалады. Ал Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында бүйрек трансплантациясы сонау 1978 жылдан бері жасалып келеді.
Ауданымызда бүйрек трансплантациясына мұқтаж көптеген науқас бар. Олардың басым көпшілігі донорлық кезек күтуде. Қазір бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға қандай көмек көрсетіліп жатыр? Бүйрек трансплантациясына зәру нақты қанша науқас бар? Олардың қаншасы өз бүйрегін алмастырған? Міне, осындай сұрақтарға мардымды жауап алу үшін аудандық емхананың нефролог дәрігері Эльмира Мұсақызымен хабарласқан едік.
Ауданымызда 3 науқас бүйрек трансплантациясын жасатқан. Олардың үшеуі де туыстық донор арқылы жүзеге асты. Ал бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі бойынша диспансерлік есепте тұратын науқастар саны – 63 науқас. Оның ішінде 26 науқас гемодиализ аппаратына тәуелді. Гемодиализ ағзадан тыс орындалатын емшара бойынша қанды тазартады. Емшара кезінде қан диализдік аппаратқа жалғанып, сүзгіштен өтеді. Емнің әрбір сеансы 4 сағатты алады. Оны аптасына үш рет үзбей қабылдап отыру қажет. Гемодиализ аппараты бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі, терминальді сатыдағы науқастарға осы аппарат арқылы өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Шиелі ауданында TOO BB NURA гемодиализі 2017 жылдың 18 қыркүйегінен бастап жұмыс жасап жатыр. Гемодиализ орталығы 6 аппаратпен жабдықталған. 2021 жылғы жоспар бойынша 2 науқас бүйрек трансплантациясына (туыстық донор) дайындалып жатыр. Қалған науқастар өлі донор кезегінде тұр. Бүйрек трансплантациясы жасалған науқастарға өмірлік иммуносупрессивті препараттар қажет болады. Еліміздегі трансплантацияның бұл түрі көбінесе туыстық бүйрек алмастыруға жатады. Науқастың бауырлары, әке-шешесі бір бүйрегін жақынына беру арқылы, оның өмірін аман алып қалады. Адам тірі кезінде өзінің сау бүйрегін кенеттен қайтыс болған жағдайда ғана донор ретінде беруге қарсы емес екендігі жөнінде тіл хат жазып қалдырады. Донор ретінде қарастырылған адамдардың науқастарға сәйкестігін анықтап, көрсеткіш сай келген жағдайда жаңа бүйрекке мұқтаж науқасқа салынады. Мұның барлығы донордың туған туыстарының келісімімен ғана жүзеге асады. Қазіргі таңда науқастардың көпшілігі жасанды бүйрек аппаратының көмегімен ем алуға мәжбүр. Елімізде мұндай науқастарға көмек көрсететін бірнеше гемодиализдік орталықтар ашылған. Сайып келгенде олар дәл осы құрылғыға тәуелді. Себебі, бүйректің жұмысын дәл осы жасанды аппарат атқарып тұрады. Ал мұның бірден-бір шешімі бүйрек трансплантациясы дейді, – Шиелі ауданының дәрігер нефрологы Эльмира Мұсақызы.

Сымбат Серікқызы
05 сәуір 2021 ж. 717 0