Дараланған дарындылар
Қазақ жері таланаттар мен дарынды ұл-қыздарға толы. Өз қатарлары смартфоннан бас алмай ойын ойнап жүргенде, олар ерекше қабілеттерін ерте жастан бастап танытуда. Бүгінгі мақаламызда осындай вундеркинд балаларды еске салуды жөн көрдік.
Дарынды балаларды көбінесе «вундеркинд» деп атайды (неміс тілінен «ғажайып бала»), бірақ бұл ұғымдарды кеңінен қарастыру керек. Дарынды балалар дамудың жоғары деңгейімен, яғни талантқа айналуы немесе тоқтап қалуы мүмкін әлеуетімен ерекшеленеді. Әр елуінші бала белгілі бір салада дарынды болып саналады. Вундеркинд ерте жастан бастап Даму нормаларынан озып, жетістіктерді көрсетеді. Мысалы, Вольфганг Амадей Моцарт өзінің алғашқы фортепианолық шығармаларын бес жасында жазған, ал математик Блез Паскаль тоғызда ғылыми трактат жазған екен.
Жалпы, елімізде осындай дарынды балаларға ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық, қолдау жасау жағы кенже қалып келеді. Бұл кемшілік болашақта еліміздің дамуын бірнеше жылға тежеуі ғажап емес. Себебі жастары дарынды ел ғана үздіксіз дамып, алға қадам басады. Ал, мұндай балалар елімізде жетерлік.
Алғашқысы 14 жасында бакалавр атанған Абзал Мырзаш. Ол 12 жасында мектепті аяқтап, университетке оқуға түсті. Диплом алғаннан кейін «Массачуси технологиялық институтында» магистратураны жалғастырмақ. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәлім алуда. Келесі дарында баланың есім-сойы Азамат Нукаев. Арифметикадан 69000 тапсырманы оңай орындаған ол, 5000-нан астам студентті басып озған. Таланттардың ішінде көпшілігімізге таныс Жансая Әбдімәлік те бар. Шахматшы қыз 2019 жылы 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемдік рейтингте 1-ші орынға жайғасқан. Ал, 9 жастағы Сауат Нұрғалиев болса, бұл осы спорт түрінен еліміздегі ең жас спорт шеберлігіне кандидат болып есептеледі.
Психологтар дарындылықты 5 түрге бөледі. Олар интеллектуалды, академиялық, шығармашылық, әлеуметтік, психомоторлық дарындылықтар. 4 түрі бәрімізге таныс болғанымен соңғысын бірі білсе, бірі біле бермейді. Дарындылықтың бұл түрінде баланың физикалық дамуы ерте жастан байқалады. Мұндай балалар ерте жастан бастап спортқа қызығушылық танытады. Бокстан Әлемдік аренада атой салып жүрген Садриддин Ахмет, джиу-джитсудан 12 жасында спорт шебері атанған Жібек Күлімбетова осы сөзіміздің бірден-бір дәлелі. Ал, спортқа кеш келіп, үлкен жетістікке жеткен спортшы жайлы естідіңіз бе? Елімізде мұндай спортшы қыз да бар. Оның есімі Мөлдір Мекенбаева. 18 жасында джиу-джитсумен айналысуға бет бұрған Мөлдір, қазіргі таңда 2 дүркін әлем чемионы атанып үлгерді. Ол спортпен қатар кино саласында жетістікке жетуде.
Сыр жері де мұндай дарынды балалардан кен де емес. Мәселен 2004 жылы 5 жасар Ерхан Исламбектің математикалық қабілеттерін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. 5 жастағы Ерхан мыңға дейінгі сандарды оңай көбейтіп, бөле алатын. Сонымен қатар ол ұзақ өлеңдерді оңай жатқа айтатын қабілетке ие болды. Тіпті 2019 жылы Қызылордалық дарын Евгений Демиденконың ұшақ прототипінің жобасын әйгілі Boeing компаниясы сатып алған еді. Евгений идеясын сатады, бірақ концепцияның авторы, құрастырушысы ретінде ұшақтар жасалған күнде өзінің аты-жөнін көрсетуді шарт етіп қояды. Оның IT саласына деген қызығушылық анасы сыйлаған қарапайым компьютерден басталған. Алғашқыда 9 жастағы Женя құрбы-құрдастары секілді бірнеше сағатқа дейін ойындардан басын көтермеген. Бірақ, ол құмарлық бірнеше айда басылып, түбегейлі сөнген. Ғалам сияқты ғаламтордың да ойыннан тұрмайтынын ұққан Женя, бәрін ысырып информатикаға ден қойған.
Біз атаған дарынды балалар бұл жай ғана еліміздегі талантты балалардың бір бөлшегі ғана. Іште жатқан қарым-қабілеті, дарыны анықталмаған қаншама бала бар елімізде. Мүмкін сіздің балаңыз соның бірі болып қалуы да мүмкін. Отбасы мен ұстаздар оның шынайы дарынын аша алмай жүрген шығар. Мәселен, жоқ сөздерді ойлап табуды ұнататын бала болашақта көрнекті лингвист, ал мектеп дәптерлеріне сурет салуды ұнататын жас жігіттің танымал дизайнер болып өсуіне мүмкіндігі бар екен. 50% жағдайда баланың ерекше қабілеттері 5-6 жасында және 8 жасында толық ашылады. Бүгінгі күні баланың дарынды немесе дарынды емес екенін анықтауға мүмкіндік беретін бірде-бір әдіс жоқ. Дегенмен, әртүрлі сынақтар кешені қолданылады. Мысалы, «Стэнфорд жетістіктер тесті» зияткерлік даму деңгейін бағалау үшін, ал «Торренс» тесті шығармашылық бейімділікті анықтау үшін қолданылады. Үйде баланың дарындылығын оның уақытты қалай өткізетінін және оны қандай тақырыптар қызықтыратынын байқау арқылы ғана анықтауға болады.
Дарынды балаларға ересектердің көмегі, ерекше назар мен басшылық қажет емес деген пікір бар. Алайда, жеке ерекшеліктеріне байланысты мұндай балалар өздерінің іс-әрекеттерін, мінез-құлқы мен ойлауын бағалауға өте сезімтал. Дарынды бала тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да сыни көзқараспен қарауға бейім. Сондықтан дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалпы сынға және өзін-өзі сынауға жеткілікті төзімді болуы керек. Сол себепті балалармен жұмыс істейтін білікті ұстаздарды даярлау мәселесі де өзекті. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар қазақта. Ендеше ұлтына адал қызмет ететін тұлға қалыптастырамыз десек, ұстаздардың кәсіби білімін арттырған жөн шығар.
Рамазан Әнәпия