Жамбыл облысында ауыл баласы қолдан трактор құрастырып шығарды
Байқадам ауылында тұратын жеткіншек шағын агромашинаны күнделікті тұрмыстық қалдық заттарды пайдалана отырып жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ерекшелігі – көлемі шағын, жылдам қозғалады әрі басқаруға оңай. Ауыл шаруашылығында таптырмайтын құрал. Жас өнертапқышпен жергілікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы кездесіп қайтты. Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Шағын тракторды ойлап тапқан, міне, мына ауылдың қара домалағы. Бұл идея ауыл тұрмысындағы күнделікті қажеттіліктен туындаған. Ауылды жерде үй ауласы кең, бау-бақша да үлкен. Жерді қолмен аударып, өңдеу қиынға соғады. Жас өнертапқыш жұмысты жеңілдетудің жолын іздеп, шағын агромашина жасауға бел буады. Бахтияр Тұрғанбаев, жас өнертапқыш: - Кәдімгі үлкен трактордың атқаратын қызметін атқарады. Сосын мынау арты былай механикалық көтеріліп түседі. Трактор қырық түрлі бөлшектен құрастырылған. 11-сыныптың оқушысы қозғалтқыш ретінде кәдімгі бензинмен жұмыс істейтін сусорғы моторды пайдаланған. Ал қаңқасын үйдегі темір қалдықтарынан жинапты. Бахтияр Тұрғанбаев, жас өнертапқыш: - УАЗ-дың дөңгелегі. Дискісі бәрі. Алдыңғы дөңгелек үйде жарамай қалған шөп шапқыштыкі. Сосын орындығы газельдікі. Былай ашылады. Артына зат салынады. Және де мосты Москвичтікі. Сосын артында тіркегіші бар. Соқа жегеді, және де ковшы бар. Трактор ауыл шаруашылығы саласында және күнделікті тұрмыс-тіршілікте қоқыс, қар тазарту сияқты жұмыстарды істеуге таптырмайтын құрал. Қазір барынша агросалаға икемделіп жетілдіріліп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға техникалық шығармашылық орталығының мамандары жетекшілік етеді. Бастан аяқ құрастыруға бір жылдан астам уақыт жұмсалыпты. Мұхтар Мелдеев, техникалық шығармашылық орталығының директоры: - Кәсіби бағдар да беріп отырмыз. Оқу орнына түскенде өзінің сүйікті мамандығының иесі болса екен дейміз. Баланың ынтасына қарай сол үйірмеге реттейміз. Әсіресе, мына трактор жүргізушілері қазіргі таңда ауыл шаруашылығына байланысты өте қажет болып отыр. Ал автокөлік жүргізушісі қазір енді әр үйде бір автокөліктен бар. Сол өзін өзі қамту мақсатында екі үйірмемен қазір мамандар дайындап жатырмыз. Бұл орталықта жеткіншектерге техникалық бағыт-бағдар беріледі. Ең бастысы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Қазір мұнда 500-ден астам ауыл жасөспірімдері дәріс алады. Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Міне, бұл туындылар техникалық шығармашылық орталығы оқушыларының ойлап тапқан жобалары. Басым көпшілігі ауыл шаруашылығына бағытталған. Мәселен мына электрлі және механикалық әмбебап күбіні оқушылар кәдімгі велосипед қалдықтарынан ойлап тапқан. Яғни, осы арқылы ауылдағы қыз-келіншектердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Бұл жерде күбіні осы құрылғы арқылы пісуге болады. Яғни, жұмыс жеңілдейді. Әрі кәдімгі жаттығу. Мұны сегізінші сыныптың оқушылары ойлап тапқан. Байқадам ауылындағы техникалық шығармашылық орталықта соңғы 8 жылда 18 түрлі ерекше жоба жарық көрді. Инновациялық идеялары үшін оқушылар республикалық байқауларда талай жүлдені жеңіп алған. Қазір білім ошағында аэромодельдеу саласына басымдық беріліп отыр. Орталық ұжымы алдағы уақытта тың жобалар әзірлеп, таныстырмақ.
24.kz
24.kz