Екпеден үміттенеміз бе, күдіктенеміз бе?
Коронавирус індетінің елімізде тіркелгеніне 347 күн өтті. Алғашында бұл вирусқа бей-жай қарағанымызбен, қазіргі таңда өмірімізді түбегейлі өзгертті. Күллі ғаламға тараған ауру 2 миллион адамның өмірін жалмады. 100 миллион адамның жұқтырған дертін жеңудің ендігі амалы табылғандай. Бұл, әрине, вакцина.
Төтеннен келген індетпен күресу оңай болған жоқ. Дәрігерлер сәт сайын ауырған науқастарды емдеп жатса, ғалымдар вируспен күресудің жолын іздеді. Бүгінгі күні екінші мәселе шешімін тапқандай. Қазіргі таңда ресми түрде тіркеліп үлгерген вакциналар бар. Сол вакциналарды салдырып жатқан мемлекеттер де аз емес. Вакцина ең көп салынған ел – АҚШ, онда 33,7 млн адам екпе алған. Екінші кезек Ұлыбританияда 10,2 млн адамға екпе егілсе, үшінші орында Израиль елінде 5,05 млн адам екпе қабылдаған. Ал елімізде вакцина егу науқаны 1 ақпанда іске қосылған. Әзірге отандық өнім емес, көршілес Ресейдің «Спутник V» екпесін қолданудамыз.
Ресейлік вакцина қалай дайындалды?
«Спутник V» әлемде тіркелген үш вакцинаның бірі және тиімділігі 90 проценттен асады. Бүгінгі таңда Ресейдің инвестициялар қоры өндіріс көлемін көбейтуді көздеп отыр. Екі дозадан тұратын вакцинаның бір дозасы шет елдер үшін 10 доллар шамасында сатылатын көрінеді. Ресми сайттағы мәліметтер бойынша бұл вакцинаның 1,2 миллиард данасына 50 ел тапсырыс берген.
Анығында вакцинаны жасап шығару үшін ресейлік ғалымдар «SARS-COV-2» атты жаңа вирустың генетикалық материалынан фрагментін бөліп алған. Бұл фрагмент «тәж» структурасын құрайтын және адам жасушасымен байланыстыратын S ақуызын бөліп шығарған. Нәтижесінде ақуыз адамға бұрыннан таныс аденовирусына енгізіп, ең алғашқы вакцина пайда болды.
Елімізде вакцина қалай жүргізіледі?
Covid-19 вирусына байланысты арнайы іске қосылған сайтында елімізде вакцина салдыру ерікті түрде екені айтылған. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес кез-келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі делінген. Бұл туралы аталған баптың 18-бөлігінде «ҚР азаматтарының емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқықтары бар» деп жазылған. Елімізде вакцина егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Екпені бірінші кезекте вируспен бетпе-бет күресіп жүрген медицина мамандары салдырады. Одан кейін мұғалімдер мен жұқтыру қаупі жоғары тұрған жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынбақ. Мұнан соң студенттер, ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі секілді мемлекеттік қызметтегі мамандар мен созылмалы аурумен ауыратын адамдар салдыра алады. Ресми сайттағы деректерге сүйенсек, екпе салдыру халықтың осал топтары үшін тегін берілмек. Бұл топқа ардагерлер, мүгедектер, зейнеткерлер, созылмалы ауруы бар жандар, көпбалалы және толық емес отбасылар кіреді. Алайда 27 қаңтарда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов «Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцина тегін болады. Елде вакциналауды мемлекет есебінен жүргізу қарастырылып жатыр. Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінеді. Тиісінше вакциналау тегін болады» деді.
Отандық вакцина қашан дайын болады?
Биылғы жылдан бастап елде отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолданысқа енгізу жоспарланған. Өткен жылдың желтоқсан айынан бүгінге дейін 3 мың еріктіге отандық екпе егілген. Еріктінің барлығы медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілген. Тіпті, тиісті өтемақы да төленген. Екпені салдырғандардың денсаулықтары толық қадағаланғанса да өздерінің қалыпты өмірлерін жалғастыра береді. Отандық инактивті вакцинаны дайындау кезінде қолданылған жалғыз компонент – белсенді емес вирус. Мамандардың айтуынша, бұл екпе басқа екпелерге қарағанда қауіпсіз және тиімді әсер етеді екен. Аталған вакцинаны егу арқылы мықты иммунитет қалыптасады.
Вакцинаны кімдер салдыра алады?
Елімізде вакцина 18-65 жас аралығындағы азаматтарға ғана салынбақ. Вакцинаға қарсы көрсеткіші бар адамдар ғана салдыра алмайды. Мысалы, «Спутник V» вакцинасы жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы бар жандарға мүлдем қолдануға болмайды екен. Сонымен қатар 1 ақпанда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы соңғы 6 ай көлемінде коронавирус індетімен ауырғандарға вакцина салдыруға болмайтынын мәлімдеді.
Әзірге вакцина алғашқы келген 1000 дозамен тек облыс орталығында ғана жүргізілуде. Ал келесі доза аймаққа жеткізілген соң аудандарда да екпе егу басталмақ.
Әзірлеген
Ақтолқын Ғалымқызы
Ақтолқын Ғалымқызы