Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұз үстіндегі тағдыр

Мұз үстіндегі тағдыр

«Жалпы бұл кісінің шығармалары адамның еңсесін езіп тастайды. Сабасына түсіреді, тоқмейілсуге жол бермейді. Адамды жердің астына, бейнелеп айтқанда қылуетке бір түсіріп шығарады. Ойландырады, толғандырады, қажытады, шаршатады. Қайтадан адами қалпыңа келтіреді». Әбіш Кекілбайдың бұл пікірі кімнің шығармашылығына арналғанын білесіздер ме?
Бүгін адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана демекші, ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына төңірегінде сөз қозғамақпыз. «Нобель» сыйлығына ұсынылған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясы «Абай жолынан» кейінгі шоқтығы биік шығарма. Әлем әдебиетінен орын алған бұл шығармаға көптеген шет ел жазушылары өз пікірлерін білдірген. Өзге елдің азаматтары оқып, ой түйгенде, неге қазақ халқының әрбірі оқымасқа?! Оқыған адамның жүрегі тебіреніп, ой түйері анық. Романда Отан алдындағы парыз, ұлтжандылық, махаббат, отансүйгіштік және ар-ұят азабы керемет суреттелген заман шежіресі.
Осындай стильдегі шығарма қазіргі оқырманға ауырлық етпей ме? Оқырманның психологиясына қаншалықты әсер етеді? Шығарма екі кітаптан тұратын роман дилогия. Оқиға 1 күн мен 1 түннің ғана арасында өрбиді. Негізі шығарма екінші жақтан баяндалады. Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуы суреттеледі. Шығармадағы экокеңістік – мұз үсті. Ондағы ізден ешқашан жылы леп еспейді. Кісі де, аң да, құс та, қашқан да, қуған да, бәрі-бәрі мұз үстіне шығып кеткені табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынастардың бұзылғанын суреттейтін секілді. Романдағы Жәдігер тағдыры Арал тағдырымен ұштасып, астасып жатқандай әсер қалдырады. Жазушыда көркемдік жинақтау күшті. Сондықтан ­Судыр Ахмет пен арық қарақатын Аралда ғана емес, Алматыда да толып жүр. Еламан сияқты жігіттерге ел іші кенде емес. Ақбала мен Тәңірберген де солай. «Мынау бір Судыр Ахмет екен» дейтін сөздерді бала кезімізде үлкендердің аузынан естігенде түсінбеуші едік. «Қан мен терді» оқығанда бір-ақ білдік. Содан кейін арық қарақатынды да тани қоятын болдық. «Соңғы парыздағы» Сары Шаяны мына екеуінің әлде немересі, әлде жиендері шығар деп ойлағанымыз да шын. Қазір біздің айналамызда «заңмен ұратын» осындай жігіттер тіптен көбейіп кетті.
«Соңғы парыз» – көткеншек Көшенді, Сары Шаяны, Жәдігерді, Әзімді, Бәкизатты, жуан Жақайымды, Адай шалды, т.б біздің арамызға әкеп таратқан шығарма сияқты сезілетіні рас, шын мәнінде біздің арамыздан осыларды жинап алған. Біз сонда барып, ой мынау анау ғой, ал әне біреуісі… деп шұбырта жөнелеміз. Ал өзін-өзі көріп қалғандар не болды екен? Бұлар өмірде бар ұлттық характерлер жиынтығы және жалпы адамдық типтер. Маған Жәдігер мадам Боваридің күйеуін есіме түсірді, ал Бәкизат соның өзі. Ал Әзімнің Флоберде бірнеше типі бар. «Соңғы парыздың» оқиғасы сең үстіндегі Жәдігердің, одан кейін барып қосылған Бәкизаттың, Әзімнің төңірегінен өрбиді. Баяндау бір нүктеден, Арал теңізінің үстіндегі мұзда жүріп жатыр, Жәдігердің төңірегінен өрбиді.
Мұндай шығарманы оқу қиын деп те ойлауға болады. Бір шығармалар бар, монолог, психологизм дейді де, бір нәрсені езіп айта береді. Онысы шындыққа келе де бермейді. Оны оқу қиын, оқығың да келмейді. Ал «Соңғы парызда» оқиға көп болмаса да, айтылатын әңгімелердің өзі тартымды. Роман ішінен ондаған әңгіме, көптеген микроновеллаларды бөліп алуға болады. Осы бөліктің өзі жеке әдеби объект қызметін атқарып кете береді. Оқиғалы, ішкі монологтар көп. Сондықтан, дәл осы «Соңғы парызды» оқырманға оқуға қиын шығарма деп есептей алмаймыз. Ішкі монологтар, авторлық баяндаулар болды-ау деген жерінде тоқтап отырады. Шынайы оқиға, шынайы образ, шынайы мөлшері өлшеулі психологизм көркемдік мақсатқа ғана қызмет етіп тұр. Романда символдық образдар бар. Мысалыға қайтқан теңіз, артыңдағы із. Артыңдағы із дегенді айтқан сайын әркім әртүрлі ойға келер. Әркім-ақ артына қарап, өткен ізін барлап, өмірім «ырың-жырың» боп өтпеді ме осы деп, ойланбады ма екен осы «Соңғы парызды» оқу үстінде?
Ең әуелі адам, туған жер тағдыры мен ұлттық құндылықтар шешімін табу керек. Сөйтсе ғана елден көшкен халық, Адай шал қайта оралады. Ана баласына кейімейді, жар жұбайынан жерімейді, бала жарымжан тумайды. Көткеншек Көшендер ешкімге тұлға емес. Баяғы арық қарақатынның ұсқыны құсап, тілінен у төгіп отыратын Көшеннің өмірге де, Құдайға да, адамға да өкпесі қара қазандай. Осындай «ырың-жырың» өмір кешіп жатқандарды Арал сияқты картадан көре алмайсыз. «Соңғы парызда» жазушы осыны қазаққа айтуды парыз санағандай…

Ақтолқын ӘЛЖАНОВА
16 ақпан 2021 ж. 318 0