МЕНІҢ ДОСЫМ СКАРГА НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙЕУБАЛАСЫ
Бұл жолғы кейіпкерімнің тегі (фамилиясы) оқырман түгіл өзіме де бейтаныс. Жарты ғасырдан астам уақыт түрлі тақырыптарға қалам тартып жүріп, осындай кісі атын немесе тегін мен де кезіктірмептін.
Скарга фамилиясы Ресейдің және көрші елдердің географиялық аймақтарында сирек кездесетін түрге жатады. Революцияға дейінгі (18-19 ғасырларда) әйгілі қызықты хаттамаларда мұндай фамилиясы бар адамдар орыс Киев буржуазиясының тақсырлық мәртебені құрметтеп ұстаған тұлғалары болған екен.
Иә, осал кісілер емес сияқты. Ал біздің кейіпкеріміз Владимир Скарга қандай азамат? Ол да осал емес, 15-16 жасынан еңбекке араласып, шынжыр табанды «ДТ– 75» «темір тұлпарының» құлағында ойнады. Жас екен деп колхоз бригадирлері оны мүсіркемеді, тәжірибелі механизаторлармен бірдей кез келген жұмысқа жекті. Жаспын деп ол да тартыншақтамай, егде,тіпті әкесі қатарлы трактористермен қатарласа жүріп тер төкті.
Әкесі демекші, Володканың әкесі еңбекқор жан болған көрінеді. Техниканы жақсы көрген, «тілін» де түсінген. Бірақ, тағдыр әкесімен арасын алыстатып жіберіпті. Ойлап қараса, түр-түсі есінде жоқ. Шешесі Галия «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірді, ер жеткізді. Бұрынғы Молотов атындағы, кейін «Коммунизм» атанған колхоздың «Еңбекші» бөлімшесінде тұрып жатты. Осы жерде №159 сегіз жылдық мектептің (кейіннен орта мектеп болды) бірінші класына барды. Бірге оқыдық. Балалықтың бал дәуренін басымыздан бірге өткіздік. Мектепті бітіргеннен кейін біз аудан орталығына барып класс оқуымызды жалғастырдық. Володка кәсіптік-техникалық училищеге түсті, оны бітірісімен колхоздың жұмысына араласты...
1967 жылы «Өскен өңірде» жұмыс істеп жүрген кезім. Көктемгі кез. «Жерді күз айда, күз айдамасаң, жүз айда» деген байырғы диқандардың тамаша тәмсілі бар. Сол мақалды басшылыққа алған шаруашылықтар егістігін жинап алып, алқаптарды өткен күзде алдағы жылдың егісіне дайындап, сүдігер көтеріп (айдап)тастаған. Енді сол алқаптарды тағы бір айдап, көктемгі егіске дайындау қамында жүр. Колхоздың егіс алқабынан репортаж жазу туралы тапсырма алдым. Дереу өзімнің ауылыма, тракторшы Володка досыма тарттым...
«Еңбекшінің» оңтүстік шығысында, ауылдан 3-4 шақырым жерде, «Күйеутам» маңайында жер жырту жұмысында жүр екен. Маған керегі де сол, сүдігер айдап, жер жыртып жатқан науқаннан репортаж жазу. Жаяулатып, бригадаға жанар-жағар май тасып жүрген «Белорусь» тракторының тіркемесіне мініп жер басына жеттім. «Газеттен тілші келді, сендердің тірліктеріңді жазады, дұрыстап айдаңдар жерді» деп бригаданың трактор бригадирі (механигі) Александр Танеев трактористерді жігерлендіріп жатыр. Өзім сол ауылда тұрамын. Еңбекшілікпін. Құрдасым Володкадан басқасының бәрі ағаларым мен көкелерім. Мені көріп «ей, өзіміздің Сәрсенбек екен ғой» деп онша мән бермей, өзімсініп бір жағы менсініңкіремей жатыр.
...Атыз-атызға түскен тракторлар жердің апшысын қуырып, томарланып қалған күріш түптерін қаққа бөліп заулап барады. Соңдарында аударылған жер қыртысы бейнебір бұйраланған шаш сияқты буылтық-буылтық болып домалап қалып жатыр. Әлгінде ғана ойлы-қырлы болып сұры қашып жатқан егіс танабы соқа тістерінен кейін ажарланып, мақпалдай жұмсарып сала берген. Тракторлардың гүрілін соқа соңынан ұшып, топырақтан оны-мұны жәндіктер, жер құрттарын теріп жеп жүрген қарғалар мен қара торғайлардың шуы басып кетті...Атыз-аңыздың іші құстардың шоуына айналды. Нағыз өмір, қым-қуыт тіршілік осы егіс басында ғана сияқтанып көрінді маған.Көргендерімнің бәрі кеудеме жыр болып құйылып жатқандай сезіндім...
Редакцияға келе сала қаламымды қолыма алып жаза бастадым. О, ғажап, көкірегімнен қарасөз емес, жыр төгіліп жатыр. Ойларым өлең болып өрілуде. Әне-міне дегенше екі шумақ өлең жазылып та қалды. Осы кезде:
– Сені редактор шақырып жатыр, – деді есіктен қараған хатшы апай.
Тездетіп бастыққа беттедім. Тапсырмасы туралы сұрағалы жатқанын ішім сезді.
– Жазып бітірдің бе, қалай шықты? – деді редактор қоңыр үнін созыңқырып, қою түтіні будақтаған темекісін құшырлан а сора түсіп.
– Жазғанда қызық болып тұр. Көргенім, ойым бәрі қағазға өлең болып жазылуда, – дедім күмілжіп.
–Ой, мынауың жақсы ғой. Әкелші оқып көрейін.
Редактордың қолына екі шумақ өлең жазылған қағазды ұстаттым. Дауыстап оқып шықты да:
– Дұрыс екен, береміз газетке. Кеңседе қиялдап отырып емес, басына барып, көзбен көріп жазған өлеңнің оқырманға әсері керемет болады, – деді редактор Минер Арысбаев балаша мәз болып...
«Менің тапсырмам репортаж еді, сен неге өлең жазғансың» деп ұрсады ғой деген күдік-күмәнім, қорқынышым редакторымның түсінігінің молдығы нәтижесінде адыра қалды. Сондағы «Тракторшы досыма» деген өлеңім төмендегі еді:
«Сен тұңғыш ен далаға жар саласың,
Қыр гүлін елден бұрын қарсы аласың.
Естілер сенің үнің – мотор үні,
Оятар, туғызар ол ой таласын.
Алдыңда кездессе де үгесін жар,
Есіліп жатыр жерің қара мақпал.
Ен дала жасыл тартса, жайқалса дән,
Сенің де ерен жүйрік үлесің бар...»
Володка ауылда, шаруашылықтың сан салалы тірлігінің бел ортасында жүреді. Менің жұмысым ауданда, газет редациясында. Жиі ұшырасудың сәті түсе бермейтін. Бір жолығып қалғанда орыс қызына үйленгенін айтты. Араға біраз уақыт салып тағы бір ұшырасқанда біріншісімен ажырасып, екінші бір орыс қызымен бас қосқанын әңгімеледі.
Үшінші мәрте жолыққанда мен:
– Әйелді тағы да жаңартқан шығарсың? – дедім әзілдеп.
– Ия, – деді ол. – Асып-тасқанымнан емес, екеуі де анамды сыйламады. Анамнан артық кімім бар? Сосын ажырастым. Есесіне қазақтың қызына үйлендім. Анамды да, өзімді де сыйлайды. Келген қонақтарымды да бар ықыласымен қарсы алады. Мінезіміз де сәйкес келді. Ең кереметі «Еңбекшінің» қызы, есімі – Ұлтуар. Орыстың қызы құрысын, аман-есен құтылғаныма қуандым. Өзіме де обал жоқ, қазақтың жерінде тудым, тілім қазақша шықты, қазақ мектебін бітірдім. Орыста нем бар десейші» – деді сөзін жалғап. Ия, мұндайда қазақ: «Ештен кеш жақсы» деген ғой.
...Қазір Владимир Скарга зейнеткер. Туған жері «Еңбекшіге» қал-қадірінше еңбек етті. Жеті асудан аман-есен асып, 70-тің желкенін керіп, беделді, абыройлы ақсақал атанып отыр. Құдай берген 5-6 бала-шағасы бар, солардың қызығын көріп келеді.
– Қазақ ағайындарға ризамын. Осында тудым, ержеттім, қазақтан өсіп-өндім. Өзім жартылай қазақпын, жаным қазақ. Ал ұрпағым таза қазақ, – дейді қуанышты сезіммен...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі», «Шиелі ауданының құрметті азаматы»
«Қазақстанның құрметті журналисі», «Шиелі ауданының құрметті азаматы»