Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізушінің жеке куәлігі болмаса қандай шара қолданылады

Жүргізушінің жеке куәлігі болмаса қандай шара қолданылады

Шетелдік нөмірі бар көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.

 Алдағы сенбі, 13 ақпаннан бастап көлік иелерінен жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жеке куәлікті өзімен бірге ұстап жүру керек. Ішкі істер министрлігі осы құжатты алмағаны үшін қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, көлік жүргізушісі полицияға жеке куәлігін көрсетпесе, көбінесе, ескерту жасалады. Ал осы тәртіп бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. 
"Негізі, адам өз құжатын алғаш рет үйде қалдырып кетсе, ондай жағдайлардың 95 проценті ескерту берумен аяқталады. Ал он күннің ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге – Sputnik) көлемінде айыппұл салынады", – деді Түсіпов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.Кейбір жағдайларда адамда өзінің құжаты болмайды. Сондықтан да көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмай жатады. Ондайда көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады.
Осы орайда комитет төрағасының орынбасары жеке куәлік болмаса, төлқұжатты ұстап жүру керектігін ескертті.
Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандық көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді.
Ал интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына қатысты.  Шетелдік нөмірі бар көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.

sputnik.kz
08 ақпан 2021 ж. 303 0