Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүргізуші куәлігі қажет емес

Жүргізуші куәлігі қажет емес

Темір тұлпардың тізгінін ұстаған жүргізушілер үшін жағымды жаңалық. Нақтырақ айтар болсақ, енді қазақстандық жүргізушілер өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүрсе жеткілікті. Себебі, көлік иесі туралы қалған мәліметтерді полицейлер планшеттен көре алады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

– Біз жүргізушілердің өзімен бірге құқық белгілеуші құжаттарды алып жүруге міндеттелмейтін норма енгізгіміз келеді. Жеке куәлік қана болса жеткілікті, сол құжат арқылы планшеттен көлік иесіне қатысты мәліметті, ол көлікке қанша сенімхат жазылғаны, сақтандыру құжаты қашан аяқталатыны, техникалық тексеруден қашан өткені және қанша айыппұлы бары туралы көрінеді, – деді министр. Бұған дейін құжатын көлігіне сақтап, ұмытып кеткен жағдайда айыппұл төлеп әбігерге түсетін көлік жүргізушілері енді жеке куәлікпен ел ішінде жүре береді. Бұл заң Президент мақұлдап қол қойған күннен бастап күшіне енетін болады.
Айта кетейік, шетелге жол жүретін жағдайда барлық құжатты өзіңізбен бірге ала шығыңыз. Бұл қағаз құжаттардан бастарту, элоктронды жүйені жандандыру мақсатында көтерілген мәселенің бірі. Министрдің айтуынша, көлік иесі туралы барлық ақпаратты планшетпен электронды жүйе арқылы тексеру мүмкіндігі туады. «Планшеттен басқа ақпараттарды көру үшін төлқұжат қалтада болуы керек. Азаматтар ендігі уақытта бір қалта құжатты емес, тек төлқұжатты ғана алып жүруі керек» деді ол. Сонымен қатар ІІМ көшедегі полиция қызметкерлерінің планшеттеріне бақылау камераларын тіркеу арқылы құқық бұзушылық әрекеттерді жылдам анықтауға болатынын да тілге тиек етті. Мұндай жүйе Еуропадағы дамыған бірнеше елдерде қолданысқа еніп үлгерген. Биліктегілер бұл жүйені жол апаты мен құқық бұзушылықты тежеудің де тиімді тәсіліне балап отыр.

Г.ДҮЙСЕБАЙ

26 мамыр 2020 ж. 550 0