Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан тарихын әлемдік кинокомпаниялар фильмдеріне арқау етуі керек

Қазақстан тарихын әлемдік кинокомпаниялар фильмдеріне арқау етуі керек

Кино саласы елімізде әлі күнге дейін бір ізге түсе алмай келе жатқандығы бәрімізге мәлім. Ал отандық кинорежиссерлер комедия жанрындағы кинолардан әрі аса алмай келеді. Себебі касса жинап, киноға кеткен шығынды жабатын осы бағыт болып тұр. Тарихи-танымдық фильмдер түсірілгенімен жұртшылықтың қызығушылығын тудыра алмауда. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» секілді тарихи тақырыптағы фильмдеріміз бар.
Десе де аталған кинотуындылар әлемдік кинофильмдердің тасасында қалып жатыр. Ендеше әлемдік деңгейдегі кинотуынды түсіруге шамамыз келмесе, ел тарихын шетелдік алпауыт кинокомпаниялар арқылы дәріптеу жолын қолдануымыз керек секілді. Бұл қалай десеңіз, қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Себебі олар жақсы сценарийге мұқтаж. Мысалға жақында жарыққа шыққан Мулан фильмі осының көрсеткіші. Қытай елінің тарихы бейнеленген бұл фильмді атақты Walt Disney Pictures атты Американдық компания қаржыландырған. Жалпы шет елдік атақты Марвел, DC киноұжымдары соңғы уақытта Азияттық актерлерге басымдылық беруде.
Біздің елімізде де 100-деген фильмге арқау болатын тарих жатыр. Әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда да, адам баласы алғаш ғарышқа ұшқан Байқоңыр да бізге тиесілі. Тіпті күллі адамзатқа қасірет әкелген ядролық полигон мен ашаршылық зобалаңы осы қазақтың басынан өткен тарихы. Осынау ұланғайыр аумақты аз болғанына қарамастан қорғап қалған батыр бабаларымыз жайлы кинотуынды жарыққа шықса шет елдің супермені мен темір адамдарынан кем түспесе керекті. Одан қалды ел басқарудың үздік әдісін көрсеткен Жүсіп Баласағұнның Құтты білік (Құтты билік) кітабы, Әлемнің екінші ұстазына айналған Әль-Фараби мен Қорқыт бабамыз талай кинотуындыға арқау болуға лайықты.
Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев жақында жарық көрген мақаласында айтқан «Құрманжан датқа» фильміне тоқталсақ. Фильм 19-ғасырда Алай қырғыздарының патшасы болған әйел кісінің ерлігін баяндайды. Көрермендердің пікірінше кино өте жоғарғы деңгейде түсірілген және де фильмде тарихи оқиғалар бұрмаланбай нақты көрсетілген. Кинотуынды 3 жылдан астам уақыт түсірілген. Оған кеткен қаражат та көп емес. Фильм режиссері Садық Шернияздың сөзінше оны түсіруге 1.5 миллион доллар жұмсалған. Ал біз білетін Көшпенділер фильміне 34 миллион доллар жұмсалған болатын. Бұл туындымен қырғыз ­бауыр­­­­ларымыз бізге аздаған қаражатпен сапалы туынды жарыққа шығаруға болатындығын көрсетті. Менің пікірімше елімізде түсірілген тарихи фильмдердің ішінде «Көшпенділер» фильмінің орны бөлек секілді. Тарихты бұрмалау, шетелдік актерлердің алынуы секілді көптеген қателіктер болғанымен, бұл фильмді кәсіби мамандардың түсіргені анық байқалады. Дыбыс, музыкамен әрлеу, ат үстіндегі шабандоздардың шеберлігі секілді тұстар жоғарғы деңгейде жасалынған туынды деп есептеймін. Құнанбай көркем фильміде жоғарғы деңгейде түсірілген. Тек біздің отандық фильмдерге кәсіби мамандар мен режиссерлер тарту керек секілді. Сонда ғана еліміздің тарихы әлем жұртшылығының назарына ілігіп, қазақты мазақ қылған Боратта қазақтың қандай құдіретті ел екендігін мойындар еді.

Рамазан Бектұрғанұлы
12 қаңтар 2021 ж. 497 0