Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біреуге иттік жасама

Біреуге иттік жасама

Көбіміз ит асыраймыз. Ит – үй жануары. ауылда туып, сонда өстік. Біздің кезімізде ойыншық деген болмайтын. содан болар балалық шағымызды асық, ләңгі ойнап, темір-терсек көтеріп шынығып, қыста сырғанақ теуіп, шүберек допты лақтырып, кейде осы допты екі топқа бөлініп, доп таяқтарымызбен ұрғылап, қуалап, белгілеп қойған шұқырға салып, қай топ көп доп салса, солар жеңімпаз саналатын. Бүгінгі хоккейді біз сол кезде-ақ ойнап тастаппыз. Ең қызығы есік алдында итпен алысып-жұлысып ойнау еді. Ит те бала сияқты. Ол да баламен ойнап жатқанын сезетіндей арсылдап, арсалаңдап, алдыңғы екі аяғымен беліңнен құшақтап әлекке түсетін. Бірақ қаппайды, тістемейді. Сөйтіп «итпен ит болып», шаршап құлайтынбыз.
Жасымызда әке-шешемізден, мұғалімдерден, үлкендерден «Ит – адамға дос, серік, далаға тастап кетпейді» дегенді жиі еститінбіз. Шынымен солай көрінетін. Шабырға отын әкелуге барсақ та, даладан шөп орып әкелсек те, ауылда қой кезегін бақсақ та жанымызда ит жүретін. Бір елі қалмайды. Бір жағынан серік. Қасқыр-қарсақтардан қорықпайсың. Қасыңда досың секілді қорғайтын итің бар. Осындай ой-түрткі мен ой-толғаныс себеп болды ма, мен адам мен ит егіз ұғым ба деп қалдым. Тек оның айырмашылығы хайуан болып жаратылғандығында. Сөйлемейді, бірақ айтқаныңды орындамайды, ақылсыз балалардай не істе десеңіз, соны істейді.
Адам – ит, ит – адам болып тірлігіне қарай бағасын алады. Өмірде жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, шындық пен өтіріктің, адалдық пен әділетсіздіктің, адамгершілік пен пен иттіктің болатындығы сөзсіз. Әсіресе, заманымызға тап келген сыбайлас жемқорлар, парақорлар, мемлекет қаржысын шет елдерге асырып жатқан алыпсоқтар, «Халықты зар илетіп жүрген алаяқтар жұртқа ит – өмір» сыйлап, коронавирус індеті адамзатты «ит – өлімге» апарып жатқан жоқ па? Қазір «ит жоқта шошқа үреді қораға» деп тұрмыс құрмаған, есік көрмеген, ата-ененің кім екенін білмейтін қыздарымыз телеарналарда аяқтарын айқастырып отырып, жұртшылыққа болмайтын, келіспейтін, өздеріне жараспайтын, көпшілікке ерсі ақыл-кеңес айтуға шықты. Базар бағасы өскендей, өздерінің бағасын да 3-5 млн аралығында қалыңмалын бағалап, үлкендердің мойнына артып қойды. Өздерін сатылатын затқа теңеуде. Бұл не масқара? Жігіттер жағы «Ит құтырса, иесін қабады» кейпіне түсіп, олардың ит терісін бастарына қаптап жатса да үнсіз. Ер болғасын намысқа тырысып, «битке өкпелеп тоныңды итке тастама» күйіне көшкендей. Жалпы бұл фәниде «итқорлық» өмір кімге керек? «Иттің күні құрсын» деп біз итке айтпаймыз. Қасымыздағы досымызға, жора-жолдасымызға, ағайын-туысымызға ақылсынып, «ит пен ит болма, ұры итше жылмаңдама» деп қана көлгірсиміз. Анда-санда «итмінезге басып ашуланғанда әйелімізбен ұрсысып қалғанда ауызымызға «ит кіріп, ит шығатын» уақыт та кездеседі. Ондайда «үндемей қабатын ит» сияқты бола қаламыз. Қазақта итті қатыстырып жақсылы-жаманды тіркестер адамға, мінезге, өмірге байланысты ежелден айтылып келеді. Жақтырмаған кісіні «Соны қойшы, ит мінезді ғой өзі» дей саламыз. Қазіргі оқушылардан қазақтың жеті қазынасын сұрасаңыз тарсылдатып «Ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы (ит) деп бізден жақсы біледі. Байқасаңыз, жеті қазынамызда да ит жүр.
Ит – төбеттер тұқымдасының қасқырлар тегіне жататын жыртқыш жануар. Адам жүз жылға дейін өмір сүрсе, иттер он-он екі жылдай тіршілік етеді. Дүние жүзінде иттердің 400 тұқымдасы бар көрінеді. Біздің білетініміз қолға үйретілген үй иттері, аңшы иттер, күзет иттер. Ал қалада кішкене иттер сәндік, алданыш үшін ұсталатынын көзіміз көріп жүр. Сондай-ақ қазақтың төбеті мен құмай тазысын, түркімендердің алабайы, неміс, кавказ, Орта Азия, орыстың овчаркаларын көріп, естіп жүрміз. Иттердің есту, көру, иіс сезу мүшелері өте жақсы жетілген. Сондықтан үйретілген қызмет иттерін әскер, шекара күзеті, полиция істерінде әр түрлі объектілерді күзетуге, мал бағуға және тағы басқаға пайдаланады. Бүгінде не көп, үйде ит ұстайтындар көп. Ит өсіру әуесқойлары клубын немесе қоғамын құрып, соған мүшелікке кіріп, қаңғыбас иттерге дейін қамқорлықтарына алып жатқанын, иттерді қорғайтын белсенді еріктілердің жанайқайын телеарналардан байқап отырамыз. Бұл жерде жануарларға аяушылық білдіретін адамдарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қоғамда айтылып жүрген итке байланысты теңеулер, ит деген өткір сөз халықты қан қақсатып жүрген пысықайларға, сыбайлас жемқорларға арналғандай. Олар ішіп-жеп, қара халықты тонап, шет елдерден вилла сатып алып, шалқуда. Ертеде бабаларымыз «Балам, шыдамды бол. Төзімді, мықты адамды итжанды» дейді. «Ит болып кетпе, ит үреді, керуен көшеді» деп сақтандырып, ит арқылы ақыл-кеңесін жеткізіп, баласы айтқанын істемей жынын келтірсе, әкесі «ой, иттің баласы» деп ұрсып отырған. Ит кекшіл келеді. Ол жақсы адам мен жаман адамды ажыратып, аңғарып қояды екен. Мен Байкал деген неміс овчаркасының күшігін сатып алып, асырадым. Өте ақылды болды. Баланың аты бала ғой. Көршімнің баласы оны күшік кезінен кесек атып, тас лақтырып ұрып, мазақ етіп жүрді. Көрші болғасын «өйтпеден» басқа айта алмадым. Байкал денелі, сымбатты жануар болып өсті. Шынжырлап ұстадым. Көршілерге де көрініп тұратын. Ана бала үйінен шығып көрінсе болды, Байкал оған кектене ұмтылып, жұлқына үретінді шығарды. Бір күні босанып кетіп «жыны келтірген» баланы жеп қояр деген сақтықпен Байкалды «Көкшоқы» елді мекенінде жер үйде тұратын ұлыма беріп жібердім. Үруін сап қойды.
Ауылда жүргенде Алыпсоқ, Ақтөс, Құтжол, Бөрібасар, Таймас, Сырттан, Ақтабан тағы басқа атты иттерді еститінбіз. 1960 жылдары ғарышқа ракетамен Белка мен Стрелка деген екі ит ұшырылды. Содан бастап ауылдың иттеріне дейін орысша атауға көшті. Лайка, Мухтар, Линда, Саф, Кутя, Барбос, Байкал, т.б. Иттер де саясатқа ұшырады. Қазақ атам баяғыдан пайымдаған. Мәселен, өзіне жамандық ойлаған кісіге кім болса да «ит екенсің» деген. Жолдасын, досын, махаббатын сатқандарға «маған иттік жаса ма, сен білесің бе, шырағым ау, маған иттік қылдың ғой» деп налиды. Біз білеміз, балаларымыз, немерелер біле ме екен? Күдіктенсе ит үреді, ырылдайды, арсылдайды, тістейді, қабады, ұлиды. Оның күшіктері шәуілдейді, ыңырсиды, қыңсылайды. Қазақша жыл санауда тышқан жылы бірінші тұрса, ит жылы он бірінші болып осында тағы жүр. Сенбесеңіз санаңыз. Тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Қуантарлығы ит доңыздан бұрын келіп, жыл санаққа енуі. Иттің қызығы да көп. Ит – көлік. Солтүстік мұзды мұхиттағы экспедиция адамдары, қалашық тұрғындары, тундраның жұрты ит шанамен жүріп тұратыны белгілі. Иттерді ат, бұғы орнына пайдаланып шанаға жегеді. Олар тез әрі жеңіл көлік ретінде иелеріне қызмет етеді. Үйретілген иттер өздерінің алғырлығымен цирктерде өнер көрсетсе, иіскелеп есірткі, анаша заттарын тауып қылмыс ашуда да адамдарды таңдандыруда. Қалаларда дәу итіңізді де, кішкентайларын да бала ретінде асырап, бағып-қағып «ит – адамға дос және серік» дегенді дәлелдеп отырғандар қаншама. Бос ит серігіне серік. Бұрын біздің малшылар төрт-бес ит асырайтын. Олар айдалада қойшыларға серік болып, сонымен қатар отарды қасқырдан қорғап отырған. Кейде малын итке сеніп қалдырып, кешке қарай қойшы секілді ­отар­­ды қораға айдап кіргізетін иттерді де естігенбіз. Тіпті, кей адамнан да мейірімді итті көргеніңіз бар ма? Мен көрдім. Шиелі кенті, А.Байтұрсынұлы көшесінде бұрынғы «госстрах» мекемесі кеңсесінің алдында бір сұр қаншық, қасында күшігі жатты да қойды. Мен сол арадан күнде ішкі істер бөліміндегі жұмысыма жаяу қатынаймын. Ана ит бес-алты күн қозғалмады. «Бұған не болды екен» деп жақындап қарасам, күшігін машина басып өлтіріпті. Езіп кеткен. Ит баласын аза тұтып қозғалмай жатқаны, тіріліп кете ме деп күшігінің өлі денесін тұмсығымен түрткілегені әлі күнге көз алдымда. Құдды адам сияқты көзінен жас парлап, зарлап қалған итке жаным ашып, бұрылып кеттім. Келесі күні күдерін үзген болу керек, ит орнында жоқ. Машина дөңгелегінен ажал құшқан күшіктің өлі денесі жол үстінде қарайып ұзақ жатты.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, тәрбие тәсілдерін, тәжірибелерін жинақтап отырған. Көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың ішінде де, мысалға иткөйлек, қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесер деген сынды ғұрып бар. Яғни, нәрестені туғанына қырық күн толғанда шашын, тырнағын алып, тұзды суға түсіреді. Оның шешкен көйлегіне кәмпит, пішінәй түйіп, оны иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жетіп, мойнындағы иткөйлекті шешіп, тәттіні бөлісіп жейді. Бала тумай, көтермей жүрген келіншектер иткөйлекті ырымдап алып, Құдайдан сәби күткен. Өмірде «мен сенен бұрын иткөйлек тоздырғанмын» деген сөз содан қалса керек. Баласы қайта-қайта шетіней берген ата-аналар «осы балам тұрсын» деп, Алла тағаладан сұрап, нәрестесіне Итбай, Күшік, Итемген, Италмас т.б. есімдерді қойған. Баласын өмірлі болады деп ырымдаған.
Ит жайлы ырымдар да баршылық. Ит аунаса – жаңбыр жақын деген сөз. Ит ұлыса – жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі көрінеді. Мақалға айналған «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Ит сияқты иісшіл екенсің», «Адамды иттен айырар ұяты, қонаққа келіп үйіңді итше тіміскілейді», «Жиналыста итше талады» деген сөздер қоғамда өріп жүргені рас. Итке байланысты тыйым сөздер де көп. Мәселен, итті теппе, итті боқтама, итке қарсы дәретке отырма, итке ожаумен ас құйма, досыңа ит пен пышақ сыйлама. Қарап отырсақ, адамға айтылған ырымдар итке бұйырыпты. Кешегі қуғын-сүргін (репрессия) кезінде Кеңес өкіметі зиялы азаматтарымызды жазықсыз соттап, суығы минус 50-60 градус болатын Сібірге айдаған. Қазақтар ол жақты «итжеккен» деп атаған. Ит тіпті, түсімізге де енеді. Түсіңізді жорып берейін бе? Егер түсіңізде сізді ит қауып алса, онда өңіңізде бір қатыгез адамның жаласына қаласыз. Жай ғана итті көрсеңіз, онда кішігірім уайымға салынасыз. Түс түлкінің боғы деп сенбесеңіз де санаңыздан түсіңізде көрген итіңіз кетпей, мазасыз күйге түсесіз.
«Достың достығын сөзінен сынама, ісінен сына» деп жатсақ, ит адамға достығын өрттен, судан аман алып шығып, жыртқыш аңдардан (қасқыр, аю) қорғап, полиция бөлімдеріндегі үйретілген иттер ұры-қарыларды, қылмыскерлерді әшкерелеп, көмектеседі. Бірақ иттің (бәрі емес) иттік жасайтынын естен шығаруға болмайды. Жуық арада телеарнадан Солтүстік облыстардың бірінде, қараусыз жабайы иттер 6 жасар қыз баланы талап өлтіргенін көрсетті. Ит адамды тістесе немесе қауып алса, ол кісі дереу дәрігерге көрінуі тиіс. Өйткені, иттер құтырма ауруымен ауырған кезде адамдарға, керек болса өз иелеріне де шабуыл жасайды екен. Қабаған иттері бар азаматтар дарбазасының сыртына «Осторожно! Злая собака» деп жазып қоятыны да сондықтан. Өмір бойы байлаулы тұрған ит босанып кетсе, адам қаппағанда не істейді? Өмірде адамдар бір-біріне иттік жасап жатқанда, ит те иттігін жасап қалғысы келетін шығар. Былайынша киелі жануарға ұқсайтын секілді. Әйтпесе, шетелдіктер биік тұғырға иттің құрметіне ескерткіш қояр ма еді, адамға қойғандай. Мәселен, АҚШ-та Нью-Йорктің орталық паркінде Балто атты итке қола ескерткіш орнатылған. Бұл ит өте қиын жағдайға қарамастан Аляска штатынан Нам қаласына дифтерияның вакцинасын жеткізген. Ескерткіште «Шыдамдылық, адалдық, парасаттылық үшін» деп жазылыпты. Токиода Сибуя станциясында Хатико атты итке де ескерткіш қойылған. Ит өз егесін 9 жыл бойы күтіп, жұмыстан қарсы алуға шығып жүріпті. Оған «Адалдыққа ескерткіш» делініп жазылған. Парижде Сена өзенінің жағалауындағы Альпіде 40 адамды құтқарған Барри атты итке ескерткіш орнатылып, астына «Адамдарды құтқарушы» деп қойыпты. Иә, бір ит біліп үреді, бір ит білмей үреді. «Түлкі жатарда жер таңдамайды» дегендей иттерге де жатар жер болса болғаны.
Менің осындағы ойым, итпен ит болмайық, елдің ертеңін ойлайық. Жаңа сиыр жылы халқымызға мол сыйымен келсін. Құдайым берсін! Түйін сөзім, мына бес күндік жалған дүниеде кім болсаңызда біреуге иттік жасамаңыз. Енді түсінген шығарсыз?! Өтінемін.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі

04 қаңтар 2021 ж. 1 062 0