Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баламен қалай ойнау керек?

Баламен қалай ойнау керек?

Ðаламен Òалай Ð¾Ð¹Ð½Ð°Ñ ÐºÐµÑек?Ойын – отбасыдағы атмосфераны жайлы, көңілді ететін, сенімді қарым-қатынасқа сеп болатын, ата-ана қолындағы өте маңызды құрал. Қазір ойынды тек оқытушы және дамытушы құрал ретінде қабылдайды. Алайда, ойынның басқа да маңызды міндеттері бар. Ойынның негізгі міндеттері: 1. Терапия құралы Көптеген психолог пен психотерапевт осы құралды пайдаланып, ойын арқылы баланы қорқыныштан, сенімсіздіктен (комплекстен) және басқа да негатив факторлардан арылтады. Сондықтан ата-ана да баламен ойнап, біраз проблеманың алдын алуына болады. 2. Отбасыны біріктіру Ойынның тағы бір міндеті – отбасыны біріктіру және жұмылдыру. Ол ата-ана мен бала, аға мен қарындас арасындағы қатынасты мызғымастай берік ете түседі. 3. Баланы оқыту Ойын – 6 жасқа дейінгі балаға қандай да бір ақпаратты оңай әрі қызық жеткізудің ең тиімді әдісі. 4. Эмоциялық энергияны игеру Бала күні бойы мектепте немесе бала-бақшада жүргенде оның эмоциялық энергиясы (психологиялық ұстамдылық) жиналып қалады. Себебі ол күні бойы ұстамды болуы керек, қандай да бір нәрселерге зейін қоюы тиіс және басқа адамдардың арасында отыру қажет болады. Сондықтан бала үйге келгенде соның бәрін сыртқа шығарып, "өшін алу" үшін есіреді, еркелей бастайды, кейде ашуға салынады. Мұндай жағдай болмас үшін, баламен бірге жақсы ойын ойнасаңыз, оның эмоциялық энергиясы дұрыс игеріледі. 5. Эмоциялық дамыту Баланы мейірімді, бастамашыл, зерделі, қамқор, есте жақсы сақтай білетін зейінді етіп дамыту өте маңызды. Егер ойынды сауатты құрастырсаңыз, бала бұл процестен жеңілу, адал ойнау, ережелерді сақтап, өзгелерге құрмет көрсету сияқты біраз нәрсе үйренеді. Баламен ойнаудың негізгі ережелері: - Ата-ана ойынның (тек дамытушы ойындарға мән бермей) барлық міндетін ескеру керек. Жоғарыда айтып кеткендей, ойынның міндеті көп. Сондықтан баланың зияткерлік қабілетін дамыту үшін ғана ойнауды доғарып, баланың жағдайын ескеріп, мысалы, эмоциялық энергиясын басу үшін аса ойлануды қажет етпейтін, баланы демалтатын, өзіне ұнайтын ойын ойнаңыз. - Ойын барлығына ұнау керек. Егер сізге қандай да бір ойын ұнамаса, оны тек қажет деп санағандықтан ғана өзіңізді қинап отырсаңыз, ол ойынды ойнамаңыз. Қазір көптеген пайдалы ақпарат оқып, баланың моторикасын дамыту, онымен лего құрастыру керек екенін біліп жатамыз. Бірақ егер сізге ол ұнамаса, баламен сол легоны құрастырып біткенше сағат қарай берсеңіз, өзіңізді қинамаңыз. Бала оны сезетінін ұмытпаңыз. Ойыннан сіз рақат алмасаңыз, бұл энергия балаға да беріледі. Сондықтан балаға да, сізге де ұнайтын ойын тауып алыңыз. Ойынның мақсаты – барлығын біріктіру, яғни, ата-ана мен бала бір-бірінің ара-қатынасынан рахаттануы керек. - Белсенді ойын ұйқыға 40 минут қалғанға дейін аяқталу қажет. Егер балаңыз бала-бақшадан немесе мектептен шаршап келсе, одан қандай да бір агрессия, ашу байқасаңыз, ол өте белсенді болады. Энергиясын шығарғысы келіп, қандай да бір ілік іздей бастайды. Әдетте бұл ұрыс-керіс, айқаймен аяқталады. Сондықтан баладан теріс энергияны байқаған бойда оған белсенді ойын ұсыныңыз. Бірақ оны ұйқыға 40 минут қалғанда тоқтатыңыз. Егер бала денесі мен эмоциясы басылмай ұйықтаса, ол қорқынышты түс көруі мүмкін немесе түсінде әлі де жүгіріп жүруі мүмкін. Яғни, мазасыз ұйықтайды. Сондықтан ойынды аяқтап, бөлмені желдетіп, балаға аздап су немесе сүт беріңіз. Содан соң баланы құшақтап жатып, баланың тынысын бір қалыпқа келтіріңіз. - Ата-ана (немесе ересек адам) ойын басталмас бұрын нақты ережелерді орнату керек. Егер жеңімпазы бар немесе бір-бірін итеріп жіберуі мүмкін белсенді ойын болса, бірден нақты ережелерді айтыңыз. Мысалы: "Ойында міндетті түрде жеңімпаз және жеңілген адам болады, сондықтан бір-бірімізге ренжімейміз, ұрсыспаймыз және ашуланбаймыз"; "Егер біреу тиіп кетсе, ренжімейміз, белсенді ойын болғасын ондай-ондай болып тұрады". Әрине, бала бұл ережелерді бірден қабылдамайды, жеңілген бала біраз уақыт әлі де ренжуі мүмкін. Ол табиғи құбылыс, сондықтан баланы жеңіле білуге де үйрету маңызды. Себебі адам қате жіберуді де қабылдай біліп, эмоциясын басқара алуы керек. Дегенмен бала ол нәрселерді бірден үйрене алмайды, ата-ана ойлағандай бәрі бірден болмайды. Ол уақытпен келетін нәрсе. Сондықтан, "жеңіліп ашуланатын болсаң, ойнама" деудің орнына сол уақытта балаға қолдап жіберіңіз, көңілін аулаңыз. Бала тыныштанған соң онымен сөйлесіңіз: "Ойында екі адам болғасын біреуі жеңеді, екіншісі жеңіледі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Егер мен (немесе ол) саған жақсы болсын деп әркез өтірік жеңіле берсем, ойын қызық болмай кетеді ғой. Сол сияқты екі адам жастықпен бір-бірін ұрып ойнаса, біреуі екіншісін қаттырақ итеріп жіберуі әбден мүмкін" деген секілді сабырмен сөйлеп, баланы көп нәрсеге үйретуге болады. Эмоциясын қалай дұрыс көрсетуді немесе ондай жағдайда не айтуға болатынын ұсыныңыз. Мысалы, ойыншы баланы итеріп жібергенде ауырып кетсе, "тоқта, үзіліс аламын" деп айтуын сұраңыз. Бұл нәрселер баланың болашақта өзін объективті ұстауына көмектеседі. - Тұрмыс та бала үшін ойын. Балаға түрлі сәнді ойыншықтар алып бергенмен бала анасына (әкесіне) көмектескісі келіп, ас үйде жүреді. Бірақ бала анасының аузынан "балам, жағаласпай басқа бөлмеге баршы" дегеннен басқа ештеңе естімейді. Сөйтіп, түсініксіз сұрақ туады: ата-ана алдымен "кедергі жасама" дейді, содан соң "көмектеспейсің" деп ренжиді. Сондықтан бір нәрсені түсініңіз: бала үшін ең жақсы ойын – ересектер айналысатын істі ересек адаммен бірге жасау. Себебі бала ол істің ересек адам үшін маңызды екенін көреді. Егер қамырдан бірдеңе пісірейін деп жатсаңыз, оған да ұстап көруге мүмкіндік беріңіз. "Ұнды жерге шаштың" деп ұрысудың орнына "сен маған көмектесіп жатырсың, қазір бәліш пісіреміз" деңіз. Аздап ұнның шашылғанында тұрған ештеңе жоқ. Үйдің шаңын сүртіп жүрсеңіз, оған да шүберек беріп, теледидарды сүртуін сұраңыз, оны мақтап қойыңыз. Әрине, бала ол шүберекті суға малғанын қызық көріп, кішкене су шашып алуы мүмкін. Бірақ оның бәрі ұсақ-түйек екенін ұмытпаңыз. Сізге көмектескеніне риза болып, мақтауыңызды естіген бала өзін осы отбасыға керек адам екенін сезінеді, өзіне сенімі арта түседі. Осылай өскен бала анасына (әкесіне) көмектесуден шаршамайды: себебі ол қасиет оның кішкентайынан бойына сіңген, ол үшін біреуге бұл көмек көрсету парыз болып тұрады.

Massaget.kz
17 маусым 2019 ж. 675 0