Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзіміздің Оразәлі

Өзіміздің Оразәлі

Шиелі топырағында дүниеге келіп, туған елінің абыройын асырып, туын көтеріп жүрген азаматтар баршылық. Көбінің осы күні самайларын ақ қырау шалған 60-тың асқарына иек артқан, толысқан дер шағы. Олар Кеңестік жүйенің қатаң идеологиялық шеңберінің босаңсып, тоңы жібіген өткен ғасырдың адамзаттың ғарышқа ұшқан атышулы 1960 жылы дүниеге келгендер. Тағдыр олардың пешенесіне Кеңес дәуірінде туып, тәуелсіз елдің іргесін қаласуды жазыпты. Бүгінгі осы аға буын өкілдерінің қоғамшыл да қауымшыл, мейірлі де пейілді, білікті де білімді болып, қай іске болсын білек сыбана кірісіп кететін белсенді де тәуекелшіл болып келетін өзгешелеу мінезді болатынын қайтерсіз?!
Әрине, тұқым қуалайтын тек, отбасылық тәлім-тәрбиенің орны бөлек болады десек те олардың сөз саптау, ойлау жүйелері мен әрекет амалдарының көбіне ұқсас келіп жататын сәйкестігі жиірек ұшырасады. Өсе келе кісілік келбет болып айқындалар дүниетаным, ықпал етпей қоймайтын сол кездері қалыптасқан қоғамдық сананың да, өрісі бір, ойыны ортақ өскен ортаның да әсері шығар бәлкім. Қанатты сөзге айналған «ай, не шаруа, өкімет өлтірмейді...» дейтін белбеудің бос, жағаның жайлауда болатыны да сол кез. Иіні жарқырап киінбесе де, барға қанағатшыл жұрт барынша тату болатын бірақ. Бүгінгі күннің жанталас-қарбалас, жұмыртқадан жүн қырқатын харекет-пәлекеттеріне мүлдем кереғар, ит екеш итіне дейін арсалаңдап аяғыңа орала кететін тып-тыныш бейқам да барақатты өмір сияқты көрінеді еске алсаң. Бұл шындық. Ел-жұрт есігіне құлып салуды білмейтін. Бұйырған асын ішіп жеп, ымырт үйріле, жаппа тамның сыртқы есігіне ағаш қыстыра салатын үлкендерімен бірге, ауыл үйде ілуде бір болатын көк жәшік (телевизор) алдына сығылысқандар арасына сыналай кіріп, қалғып-мүлгіп кино көру де сол кезге тән қызық-шыжықтар – бүгін 60-ты иектегендердің күнделікті өмірбаянының жазылмай жүрген бірер парағы ғана. Арада ширек ғасыр өтер-өтпесте, қайран ауыл қазағының арқасын кеңге салған қамсыз күндерінің артта қалып, өтпелі кезеңнің атан көтере алмас ауыр жүгінің осы буын өкілдерінің де иығына артылатын салмақ боларын кім білген дейсіз?! Әзірге, мектеп жасындағы сөмке сүйреткен оқушылар ғана. Бұлар мектепке барғанда қызыл галстугі желбіреген, өзінен бірер сынып жоғары оқитын тақылдаған тазалықшы қыз шығар еді алдынан. Әзірейілдей алқымдап алдымен алақан жайдырып, аударып, төңкеріп тырнағын тексеретін. Онсызда тықырлап алынған шашын бүре тарақтағанда ауырсынып, «іф-ф..» деп қылқиған мойнын бұғынса, «тыныш тұр, былай!» деп жекіріп, желкеден алып жағасын аударатын. Тәртіп солай. Кейде тіпті «ышқырыңды аш!» деп зірк ететінін қайтерсің? Резеңкесі батып білеудей болып қызарған қарныңды жарқ еткізесің ондайда. Міне, этикасы ақсаңқырап тұрғанмен, эстетикалық тәлім-тәрбие әліппесінің есігі осылай ашылатын. Міне, осындай немесе осыған ұқсас жағдайлар бүгінгі жігіт ағаларының бәріне де ортақ сағымдай бұлдырап, сағынышқа айналған балалық шақтарының ажырамас бөлігіндей көріністер екені рас. Ескі заманда туып, жаңа заманның көш басында жүру тағдыр-тәлейлеріне жазылған осы бүгінгі аға буын өкілдері қатарында тұлға болып қалыптасып туған топырағының абыройлы азаматы аталып жүрген заманауи автошаруашылық саласының үздік ұйымдастырушысы, аудандық, облыстық мәслихаттың бірнеше дүркін депутаты, «Құрмет» орденінің, «Құрметті автокөлікші» төсбелгісінің иегері Оразәлі Бәйділда досымыз да бар.
Оразәлі – кент орталығындағы Ыбырай Жақаев атындағы №244 орта мектепте оқыған түлек. Үлкен өмірге қадам басқанша балалық болмыс, қиялының қанаттанып, қабырға газетіне алғашқы тырнақалды өлеңдері жария болған киелі ордасын алтын белгімен аяқтаған. Сол жақ омырауына бес жұлдыз таққан октябрят та, жібек галстугі желбіреген пионер де болған. Комсомолға өтіп, өзін санатқа қосылған азамат сезінген күндерінің алыстағаны қаш-а-ан?! Ол кездегілердің көпшілігі аттестат алысымен оқу іздеп үлкен қалаларға барып бақ сынайтын дәстүр бар-тын. Жоғары оқу орнына түссе түсті, түспесе «құладым» деп шабаданын арқалаған көпшілігі ауылға қайтар еді. (Алматыға барып КазГУ-ге құжат тапсырып «құлап» қайтқанның бірі – мына өзіммін) Мектепті ерекше бітірген үздік оқушы Оразәлінің әрине, бірден жолы болып, Қарағанды Политехникалық институтына конкурссыз қабылданды. Астана асып Алматыға барса да болар еді-ау, бірақ жас жігітке бас-көз боларлық сол кездері-ақ аты шыға бастаған от ауызды өнерпаз жыршы, арқалы ақын, туған нағашы-жиен болып келетін Шынболат Ділдәбеков ағасы бар ол жақта. Үйдегі сүйікті әженің қалауы да, анасы Мүкарамның байламы да осы. Бағынбасқа не шара? Әйтеуір, қалаға оқу іздеп бір барып келу шарт болатын өзгелердей емес, қалаған оқуына түсіп, туған Шиелісіне еңсесін тік көтеріп, көңілді қайтқан сол жылы. Осы жылғы жазда жаңа мінген мотоциклымды тырылдатып автобазаға келе қалмаспын ба? Сонда бухгалтерлік қызметтегі әпкемді тосып, кеңсе ғимаратының алдында тұрмын. Кенет жүрелей шылым тартып отырған талдырмаш көкшіл көзді балғын жігітке көзім түсті. Жатырқасып жатсынбастан, шүйіркелесіп әңгімелесе кеттік. Жезқазғанға барып, политехникалық институтқа оқуға түсіп келгенін айтты. Жастық қой, мерейі тасып, көзінен ұшқын атып тұр. Тілге жүйрік, мектепте жүріп-ақ көшбасшы (лидер) болғанын пайымдауға боларлық екпіні бар. Айрылысар шақта, нақ бір жұлып алғандай серпінмен «Құдай қаласа, тура 5 жылдан кейін келіп, осы автобазаны аяғынан тік тұрғызамын!» деп сайрап тұр?!. Күлмейді, әзілі жоқ әңгімесі ұмытылмастай әсер етті. Сөзі түйеден түскендей ірі, нық сенім, байсалды байлам. Күлкім келсе де, өзімді тежеп «Мынауың тегін бала болмады, бірақ, сәл мақтаншақтау ма өзі қалай?» деп таңырқай да, қызыға да қарағаным күні бүгінгідей әлі есімде. Тегін бала болмағаны араға жылдар өткенде расқа шықты. «Жақсы сөз – жарым ырыс», құдай аузына салып, періштелер «аумин» деген екен да. Дәл 5 жыл өткенде жүк тасымалдау кәсіпорны болып құрылған, дәл сол автобазаның әуелгіде колонна бастығы қызметінен жұмысын бастап, бас инженерлігіне дейінгі сатыдан өткен оның 1993 жылы директорлыққа тағайындалғаны кездейсоқ сәйкестік пе екен? Айтқаны келгені анық әйтеуір. Осы қызметте оның бағы да жанды, абыройы да асты. Қалай болғанда да, аз ғана жылдарда аяғынан тік тұрған кәсіпорын бүкіл Республикаға танымал іргелі автошаруашылық болғанына дүйім Шиелі жұртшылығы куә.
Бір ғана кейіпкердің төңірегіндегі шағын мақалада балалық шақты қозғап, өткен заманды ежіктеу мақсат емес-ті. Әйтсе де, осы буын өкілдерінің өтпелі кездің өліара шағында қиындықтарға мойымай, белбеудің босап бел кетерлік тәуекелдерден өтіп, өзі ғана емес, өзгелерге де нан боларлық кәсіптің көзін тауып, тұлға болып танылуында қандай сыр бар? Осы ақыр түбі қайыр болған соқтықпалы-соқпақты жолды жүріп өтуде септігін тигізіп, серіппедей серпін берген күрескерлік қасиеттердің қалыптасу түп төркіні қай жерде? Барлық жағдайы жасалған балалар бақшасына бармап еді ғой олар. Жаздай доп қуып, қыстай коньки теуіп жүріп-ақ шынығып, шымыр өсті ме екен? Міне, осы сарындас сауалдардың жауабын олардың балалық шақтағы тәлім-дағдыларынан тапқандай болған жайым ғой. Анығында, бүгінгідей «өл-тіріл» әйтеуір бір диплом алу үрдіске айналмаған. Әркім шама-шарқынша біреуден ілгері, біреуден кейін өмір кешетін, бәссіз бәсекесі жоқ, несиеге белшеден батып бала «оқытатын», өзіне де өзгеге де керексіз, түп төркіні шикі, табақтай диплом құшақтап, жұмыс таппай сенделіп сергелдеңге түспейтін, жасы толса әскерге өз еркімен кетіп, оны өзінің қасиетті борышым деп санайтын, жарамсыз деп танылуды (қазіргі жастардың бар арманы) – қыз-қырқынның бетіне қарай алмайтын өліммен тең масқара деп санайтын өткен заманның да тағылымы мол тәлім тәрбиесі аз болмағаны ғой (осы аз ғана мысалды бүгінгі күннің кейбір келеңсіз көріністерімен өзіңіз-ақ салыстырып көре берсеңіз болады). Шиелінің түстігіндегі ұлы жол бойынан іргесі көтеріле бастаған заманауи сапаржай құрылысын бастауы да тегін емес екен. Бүгіндері кент орталығындағы жалғыз сапаржай мен автовокзал ғимаратын да, қызмет сатысымен аз ғана уақыт директоры болған кезінде күрделі жөндеуден өткізіп, өз заманына лайықты безендіріп, халыққа мүлтіксіз қызметін қамтамасыз еткені көпшілік жадынан шыға қоймаса керек.
Оразәлі де «Ай-хой, 25-не» дейін ел жүрегі болып саналатын Мәскеу қаласында көсемдерді күзететін коменданттық батальонда солдат ботқасын жеп, автомат асынған. Әжесі мен анасына, туған жерге деген сағынышы көкірегінен өлең болып құйылып, елге бұрқыратып хаттар жазыпты. Сол жылдары өндіріп жазғанға ұқсайды. Оған жыр мен сырға толған көк дәптерлерден үзінділер оқып қалатын кездеріміз кепіл. Өмір арнасы басқа арнаға ойысып кеткен Оразәлі егер бірыңғай қаламгерлікке бет бұрғанда үлкен шығармашылық биіктерден көрінуге толық мүмкіндігі бар екеніне күмән жоқ. Шығармашылық потенциялы өте жоғары оның бұл қасиеті – ашыңқырап, үңіле жазуды қажет ететін, кезеңі келгенде қаузай жатарлық өз алдына бір тақырып.
Ал Оразәлі Бәйділданың бүгінгі күнгі бет-бейнесі мен болмыс-бітімі ұзақ жылдардан бері аудан халқының көз алдында өтіп келеді. Мақтасақ та, мақтансақ та боларлық оның бүгінгі шыққан биігі оп-оңай келе салған жоқ-ты. Әкеден 2 жасында қалған оған атадан қалар мол мұра бұйырмапты. Оның есесін, жас өмірі тым ерте үзілген жан әкенің жалғыз мұрагеріне қалдырған тек-тамыры, қанымен берілер асыл қасиеттері мен кескін-келбет ұқсастығы ғана толтырыпты. Әкесі Әбдіманаптың саяқ жүрмес көпшіл, қолындағы барын дос-жаранның бір пәстік сауық сайранына шашып жіберетін есепсіз мырзалығына қоса, үйінде үнем қалмаса да байпатшадай алшаң басып жүруді ұнататын серілік қасиеті болғанын бірді-екілі замандас­тары мен ошағының отын өшірмей, артында қалған жалғыз тұяғын азамат етіп тәрбиелей алған Мүкарам қажы анамыздан оқта-текте еститініміз бар. Естиміз де, «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге...» дейтін сөздің парқын пайымдайсың. Қиыннан қиыстырып көсіп дүние де тауып, кешіп рахатына да жұмсайтын күлшелі жігіт болғанға ұқсайды. Жақсыдан қалған көздей болып жарқылдап, жақсылардың жанынан табылатын Оразәліге ғана тән боп келетін көп мінездерінің туған әкеден ауыспай, ғайыптан келмегені анық қой. Оның да досы көп, солардың ортасында шалқып жүретіні өзіне жарасып та тұрады. Оның сонау студент күндерінен бері жалғасып, бір туған бауырдай сыйласып келе жатқан мемлекет, және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменовпен арадағы Астана мен Шиелінің арасын айдау жол қылған шынайы сыйластығының өзі неге тұрады?!. Жас та, жасамыс та, ақын да, әкім де, үлкен кішілер арасында Оразәліні дос көретіндердің қарасы қалың. Және оның олардан аянатын ештеңесі жоқ, әйтеуір бір қажетін өтеп риза етіп жүретіні баршаға аян, боямасыз шындық. Қанға тартпас қазақ бола ма? «Ұқсамасаң – тумағыр» деп осындайда айтқан-ақ шығар.
«Бойыма бастау берген байтақ ағын,
Әкесіз оңға басар қай талабым?!
Ұмытып қалатындай жаттамасам,
Жасымнан әке есімін қайталадым.
Сол есім көңіліме тілеу болып,
Сол есім жүрегіме сүйеу болып,
Өзі жоқ болғанымен көзімін деп,
Келемін қастер тұтып, иемденіп» деп тағы бірде «Әкемнің кір шалмаған жағасымын...» дейтін перзенттік сағынышқа толы мұңды өлең шумақтарын жазбаушы ма еді Орекең?
Оразәліге бүгінгі күнгі абырой атағы оп-оңай келе салған жоқ-ты. Мекеменің негізгі құралдарын заманауи техникамен жабдықтау, жұмыс көлемін айқындау мен материалдық-техникалық базаның тендер шарттарына сақадай сай дайындығы міне осының барлығы да өзі ғана атқаруы тиіс ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Мыңдаған шақырымдық жол жүру мен айларға созылатын іс сапарлардың, ұйқысыз күндер мен мазасыз түндердің өтеуімен ғана келетін ұйымдастыру шаралары. Деннің саулығына да қиянат, жүрекке де жүк артатын үлкен жұмыстар. «Жүргенге ғана жөргем ілінетін» осы заманда басқаша болуы мүмкін де емес осы жүкті Оразәлі сонау 1993 жылдан бері үздіксіз арқалап келеді. Нарық заңдылығының жазылмаған баптары мен айтылмайтын шарттары төңірегінде кездесе беретін небір қитұрқы тосқауылдардан бірде айналып, бірде басып өтетін кездері де аз емес. Ел тәуелсіздігінің өтпелі кезеңіндегі сол қиын кездері, «Арғымақ» АҚ-да аудандағы ұжым болып сақталып қалған бірден-бір мекеме болып жұмыс орындары сақталды. Әр отбасында кемінде 4-5 адам, байып кетпесе де, тұрақты айлық табыстарының болып нәпақа айырғаны ол кездері орасан ерлік, бүгінгі өлшеммен де үлкен жетістік екеніне дау жоқ. Оның арасында облыстық, аудандық мәслихат депутаты ретіндегі қоғамдық жүктемелер, азаматтық ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік аясындағы қаншама игі істер мен бастамалардың ортасында болатыны тағы бар. Достыққа берік, әлсізге қорған, торыққанныңда жебеушің, тарыққаныңда демеушің бола алатын жаны жомарт, сөзіне мәрт отызында орда бұзып, қырқында қамал алды дейтін жігіттің сойы осындай-ақ болар?! Мұқтаждарға үй алып беру, балаларының оқу ақысын төлеу т.б өзі айта бергенді қаламайтын «бір қолмен бергенді екінші қолым білмесінді» ұстанған сауапты істері көп. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан да өнеге боларлық осы бастамаларын қабырғалас қатар жүрген бізге айту парыз. Олай болса, бірін бірі «батырым» дейтін болар елдің балаларына тән ықылас пейілімізбен, қатар өскен құрбы достардың бүгінгі жетістігіне қуанып, келер буынға үлгі етіп айта жүрсек, мадақтап, дәріптей жүрсек, мақтана аларлық өзіміздің де шыққан тауымыздың биік болғаны емес пе?! Әттең, бір кем дүние, Оразәлі достың өзі бағындырған биігі мен алған асуларын, өмірден тым жас кеткен әкесінің көре алмағаны еске түскен сайын жүрегінің шым етіп, елжірей сағынар көңілінің босайтын кездері болатынға ұқсайды. Ондайда жар құшағынан жас қалған анасын арқалағандай болып, қажылық сапармен зиярат етуін қамтамасыз ете алған перзенттік борышын өтей алғанына шүкіршілік етіп тәубе айтатын да болар бәлки. Бәрібір орны бөлек жан әкенің елес бейнесі шабытын шақырып, сағыныш мұңы кірпікке ілінген тамшыдай қағаз бетіне өлең болып түсетін шерлі шақтары аз еместей. Азап пен мұң тұнған поэзияның өміршең өлшемі болар тарихи тағлым бар емес пе еді?
«Тұлпарлар топ басында жығылады,
Ертерек бетке алғанмен құбыланы.
Ұлың бар жоқтатпайтын орыныңды,
Жан әке, жығылған жоқ туың әлі.
Жан әке, есіміңе табынамын,
Сөнбейтін шамың болып жағыламын.
Мен барда мәңгі тірі өлмес бейнең,
Ешқашан құламайды шаңырағың» дейтін өлең жолдарынан тұңғиық тебіреністер тербеген шым-шым ойлардың үзіліп түскен сыры мен сипатын аңғарар едіңіз. Иә, әзиз анасын алақанына салып, немере жетектеген қадірменді Оразәлі достың алар асуы әлі алда. Өлең серігіңмен өмір көрігіңді қыздырып әрқашанда аман жүр, қадірменді дос!

Исабек Сәрсенбайұлы
21 желтоқсан 2020 ж. 436 0