Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа жедел әрі сапалы қызмет ұсынады

Халыққа жедел әрі сапалы қызмет ұсынады

Адамның көп бас сұғатын жері халыққа қызмет көрсету орталығы. Өмірге келгеннен бастап, зейнетке шыққанша халықты керекті құжатпен қамтамасыз ететін орынның талабы қоғамдық сұраныстарға қарай өзгеріп отырады. Қайткенде де тұрғындардың жұмысын жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылтып, уақытын үнемдеу үшін мемлекеттің заңына сай жұмыстарды жүзеге асырады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтардың қажетіне жарап, тиісті қызмет түрлерін алуға бірнеше жылдан бері жағдай жасап келеді. Әйтсе де әлемді шарпыған пандемия кезеңінде онлайн қызметтің ауадай қажеттілігі анық байқалды. Осы салада 7 жылдан астам уақыт қызмет істеп келе жатқан білікті мамандар Мақпал Ақшалова мен Шолпан Жауынбаеваның сөзінше қазіргі таңда көптеген қызметтер орталыққа келуді қажет етпейді. Үйден отырып-ақ көптеген қызмет түрлерін алуға мүмкіндік бар. Аталған азаматшалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Шиелі аудандық бөлімінде қызмет атқарады.

М.Болатқызының айтуын­ша­ азаматтардың арасында әлі де түсінбеушілік басым. «Бөлімшеге келіп жатқан көптеген азаматтар электронды түрде қол жетімді қызметтерді үйден емес бөлімшеден алғанды жөн көреді. Осы себепті біз азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын одан әрі арттырып, халыққа қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз. Себебі электронды қызмет арқылы біз азаматтардың уақытын үнемдеп, қауіпті кеселден барынша сақтануға жағдай жасаймыз» – деді.
Ал енді egov.kz порталында қол жетімді қызметтер түрін тізбектеген Ш.Маратқызы «Порталда өзіңіздің электронды қолтаңбаңыз арқылы 100-ден астам қызмет түрлерін пайдалана аласыз. Егер электронды қолтаңбаңыз болмаған жағдайда жеке компьютеріңіз арқылы ашып алсаңыз болады. Оны ашу жолдары порталда видеонұсқаулықпен баяндалған. Сіз электронды түрде қолдана алатын қызмет түрлері: АӘК, Жер учаскесіне актілер дайындау, үй кезегіне тіркеу, тұрғылықты жер бойынша тіркеу, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекті брондау; жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы, сотталғандығы болуы не болмауы туралы, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларда қатысуы туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы, тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы, заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы анықтамаларға үйде отырып қол жеткізе аласыздар» – деп түйіндеді сөзін.
Айта кетейік «EgovKzBot»,­ «Телеграмм бот» пен смартфоныңызға арналған мобильді қосымша да керек кезде қажетіңізге жарайтыны сөзсіз. «EgovKzBot» көмегімен қызметтерді алу кезінде сұрақтар туындаған жағдайда тәулік бойы 1414 нөмірі арқылы тегін кеңес беретін бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады. Міне осы сынды қажетті ақпараттармен бөлісіп, халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге бекінген қос маманның еңбегі еселі. Таңнан қара кешке дейін жүздеген адамның қажетін тауып, құжатын түзеу де оңай іс емес. Көзге көрініп, көпке елене бермейтін халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының әр күні осындай маңызға ие.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 желтоқсан 2020 ж. 458 0