Азаматтың абыройын асқақтатқан Ақтоты
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі де байқалмайды.
Бүкіл мәдениет атаулы дамып, жаһандану заманына аяқ басқанда біздің отбасылық, әулеттік құндылықтарымызды сақтап, оны соңымыздан ерген келесі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдыру – біздің қоғам алдындағы адами борышымыз. Кезінде әйгілі сөз зергері, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов «Ара-тұра бір нәрселер жетпей жатса, ол – жоқшылықтан емес, тоқшылықтан болған тоқыраудың салдары, көңілдің көзі біткендіктен, ниеттің тарылғандығынан, қу құлқынның құлы болып құлдыраудан ғана көру керек» деген екен. Қазіргі таңда рухани азғындыққа душар болған айналаң толы тобыр. Бұл дегеніміз – біздің халқымыз үшін нағыз қасірет.
Әйгілі философ Салюский «Байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды, дүниеге құмарлық жүрген жерде адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді» дейді. Күнделікті тұрмыста мұндай жайттарға куә болған сайын келешек жастардың тағдырына алаңдаушылық оқымыстылар мен зиялы қауым тарапынан үдеп барады.
Есімі елге танымал Сырым батыр туралы бір әңгімеде Нұралы хан:
– Әй, Сырым, неге сәлемдеспейсің, асып жүрмісің? – депті. Сонда Сырым жұлып алғандай:
– Хан ием, асып жүргенім жоқ, қара қазақтың басын қоса алмай сасып жүрмін, – деп жауап берген екен.
Мен де зиялы қауымның ақыл-ойларымен сусындаған сайын «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергекке» басып, соңымнан ерген ұрпағымның есті болып, еңсесі түспей, ақылдан айнымай, айбыны артып жүрсе екен деп армандаймын. Қолыма қалам алдыртқан да сол – сан алуан ойларым мен алдыма қойған мақсат-міндеттерім еді. Тағдыр мені небір ғажайып ақылды азаматтармен, ақылына көркі сай тамаша қыз-келіншектермен таныстырып, табыстырып келеді.
Аттарына ғана емес, іс-әрекеттеріне, даналық, даралық, далалық ойлау жүйелеріне өзім қанық болған алаш арыстарынан менің көкейіме түйгенім қаншалықты көп болса, мен де соншалықты ой иірімдеріне бойлай бердім.
Әркім – өз өмірінің иесі. Мен туған жерімді, елімді қаншалықты ыстық ықыласпен жақсы көрсем, оған соншалықты адал қызмет еттім. Ұрпақ тәрбиеледім. Мамандығыма адал болдым. Мамандығыма ғана емес, сыйласқан дос-жаранға да адал болдым. 50-55 жылдан, 40-45 жылдан, 30-35 жылдан бері сыйласып келе жатқан достарым бар.
Тау жалғызсырай ма?
Қойнында тарландар жүрсе?!
Бау жалғызсырай ма?
Қойнында бағбандар жүрсе?! (М.Ә.)
Менің тарландарым да, бағбандарым да – достарым. Достық ұзақтығымен ғана қымбат емес, қимас опалығымен де қымбат.
Бірде испандық ұлы суретші Пабло Пикассо өзінің қаламгер досына:
– Кел, қарсы алдыма отыра қал, суретіңді салайын, – депті. Атақты жазушы досы орындыққа отырып үлгергенше Пикассо:
– Әзір болды, – депті.
– Оу, бұның қалай? Көзді ашып-жұмғанша қалай дайын болды? Арада әлі бес минут та өткен жоқ қой! – деп таңырқайды. Сонда суретші досы:
– Есіңде болсын, мен сені білгелі қырық жылдың жүзі болды, – деген екен.
«Айнаға қарап емес, адамға қарап түзел» деген емес пе? Кім болса да төңірегіндегілермен төрге шығып, айналасындағылармен алысқа ұмтылады.
Жүрген жүрісі, киім киісі қандай көркем болса, ішкі жан-дүниесінің де тазалығы сұлу, жинақылық, тәртіптілікті жанына серік еткен, еліктің лағындай елеңдеп тұратын, көзі оттай жайнаған ақылды да пайымды Ақтоты десе Ақтоты – Сапардай асқақ әрі сері азаматтың жарына менің ғашық болғаныма да 30-40 жылдай болып қалыпты. Ол – ардақты ұстаз, ардагер. Үлпілдетіп ұл-қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Пейілі кең, қонақжай, жаңалыққа жаны құмар, достық қарым-қатынасқа адал жан. Көргім келіп тұрады. Сапар ағамызбен екеуінің отбасылық одағы ерекше. Ағамыз тағдырдың небір сынынан өтіп барып, Ақтотыдай аруды жанына серік еткенде қараңғы үйдің шамы жарқ етіп жанғандай болғанына ел-жұрт қатты сүйсінген еді. Сапардың өз талғамы, өз биігі, өз абырой-атағы бар. Ақтоты сол бір азаматтың омырауына қадаған алқызыл гүлдей жарасым тауып тұрады. Мен осы бір отбасын ерекше құрмет тұтамын. Екеуі де – ауданның білім беру саласына еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар, ардагер ақылшылар.
Ақтоты да, Сапар ағамыз да – өсіп-өнген текті әулеттен тараған жандар. Ақтоты өзінің ата тегі туралы сөз қозғағанда сонау қызыл империяның ылаңынан «байдың тұқымдары» деген қудалауға ұшырап, жастық шақтарын өзге елде өткізген ата-анасының көрген қиындықтарына өзегі өртеніп, жанарына жас келеді, әділетсіздікке күйінеді.
– Әкемнің жастық шағы «бай-құлақтың ұрпағы» деген жаламен қудаланып, бөтен елдерде өтті. Оған дәлел – бір баласы Өзбекстанда, бір баласы Тәжікстанда, бір баласы қырғыз жерінде дүниеге келді. Кенже қызы ғана Қазақстанда туылды. Ал Шиеліге 1965 жылы ғана көшіп келдік, – деп сыр шертеді ол. Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының өлеңдерін жатқа айтып, эпостық жырларды балаларына жаттатып өсірген Әбсадық аға домбыра шертіп, саятшылықпен айналысқан сері кісі болған екен. Ақтотының анасы Орынбасар апамыз он саусағынан өнері тамған тігінші, тоқымашы шебер болғандықтан, сонау 60-70 жылдарда-ақ отбасында кәсіпшілікпен айналысып, ұл-қыздарын еңбекпен шынықтырып, ұлттық өнерге көздерін қанықтырып тәрбиелегенін ел біледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі Ақтоты Әбсадыққызы – Шиелі ауданы білім беру ісіне ерен еңбек сіңірген тәлімді ұстаз. Таңның атысы, күннің батысы, Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектептің оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын жетілдіруге қосқан үлесі үшін ол «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, «Аға мұғалім» атағына ие болды.
Сапар ағамыз бен Ақтотының үлкен ұлдары Ерман Қызылордада қызметте болса, Ерлан мен Айгүл Оралда, Рахаты Алматыда өз мамандықтарымен еңбек етуде. Кенже ұлдары Алмас оқуда. Бұл отбасы ағайын-туғандармен қатар, өздері оқытқан шәкірттері, дос-жарандары үшін де қадірлі әрі өнегелі.
Ел құрметіне бөленген Ақтоты Әбсадыққызы осы күндері киелі қара шаңырақтың үлгілі иесі, Сапардай асыл азаматтың абыройын асқақтатып отырған асыл жары, балауса балғын немерелерінің қамқор әжесі.
Гүлқадиша НЫСАНБАЕВА,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері,
педагог-зерттеуші.
Алматы қаласы
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері,
педагог-зерттеуші.
Алматы қаласы