ҚОҢЫРАУ ТАҒЫЛҒАН ҚАСҚЫР

«Біреулер қасқырға қоңырау тағып жіберсең, ол үйіріне барып қосылады да, бәрі сол маңнан қарасын батырады» деді. Солай етіп көргім келді. Бір күні Бөріойнақтың қалыңындағы қақпаныма қасқырдың арланы түсіпті. Оны байлап-матап тастадым да ауылға шаптым. Қызық көрсін деп бір топ адамды ерте келдім. Қоңырауды мойнына байлаған соң, босатып едік, қасқыр орнынан қозғалмады. Мен бір сырықты алып түрткілеп жүріп әрең тұрғыздым. Өзгелер машина кузовына мініп тамашалап тұр. Әлгі қасқыр елу қадамдай жүріп барып жата кетті. Қоңырау үнін жаратпады-ау деймін, оны алдыңғы аяғымен баса құлап, тұмсығын үстіне қойыпты. Сырықпен түрткілеп едім, қимылдамады. Содан соң сол күйі тастап кетіп қалдық. Ертесіне келсем, сол баяғы орнынан тапжылмапты. Не керек, үшінші күні сол жерде өліп жатты. Күйіктен кетті-ау деймін. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дегендей үйірін сатпады көкжалың. Адам сондай жағдайға түссе қайтер еді?..»
Нұрмахан ЕЛТАЙ