Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Фотография – өміршең өнер

Фотография – өміршең өнер

Фотография – өміршең өнер. Қатпарлы тарих керуенінің қас-қағым сәттерін әсем суреттеп, келешек ұрпаққа жеткізген ғылымның ғажап жетістігі деуге болады. Қылқалам шебері Леонардо до Винчи кезінен негізі қаланып, 1800 жылы британдық Гэмфри Дэви мен Томас Веджвудтардың тәжірибелік жетілдіруінен өтіп, 1839 жылы Луи Дагер дейтін өнертапқыштың үздіксіз ізденісінің арқасында фотография өнері жарқырай түсіп, бүгінде қоғамның келбеті мен тыныс-тіршілігін айқындайтын маңызды бағытына айналды.
Ал қазақы фотоөнер тарихының біздің топырақтан, яғни Бөкей ордасынан басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Көрнекті ақын, аудармашы Шәңгерей Бөкеев – қазақтың тұңғыш фотографы. Жалпы фотосурет – бақыттың, қуаныштың, той-томалақтың, туған күндердің жарқын бейнесі. Әркім өзінің қас-қағым сәттерінің ең бір керемет сәтін фотомен таңбалауға құмар. Бірақ ең қымбат фотоаппаратты сатып ала салып небір таңғажайыпқа толы фотосуреттерді өмірге әкелемін деу бекершілік. Дегенмен бүгінгі таңда суретке түсіру өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген жандар жетерлік. Солардың бірі – Әбілқасым Өтеулиев.
Бізде «қалыпқа сыймайтын адам» деген түсінік бар. Ол – айналасындағыларға ұқсамайтын, тұрмысы да, түсінігі де бөлектеу жан. Оның ерекшелігі сырт көзге оғаш көрінуі мүмкін, бірақ өзіне ыңғайлы. Ол – еркін әрі ерек. Мұндай адамдар қарапайым дүниеден ерекше туынды шығаратын шығармашылыққа бейім келеді. Сол секілді бүгінгі кейіпкеріміз де ауданда фотография саласында 34 жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер. 1970 жылдың 17-ші наурызында дүние есігін ашқан Ә.Ділдабайұлының есім-сойын халық жақсы таниды. Бала күнінен сурет әлеміне аңсары ауған кәсіпкер 10-сынып оқып жүргенде-ақ фотографтардың жұмысына қызығып, фотоға түсіруге әуестенеді. Мектеп қабырғасында жүріп фотограф болуды армандаған жас жігіт ең алғаш «Смена» маркалы фотоаппаратпен өз сыныбының бітіру кешіндегі естелік суреттерін түсіріп, альбом жасайды. Осылайша бұл жұмыстың қыр-сырына қанық болған жігіт ағасы ең алғаш кәсіби түрде 1987 жылы кәсіпті бас­тайды.
«Мөлдір» дәріханасының ескі ғимаратында орналасқан «Ерасыл» фото-салонының ішіне енсеңіз ерекше атмосфераны байқауға болады. Келген тұтынушыны жылы шырай танытып қарсы алатын фотограф қиялыңызға қанат бітіріп, ойыңыздағы дүниеге жан бітіріп жібереді. Бұл күндері фотомозайка, түрлі көлемдегі портреттер, шақыру билеттері мен мектеп бітіру кеші және той суреттерін ерекше дизайнмен әрлеп, сәндеу жұмыстарының кәнігі маманына айналған.
– Түсірген суреттерім тұтынушының көңілінен шығуы үшін ол аңғармай тұрған кішкентай детальдың өзіне ерекше мән беремін. Оны басқа қырынан көру фотографтың басты міндеті. Тіпті бұл күндері жас жұбайларды суретке түсіру үшін барғанда, оның ата-аналары танып, кезінде бізді де сіз фотоға түсірген едіңіз деп алғысын жаудыратын кездер көп. Сурет сөйлеп тұрса оның да менің де көңілім тоқ, жұмысым жемісті болады. Ең бастысы адал еңбекпен тапқан табысқа не жетсін? – дейді Ә.Өтеулиев. Расында, еңбектің ақысына емес, жұмыстың сапасына назар аударатын кәсіпкердің ісінде береке бар. Тәжірибелі кәсіпкер алдына келіп ақыл сұраған жас фотографтардың талайына тәлім беріп, фотоөнердің қыр-сырын меңгеруге бағыт-бағдар көрсетеді. Ал олардың әрбірі сол үйренген кәсібін нәсібіне айналдырып жүр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 қараша 2020 ж. 608 0