Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орамал төңірегіндегі ой

Орамал төңірегіндегі ой

Қазақта «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» деген сөз кеңінен тараған. Бұдан бөлек көпшілік орында киіміңе қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салатыны да жасырын емес. Сондықтан әр адам отырысқа немесе жиналысқа барғанда ғана емес, үйдің ішінде де әдемі әрі жинақы киінуге тырысады. Киім демекші әр ұлттың болмысына сай келетін өзіндік киіну үлгісі бар. Өзге салт-дәстүрлер сияқты киім кию үлгісі де көптің ішіндегі адамның қай ұлттың өкілі екенінен хабар беріп тұрады.
Мәселен, күнделікті көгілдір экраннан көріп жүрген үнді және қытай елінің киноларына қарап-ақ олардың ұлттық киімі сари мен ханьфу екенін аңғаруға болады. Сол сияқты неміс әйелдері мен ерлерінің ұлттық киімі тархтен деп аталады, ал тек әйелдерге тән киім диридль екен. Ал Францияның ұлттық киімі ұзын белдемшеден, жеңді кофтадан, корсаждан, алжапқыштан тұрады. Бұл елдің ерлері болса дамбал, гетры, жейде, күртеше, қамзол мен мойын орамалын киеді. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші жер бетінде қанша ел болса, сонша ұлттық киім бар. Осы орайда қазақ елінің өзіне тән дәстүрлі киімінен де аттап өте алмаймыз. Иә, қазақ халқы өзге елдерден ерекше салт-дәстүрі және әдет-ғұрыптарымен ерекшеленеді. Киімді де жасына сай кию тек біздің елге ғана тән шығар, сірә. Мәселен, қазақ халқының тұрмысқа шықпаған қыздары жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен қайта оралмас қыз дәуреннің белгісіндей бұрымын әсемдеп өріп қойып, шолпысын сылдырлатып жүретін болған. «Көрінер қыздар сұлу шашбау­­ымен, бұрымын кейін сілкіп тастауымен» деп өлең жолдарында айтылғандай қазақ қызы ешқашан шашын жасырмаған. Тіпті «Қыз басына ақ, қара орамал тақпайды. Ақ – жаулық, қара – қайғы» деп қыздарды тыйған.
Ықылым заманнан қазақта орамалды қыз өзге шаңырақтың босағасын аттап, келін болғанда ғана таққан. Өйткені орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Келіннің орамал тағудағы негізгі мақсаты – бала емізгенде, тамақ істегенде тазалық сақтау. Сондай-ақ жас келінге көптің көзі жиі түсетін болғандықтан да орамал тағу қалыптасқан. Ал кимешекке келер болсақ, оны елімізде келіндер балалы болғаннан кейін киген. Ертеден келе жатқан салтқа сенсек, кимешек кию – ана болғанның белгісі. Кимешектің де әртүрлі оқиғаға арналған сан түрі болады. Мәселен, ою салып, моншақпен әрлеу оның жолдасы бар екенін білдірсе, жесір қалған әйелдер кимешектің ою-өрнегін алып таққан. Ал әйел егде тартып, әже атанар жасқа келгенде кимешегін барынша қарапайымдатып, оның үстіне жаулық жапқан. «Ақ жаулықты әже» тіркесі осыдан шықса керек. Сондай-ақ кимешек көшпелі өмірге бейімделгендіктен, әйел көшіп-қонған сайын денесін таза, жылы ұстау үшін де кимешекті жиі пайдаланған.
Әрине, бұл күні заманның заңына орай киім киісіміз де өзгеріске ұшырады. Қыздардың бұрынғыдай тақия мен бөрік киюі екіталай. Алайда ел арасында әлі де орамал тағатын келіншектер мен кимешек киетін әжелер баршылық. Сондай-ақ жас қыздардың да орамал тағып, ұзын көйлек киіп, бет-аузын толық тұмшалап жүргенін байқау қиын емес. Мұндай киім кию үлгісі көбіне хиджаб, пәренже деп аталады. Дәл осы киімдер де дәл қазір қоғамда қызу талқылануда. Екіге жарылған қоғамның бір тобы хиджаб киюшілерді қолдаса, екінші жағы хиджабты қазаққа жат киім деп топшылауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының сөзіне сүйенсек, хиджаб жамылғы деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұрынғы бас мүфти «Хиджаб – арабтардың киімі. Себебі олар ислам дінінен бұрын осы киімді киген. Ал никаб, пәренжені Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран халықтары қолданады» деп ашып айтқан. Хиджаб өзге ұлттың киімі болғанымен, оның қыз-келіншектердің денесін көрсетпей, қымтап тұратыны ұнамды. Алайда қазақтың киімі мен тәрбиесі де ислам мәдениетімен тығыз байланысты. Қазақы киімдердің ішінде кеудесі ашық, етегі қысқасы болмаған. Ата-бабаларымыз қыз дүниеге келген кезде-ақ оның ар-ұяты алтын қазынасы екенін санасына сіңіріп, ұятты жерлерін барынша жабық ұстауға тәрбиелеген. Тағылымды тәрбиенің арқасында қазақ қыздары арын аяққа таптатудан ада болған. Ата-бабаларымыз «Салтымызда орамал тағу болмаған» деп ешқандай қызды ашық, қысқа киіндіріп қоймаған. Керісінше оны әдет-ғұрпымен сабақтастырып, ою-өрнегімен көркемдеп, өзінің төл киім үлгісін дайындаған. Бүгінгі таңда да заман талабына сай әурет жерді жабатын, салтпен сабақтастыратын киімді неге тікпеске? Сол кезде қыздар қауымы бір жағынан өздерін сұқ көзден қорғап, ашық-шашық киінбейді, ал екінші жағынан қоғамда орамал дауы азаяды. Тағы бір айта кететін жайт, көпшілікке орамал туралы ой салмас бұрын, иман мәселесін, сенім негіздерін насихаттаған жөн. Иман мәселесі шешілген қоғамда хиджаб кию, орамал тағу және басқа да кикілжің тудырып жүрген мәселелер өздігінен шешіледі. Діни сауаттылықты арттырмас бұрын орамал туралы сөз қозғау, иман туралы жете түсінбеген адамға орамал тағуды насихаттау – уықсыз шаңырақ көтергенмен тең.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
21 қараша 2020 ж. 714 0