Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІМ – САҒЫНЫШЫМ

ШИЕЛІМ – САҒЫНЫШЫМ

ШИЕЛІМ – САҒЫНЫШЫМ

Сені ойлаймын алдында таңғы астың да,
Саған деген мейірім қанбас, тыңда:
Әуел бастан ғашық жан атағым бар,
Мен өзіңді сүюден танбаспын да.

Тойың болса, ағайын, хақылың бар,
Ел дегенде сөз бе екен шақырымдар.
Туған жерді бір көріп қайту маған
Бір ғанибет,
Мені де шақырыңдар.

Біреулерге айналса бақ сағымға,
Біреулерге айналса ақша мұңға,
Менің мынау жүрісім,
Шиелінің,
Өзі түгіл, сағынып ақ шаңын да.

Бәрі есімде, құдай-ау, бәрі есімде,
Таңнан тұрып әжемнің сәресінде
Ақ жамылып есіктен кіріп келіп,
Сенетінмін алдым деп зәресін де.

Бәрі есімде
Тербеген шабытымды ән,
Жастық шақтың сырлары ағытылған,
Тойлар өткен жағасы «Ақөзектің»,
Құм, даласы, көлдері, бағы тұнған.

Ақбұлақтың жайлауы гүл қаптаған,
Арулары есімде бұлғақтаған.
«Майшы» барсам басынан «Шәулімшенің»,
Ақ шәлісін тұрғандай бұлғап маған.

Қарасаң да қай тұстан кілең керім,
Қаратаудың созылған сілемдерін.
«Табақбұлақ», «Қыземшек» қарсы алады,
Жайып тастап көк майса кілемдерін.

«Қос шоқының» бірі атаң, бірі енеңдей,
«Дарбазадан» әрі асып жүре бермей,
Қарт Қаратау жер сүзіп мұрынымен,
Шиеліге ат басын тірегендей.

Тектілігі төсінде кең керілген,
Сынағансып сүйеді жеңге еріннен.
Сырға барсам жабысып жібермейді,
Шеңгелі де тартқылап жеңдерімнен.

Адамға жоқ жаттығы, ғайбат сөзі,
Ерлерімен әйгілі аймаққа өзі.
Жалынымен жалпылдап қарсы алады,
Сексеуілдің оттағы жайнап көзі.

Бестам барсам қуанам,
Білемін де
Жүргенімді сақ баба, ғұн елінде.
Қол орақпен сан рет күрішті орып,
Ыбырайдың түнегем түбегінде.

Шығады алдан аға, іні-сүйікті адам,
Жан емеспін сәлемді сый ұқпаған.
Қарсы алады желкілдеп жыңғылы да,
Құрағы да бастарын иіп маған.

Басам қалай көңілді алып ұшқан,
Көз алдымда Сарысу малы ығысқан,
Дария ассам алады құшағына,
Күйіп-жанып Қызылқұм сағыныштан.

Шиесін де жиі аңсап сан келемін,
Тілді үйірген қауын мен әңгелегін.
Басығара батырға тағзым етем,
Қандыкөйлек серігі Хан-Кененің.

Есінде елдің Бұдабай, Мәнсүр ақын,
Нартай әні түн түріп, таң сыратын.
Ел шетіне жау тисе Жаназарым,
Аттан салып атына қамшы ұратын.

Датқаларды ұмыту қайшы ұғымға,
Ер Тұрғанбай дес берген қай сыныңда.
Тұрсынбай мен Торғай да ел басқарған,
Досбол, Балабилер де, Байсының да.

Дәстүр мұнда екі етпеу би кесімін,
Атамайды келіндер үйде есімін.
Балбыратып бойыңды жіберетін,
Айтсаңшы иісін жантақ пен жидесінің.

Бұл өңірдің білсеңіз киесі мың,
Оқшы баба ерліктің иесі ұғын.
Мұнда Асан Қайғының өзі жатыр,
Ізі жатыр жанында түйесінің.

Шіркін, мұндай бақытты бағалар кім,
Жердің қайдан жұмағын таба алармын?!
Жатыр мұнда рухы Қыш пен Ғайып,
Бақты, Дәуіт, Есабыз бабалардың.

Жатыр мұнда, сырқырап сай-саламыз,
Даңқын елге жыр етіп жайсаң – аңыз.
Қожаберген жыраудың бәйбішесі,
«Елім-айдың» авторы Айша анамыз.

Зәрін шашқан заманда аласүргін,
Баспасын деп қазақтың даласын мұң,
Бар түркінің атанып Мұстафасы,
Айбынына айналған Алашымның.

Жаралғандай Әбділда ақын ардан,
Қалмақанның тарихта аты қалған.
Ғарышында ғылымның тұр бүгінде,
Шарықтатып шоқтығын Шахмардан.

Өмірі өткен қуғын мен бұралаңда,
Иманжүсіп бүгінде тұр алаңда.
Мұхамеджан сыншы да жетті келіп,
Ауылы бар Шегеннің сұрағанға.

Қоңыратбай әулеті – бәрі неткен
Дерсің данаіздерін жарық еткен.
Шиелінің сұрасаң шежіресін,
Ізде Қалжан, Әуелбек, Әлібектен.

Қаршадайдан атанған жас қарымды,
Мойындамас бұл әлем басқа іріңді.
Хан көтеріп, құрметпен қарсы ал бүгін,
Көзі тірі ғұлама Асқарыңды.

Байқаймысың ерекше орта мұнда,
Өзіңменен, Шиелім, зор таңым да.
Мен сүйемін сондықтан киелім деп,
Туған жердің құм, тасын, сортаңын да.

Болашақпен өлшенер жас талабы,
Әлі талай су ағып, тас қалады.
Сүю деген бүгін де, ертең де емес,
Дәл осы бір сәтіңнен басталады.

Ізі қалар ақса да бұлақ бір күн,
Күмәніңді көңілден лақтырғын!
Білгің келсе сен мені, кеудемдегі
Дүрсіліне жүректің құлақ түргін!

Жазираның жолдарын жарқыратып,
О, туған жер, таңдарым жатыр атып.
Жүйткіп әлем!
Қабыл ал мен келемін,
Қара аспанның түндерін қақыратып!

Мұрат КҮЛІМБЕТ
17 қараша 2020 ж. 974 0