Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкендіктің де қайтарымы бар

Үлкендіктің де қайтарымы бар

Жақында аудандық «Өскен өңір» газетінде ауданның «Құрметті азаматы» Өркен Исмаилдың «Үлкендік және биіктік» деген мақаласы жария­­ланды. Оқып шығып, ойға қалдық. Шынында қазақта үлкендікке аса мән беріледі, «Үлкенің бар ма» дейді, үлкенді пір тұтады, айтқанын істейді, соңынан ереді. Өзін үлкен санап, елдің атынан сөйлеп, елге егемін деп жүрген азаматтарға да мақала ой салатын шығар. Менің үлкендігімнің дәрежесі қандай? Шын мәнінде үлкендікті қабылдап, оны өз дәрежесінде алып жүрмін бе? Өз тарапымнан қандай қасиетіммен, үлгі-өнегеммен жұртқа қолбасшы бола аламын деген ойлар мазалайтын шығар. Үлкендік пен биіктік – қатар алып жүретін қасиет. Бір-бірін толықтырып отырады. Үлкен болу үшін ақыл-парасатың, адамгершілік қасиеттерің, ар-ожданың туған жерге, елге, оның азаматтарына деген махаббатың ерекше болуы керек. Ол қасиеттер бойыңда болмаса жалаң сөзбен, жалған сезіммен халықтың жүрегінен орын ала алмайсың. Үлкендіктің әділ сыншысы – халық. Халық үлкендікті қалай алып жүргендігіннің әділ бағасын береді. «Мен үлкенмін» деп кеудесін керіп жүргендердің көбісінің бағасын халық беріп қойған. Бірақ халық бірден саған быттитып айтпайды. Кезі келгенде айтады.
Үлкендіктің әділ өлшемі – жеке басыңның қадір-қасиетімен басқаларға үлгі болу. Әрине, үлкендікті, биіктікті зор парасаттылықпен алып жүрген ағаларымның бар екенін мақтаныш көремін. Бірақ солардың ішінен Киікбай, Қалдыбай, Өмірзақ ағаларыма деген ризашылығым бөлек. Оларға ортақ қасиет әкім-қазылардың есігін орынсыз сығаламайды. Кеңсе жағаламайды. Шақырып ақыл сұраса, айтатын өмірлік тәрбиелері бар. Кез келген басшыға бағыт-бағдар беруге биіктіктері жетеді. Өмірзақ пен Қалдыбай ауданның ардагерлер кеңесінің алқа мүшелеріне «Жасымыз сексенге толып қалды, енді мына жерде отыра беруді артық көреміз. Орнымызға жастар келсін. Жас­тар қысылмай, қымтырылмай емін-еркін жұмыс істесін. Кез келген уақытта бағыт-бағдар беруге дайынбыз» деп ешкім қумай өз еріктерімен кетуі нағыз үлкендік, биіктік емес пе?
Сейілбек Шаухаманов ағамыз 1983 жылы ауданымызға бірінші хатшы болып келген кезде әрбір бюросын 4-5 сағат өткізіп, жүйкесі шыдамағандар күңкілдеп жатса, Қалдыбай ағамыз жайдары қалпымен «Ойпырмай, біздің Сәке қалай бәрін біле берген, біле берген» деп жұрттың көңілін жадыратып жіберетін. Не деген биіктік демеске амалың жоқ.
Ауданды С.Шаухаманов ағамызға дейін де талай азаматтар басқарып елдің есінде қалды. Сыр бойының мақтанышы десек те жарасатын Исатай Әбдікәрімов ағамыз облыс партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде Шиелінің бір азаматы оңашада «Есаға, осы біздің Шиеліден неге бірінші хатшы шықпайды?» деп сұрапты. Есаға «Шиелі халқы момын, ертерек сауаттанған, мәдениеті жоғары бірақ мықтысын мықты деп мойындамай етектен тартатын, жақсысын жақсы деп айта алмайтын іштарлық, халықтың жалпақтығы мен жалтақтығы басым. Сондықтан орталарынан ешкімді тәрбиелеп шығара алмайды» деген екен. Сол жалтақтық пен жалпақтық ғасырға жуық әлі етектен тартып келе жатыр. Автордың мақалада айтқан үлкендерімізден ауданға келген басшыларды жасы кіші баласындай болса да «Еке, Иеке» деп атауы сол жалтақтықтың әзір санадан кете қоймайтын заңды жалғасы. Ол – барлығымыздың санамызды жаулап алған ауыр кесел. Мен де сол кеселдің арқасында бір әкім інімізден естен кетпейтін ескерту алдым. Аудан әкімі екеуміз әкімшіліктің есігіне қатар келіп қалдық, мен оны өткізіп жібергім келіп, алда келе жатсам да тұрып қалып «сіз өтіңіз» деген кезімде, әкім інім «Ей, біздің Шиелінің ардагерлері-ай! Осы сендердің жалтақтарыңнан ғой, біздің өспей жүргеніміз. Алдымда келе жатырсыз, өте бермейсіз бе, орынсыз жалтақтамай» деген кезде жердің тесігі болса кіріп кете жаздадым.
Шиелінің халқы көп жағдайда ауданда атқарылып жатқан қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды Жаңақорған ауданымен салыстырады. Өйткені халық үшін жасалып жатқан игі істерде көрші ауданның үлкендерінің үлкендігі, биіктігі байқалады. Әсіресе, «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» күре жолының кезінде анық байқалды. Жаңақорған ауданының Шиелімен шекаралас Сунақ ата ауылынан бастап барлық елді мекендерге, әулие қорымдарының тұсында кіріп, шығатын жолдары бар. Ал керісінше, Шиелі ауданында Ақмаядан бастап кіріп шығатын жол қарастырмаған. Ақмая егісіне бару үшін Сунақ атаны аралап қайтады. Төңкеріс, Еңбекші тұсында өткел қалмаған. Қазаққа белгілі жеті әулиені зиярат қылу үшін Бәйгеқұмнан айналасыз. Осындай мәселеге кезінде біздің ауданның үлкендері неге араласпады? Неге халықтың жағдайына қараспады? Нағыз үлкендік халыққа жанның ашуы осы жерде керек емес пе?
Уақыт шіркін зымырап өтіп жатыр. Бойымыздағы жалтақтық пен жалпақтықтан да арылатын уақыт жақындаған сыңайлы. Өйткені Өркеннің «Үлкендік пен биіктік» туралы мақаласы сананың жемісі. Біз өспегенмен халықтың санасы өсіп келе жатыр. Халықты өсуге итермелеп жатқан олардың жағдайы, тыныс-тіршілігі. Үлкендеріміз әкімі келсе, сөз сөйлесе, халықтың жағдайын айтпай риза қылып жіберіп жатса, келген әкімді қолтығына алып, елдің, халықтың жағдайының шынайылығын айтпаса, халықтың жағдайы күннен күнге нашарламай ма? Біздің идеялогиямыздың нашарлап жатқаны даусыз. Уран өндіріп, байлығымызды алып жатқан мекемелерден әлеуметтік жауапкершілікті талап етіп, олардың бетін халықтың жағдайын жасауға бұру, елдің әлжуаз топтарын сол мекемелер арқылы жұмыспен қамтуға ықпал ету үлкендеріміздің халық үшін атқаратын игі істерінің бірі болуы қажет, қазіргі уақыт талабы – осы. Біз осының бәрін көріп жүргенімізбен бізді алмастыратын ұрпақ бар екенін де естен шығармағанымыз абзал. Артымыздан айтары бар Насыр, Рысдәулет, Бағлан, Әбдіғани, Оразәлі, Болат Күлімбетов, тағы басқа інілеріміздің үлкен шоғыры өсіп келе жатыр. Біздің жалтақтығымыздан Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» деген қасиетті атақты да жұтаңдатып алдық. Кейінгі жылдары бұл атақты Шиелі де бір күн жұмыс істемеген, Шиелінің халқы үшін маңдайы терлемеген азаматтар да алып жатыр. Абылай бабамыз Бұқар жырауды қиын жерде сөз табатын ақындығы, қол бастайтын батылдығы үшін жанынан тастамаған, құрметтеген. Ал біздің ауданның сыртта жүрген ақын-жазушылары Сәрсенбек Бекмұратұлы қандай құрметке болса да лайық емес пе? Сәрсенбек Бекмұратұлы өткен жылы 70-ке толып, марқайып еліне барып, туған жердің топырағын тәу етемін деп, Шиелінің бір уыс топырағын жанынан тастамай жүрсе де, туған жерден көңілсіз қайтты. Туған жерге 25-30 жылдай қызмет жасаған Мәткәрім Баймаханов, Бегайдар Жүсіпов те қай құрметке болса да лайық. «Ақсақ киік» әніне бүкіл қазақ тәнті болған, пандемия кезінде әдемі әнімен халыққа қолдау көрсеткен, Президенттің «Алғыс медалін» алған Әлмырза Ноғайбаев та – лайықты азаматтардың бірі, бірегейі. Елден жырақ жүрсекте Өркеннің мақаласы әрбір елге жаны ашитын азаматтың ойында жүрген мәселе болғандықтан біз де қолымызға қалам алып газет бетінде жарияланған мақалаға осылайша үн қосып жатырмыз. Елмен жүрегіміз, тілегіміз бірге. Ендігі қысқа ғұмырдың санаулы күндерінде елден алыстай алмаймыз. Жазған мақаламның, білдірген ой-пікірімнің артық-кемі болса алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер менің бұл пайымыма түсіністікпен, кешіріммен қарауларыңызды өтінем.
Қорыта айтқанда, қазақта «Алмақтың да салмағы бар» демекші мойнына алған үлкендіктің де қайтарымы бар екенін, үлкендіктің алдында тізе бүгіп, оның сара жолына түсіп, оны мойындап, халқына, еліне адал қызмет еткен абзал.

Есіркеп Шәдібеков,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
10 қараша 2020 ж. 462 0