Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «HONEYMOOD» – ТӘТТІГЕ ТОЛЫ ДӘМДІ ҮЙ

«HONEYMOOD» – ТӘТТІГЕ ТОЛЫ ДӘМДІ ҮЙ

Бүгінде кондитерлік өнімдер өндіретін фабрикалар бар. Бірақ тәтті пісірудің қыр-сырын үйрететін мамандар тапшы. Соңғы жылдары өз бетінше торт пісіруді үйреніп жүргендер жетерлік. Дегенмен күлше пісіретін бірлі-жарым жеке кәсіпкерлер болмаса, торт пісіру жаппай дами қойған жоқ. Ал жас кәсіпкер Назерке Имантаеваның алдағы мақсаты – кондитерлік өнімнің өрісін кеңейту.
Тілшілік тіршілікпен жүріп аудан ішіндегі тың өзгерістерге де көз тастай жүретін әдетіміз бар. Екі айдан бері Яссауи көшесінің басында, маңдайшасына «HONEYMOOD» деп жарқарата іліп қойған ерекше ғимараттың ішінде не өндірілетінін білуге көңіл ынтығып жүрді. Әйтеуір сәті түспеген іс бір мезетте шешімін таба кетті. Туысыма тәтті торт сыйламаққа бекінгенде көптің таңдауы осы кондитер дүкеніне түсті. Расында, небәрі ашылғанына 2 ай ғана болған тәтті пісіретін жаңа ғимараттың ішін де ерекше дизайнмен әрлеп қойған. Кірген сәтте «сізге қуаныш сыйлаймыз» деген жазу көзге түсіп, көңіліміз де көтеріңкі күйге бөленді. Жібектей мінезді қос апалы-сіңілі Назерке мен Жансая Имантаевалар «Бастаудан» бастау алған кәсібі жайында тарқатып берді.
Бір жылға жуық үйден тапсырыспен торт пісіріп бастаған Назеркенің негізгі мамандығы мұғалім болса, Жансая эколог маманы екен. Еркін шығармашылықты жаны қалаған Назерке мұғалім болып ұзақ жұмыс істемейді. Әрлеу, сәндеу, жаңа туынды шығару сынды жаңашылдыққа құмар ол тәтті пісіруді осылай қолға алады. Ең әуелі Астана қаласындағы «Jam» студиясында бір жарым айлық кәсіби мамандандырылған кондитер курсын оқып шығады. Ал кіші қыз Жансая «Бастау» бизнес жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, 550 мың теңге қайтарымсыз грантты иеленеді. Кәсіптің көзін тапқан қос қарлығаш аудан орталығынан тәтті толы дүкенін ашып, ішінде торт пісіруге қажетті дүниелерді де сатады.
– Торттың дәмді шығуы оны ерекше ықыласпен жасауыңа байланысты. Сондай-ақ оған қосылатын қоспалардың жоғары сапада болғанын басты назарда ұстаймын. Сол себепті тортқа қосылатын барлық затты Алматы қаласынан арнайы тапсырыс­пен алдырамыз. Оның өзі үлкен жұмыс. Дегенмен бұл заттар аудан ішінде қымбат тұрады. Ал торттың бағасы тым қымбат болса тұтынушылар да азайып кетуі мүмкін, – деді Н.Әбдіғалымқызы. Сонымен қатар бала күтімінде отырған келіншектер мен қызығушылығы бар қыздар үшін арнайы шеберлік класын да ұйымдастырып тұратынын тілге тиек етті. Онда түрлі торттар мен француз тәттілерін пісіруді үйретеді. Ал ақысы 10-15 мың теңгенің арасында екен.





«Қазір торт пісірудің әдістерін үйрететін мастер-класс көп. Білмейтін жаңа дүниені үйренген жөн. Үйренгеніңді пайдаға жаратпасаң, мастер-кластың бәріне бірдей қатыса берудің пайдасы жоқ. Қатысқанымен, жаңа дүниені үйренбесең бәрі бекер. Интернеттен жауабын таба алмаған тәсілдерді шеберлердің әдіс-тәсілдеріне қарап үйренуге болады.
Әсіресе, шоу тортқа сұраныс көп. Үлкен торттарды безендіруге уақыт көп кетеді. Шоу тортты пісіруге шеберлік керек. Безендіру де – бір өнер. Тортты сәндеу тұтас бір шығарма жазғанмен бірдей. Қазір көпшілігі ашық түстерге баса мән береді. Әсіресе, қызыл, жасыл, көк түстерге тапсырыс көп. Балалар туған күні, мерекелік кештерге арналған тортта әркім өзіне ұнайтын кейіпкеріне тапсырыс береді. Кішкентайлар сүйікті кейіпкерлерінің қасы-көзі, іс-қимылын жатқа білетіндіктен, торт та «тірі кейіпкер» сияқты болуы керек. Сонда ғана балаларға қуаныш сыйлайды. Шоу торт сонысымен де ерекше. Бір мереке, туған күн, тойда тапсырысты бірінші рет берген адам келесі де қайта тапсырыс берсе, еңбегімнің далаға кетпегені деп есептеймін» дейді ол.
Еш ойланбастан пісірген торттарының бірін меңзеп, «дәмін татып көріңіздер» деген кейіпкеріміздің ісіне қарап кәнігі шебер екен дерсіз. Өз-өзіне сенімді нағыз маманға тән бұл қасиеті де, пісірген тәттісі де көптің көңілінен шығып жүрген кейіпкеріміздің әр күні, әр сағаты жоспарлы.
«Торт пісіру, оны сату, тапсырысты тарату үшін күн тәртібімді жоспарлап қоямын. Бос уақыт тауып әр пісірген тортқа бір жаңалық қосқым келеді. Көбінесе шетелдік кондитерлерге еліктеймін. Себебі олардың көзқарасы өзгеше. Эксперимент жасаудан қорықпайды. Қазақстанда да шетелдік кондитерлердің әдістерін енгізсем деймін. Кондитерлік дүкендер желісін дамыту үшін ең әуелі қаражат керек. Қаражат болған күннің өзінде бизнес жоспар жүйелі болмаса, көздеген мақсатқа жету қиын. Тек қана жарнамамен бизнесті дамытамын деу бекершілік. Өйткені пісірген торт тұтынушыға ұнамаса, сұраныс та болмайды. Дәмді, сәнді торт жарнамасыз да өтімді. Шетелден үйреніп, кәдеге жаратсақ ұтарымыз көп» деп көкейдегісін бөліскен кондитер қыздың мақсаты да айқын.
Сөзіміздің әлқиссасында тәттіге толы дәмді үйдің атауына зер салған едік. «Honey-бал, Mood» көңіл-күй деген мағынаны береді, яғни тәтті көңіл-күй сыйлаймыз деген ұғымға саяды деген қос кәсіпкер қыздың ісі сәтті, өнімі тәтті болсын деп тіледік бізде.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
06 қараша 2020 ж. 2 034 0