Қалың мал, қайда барасың?

Иә, қалың мал беру еліміздің әр өңірінде бар. Дегенмен әр аймақтың өзіндік тәртібі өзгеше. Мысалы, оңтүстік өңірлердегі қалың малдың құны орташа есеппен 1 млн теңгеден асса, ал батыс, солтүстік аймақтарда қыздың қалың малы мүлдем берілмейді екен. Бұл қазақтың «Теңін тапса тегін береріне» саяды. Яғни екі жақ өзара келісіп, балаларының бақыты үшін ешқандай қалың малсыз батасын береді. Дегенмен әркім көрпесіне қарай көсілген жөн. Ал шығыста қалың мал емес, той мал деп атайды екен. Бұл жерде де орташа есеппен 500 мың теңгені құрайды. Десе де «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп ата салттан аттамауды да дәріптеп отырған. Өйткені тарих беттерін парақтасақ, қалың мал беру дәстүрі XVIII ғасырда пайда болған. Оны белгілі қоғам қайраткері, дарынды жазушы С.Көбеевтің көпшілікке мәлім «Қалың мал» романынан байқауға болады.
Халқымыз қыз баласын «Қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету», «Қыз өссе, елдің көркі». «Қыз – қонақ» деп сыйлайды, құрметтейді. Міне, сол себептен болар, қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсіріп бойжеткізеді. Қыз балиғат жасқа жеткенде оны өзінің теңіне қосып, бүтін бір әулеттің келіні атануына ата-ананың үлесі басым.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Иә, ата-баба аманаттаған, тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлер қашанда тәрбие құралы екені анық. Олардың барлығы өскелең ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, ізеттілікке, ержүректілікке, шыдамдылыққа, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа, қонақжайлылыққа бейімдейді. Қазақта әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан игі салт-дәстүрлер бар екені белгілі. Қалың мал беруді де солардың қатарына жатқызуға болады.
Фариза КЕНЖЕШОВА