Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шешім қабылдай алу маңызды

Шешім қабылдай алу маңызды

Таңмен бірге таласа оянған бала Ермектің көңілін бір сұрақ мазалады. Алаңсыз, бейқам шайын ішіп отырған атасына келді де, «Өмірде шешім қабылдай білу маңызды ма?» деп сұрады. Жұдырықтай бала жүрегінің алысқа көз жүгіртіп, ойы ұшқырланып қалған немересінің тосыннан қойған сауалына атасы күлімсірей қарады. Шынында, бұл бала Ермек түгілі, ересектердің де көкейіндегі шешімін таппаған сауал болуы мүмкін. Сондықтан біз осы тақырыпқа тереңірек тоқталып, талқылағанды жөн санадық.
Күнделікті тіршілікте «Не істесем екен?», «Бұл шешімім дұрыс бола ма?» деген ойлардың жетегінде жүреміз. Кейбіреулері ешкіммен санаспай, өзі қалаған ойын жүзеге асырады. Яғни бойы жүрексіну, қорқу деген қасиеттерден ада. Ал енді біреулердің керісінше өзі шешім қабылдауға қауқарсыз. Өйткені, оның бойында қорқынышы басым. Психолог мамандардың пікірінше «Шешім қабылдау – өмірдегі күрделі процесс. Ол адамның дүниетанымына, біліміне, көзқарасына байланысты жүзеге асады екен. Шынында, алдынан екі таңдау жол көрінгенде, әрбір адам қай жағына бағытын бұрарын білмей, тосырқап қалатыны рас. Десек те, «Пешенемізге жазылған тағдыр осы болар?!» деп бұғып жатпай, бақытты болашаққа бастайтын жолмен жүрген абзалырақ. Шешім қабылдаудың адам өміріндегі маңыздылығы туралы психолог Ләззат Төлешова толығырақ тарқатып берді.
– Жалпы шешім қабылдай білуді бала кезден үйрету керек. Олай болмаған жағдайда ес біліп, етек жинаған сәтте де «Шешімді қалай қабылдаймын?» деген сияқты сұрақтар санасына қарша борап, маза бермейді. Соның салдарынан сенімсіздікке бой алдырып, күдіктен арыла алмайды. Ал оның нәтижесі құлдырауға алып келеді. Мен де мектептегі балалармен жұмыс істегенде, яғни психологиялық тренингтер, ашық сабақтар, ойындар өткізгенде ең алдымен осы тақырыпқа көп көңіл бөлемін. Өйткені, өзіне сенімсіз адам өте әлсіз келеді. Өздеріңіз білетіндей, қазір тіпті жаһандану заманы. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Болашақ жастардың қолында». Сондықтан әрбір өскелең ұрпақ мықты тұлға болып қалыптасу керек. Ал ол үшін ең алдымен дұрыс шешім қабылдай алу маңызды. Ол бір жағынан баланың көшбасшылық қабілетін арттырады, – дейді психолог маман.
Озық технологияларды меңгеруден әлем бойынша көш бастап тұрған жапон халқының «Шешім қабылдап болып ойланғанша, ойланып шешім қабылда» деген керемет мақалы бар. Бажайлай қарасақ, астарында терең мән-мағына, мазмұн жатыр. Қазақтың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақалы да осыған саяды. Иә, шынында кез келген үлкенді-кішілі байламыңды ұзақ ойланып, толғанып барып шешім шығарған жөн, сонда ғана ойлаған дүниең нәтижелі болары хақ. Ата-ана мен бауырлардың ойын білген дұрыс, десек те шешімді соңында әр адам өзі қабылдай білуі керек.

Фариза КЕНЖЕШОВА
14 шілде 2020 ж. 1 039 0