Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Корновирус тіркелген кездегі оның әрі қарай таралмауын және аурудың алдын алуды ұйымдастырудың тәсілдері туралы

Корновирус тіркелген кездегі оның әрі қарай таралмауын және аурудың алдын алуды ұйымдастырудың тәсілдері туралы

Шиелі ауданаралық ауруханасына COVID -19 жұқпасына күдікті азаматтар биылғы жылдың 31-ші наурызынан бастап жатты, барлығы COVID -19 жұқпасымен 66 науқас тіркеліп, олардың 60-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды, 5 науқас аудандық ауруханадан толық емдерін аяқтады, енді бір науқас шетел студенті – Шиелі ауданының тумасы. Студент Москвадан Қызылорда қаласына келген мезетте ПЦР зерттемесі нәтижесімен науқас ретінде тіркелген. Науқастар короновирусты жұқпаны емдеуге арналған №89-90 емдеу-диагостикалау хаттамаларына сәйкес, вирусқа қарсы ем қабылдады. Жазылып шыққан барлық азамат қазіргі уақытта аймақтық медицина қызметкерлерінің бақылауында, жағдайлары қанағаттанарлық. Әр науқас анықталған сайын олармен жақын байланыста болған тұлғалар стационарда немесе үйде оқшауланып, жұқпаның бар-жоғын ПЦР әдісімен анықтау арқылы вирустың одан әрі таралмауына қадағалау жасалып отырды. Зерттеме нәтижесі теріс болған азаматтар 14 күн бойы карантиндік бақылауға қалдырылып отырды. Биылғы жылдың 1-ші сәуірінен бері 382 адам осы мақсатта оқшауланып, бақылаудан алынды. COVID -19 жұқпасының басқа жақтан кіруін болдырмау үшін басқа елден, басқа облыстан, басқа аудандардан Шиеліге келіп кірген әрбір азаматты бірнеше күнге оқшаулап, оларды да вирусологиялық тексеруден өткізіп отырдық. Бүгінгі таңға осы сүзгіден өткен азаматтар саны 315 болып, барлық бақылауда болып шыққандардың жалпы саны 697-ке жетіп отыр, одан бөлек үй карантинінде оқшауланған 93 азамат бар.

COVID-19 жұқтыру тәуекелі жоғары болған адамдар үшін карантин түрін тағайындау тәртібі
COVID-19-ды жұқтыру тәуекелі жоғары болған адамдар тәуекел дәрежесіне байланысты жақын және ықтимал байланыс болып бөлінеді.
COVID-19 расталған жағдайының жақын байланысы:
– COVID-19 жағдайымен бір тұрғын үйде бірге тұратын адам;
– COVID-19 жағдайымен немесе COVID-19 жағдайының инфекциялық бөлінділерімен қорғалмаған тікелей байланыс болған адам (мысалы, жөтелу, қол алысу және т.б.);
– COVID-19 жағдайымен 15 минуттан артық және одан да астам уақыт жабық үй-жайда бірге болған адам (мысалы, сынып, кеңес өткізуге арналған бөлме, ауруханадағы күту бөлмесі және т.б.);
– COVID-19 жағдайына тікелей күтімді қамтамасыз ететін медицина қызметкері немесе басқа да адам немесе ұсынылған жеке қорғаныш құралсыз немесе оны қолдануды бұзу мүмкіндігімен COVID-19 жағдайының биоүлгілерімен жұмыс істеген зертхана мамандары;
– ұшақта, қалааралық қатынастағы автобуста, поезда, COVID-19 жағдайынан кез келген бағытта екі орындық арақашықтықта болған байланыста болған адам, сондай-ақ COVID-19 жағдайы ұшқан ұшақта секцияға қызмет көрсеткен экипаж мүшелері айқындалады.
Эпидемиологиялық байланыстың болуы COVID-19 жағдайы ауру (симптомдарының пайда болуы немесе) басталғанға дейін 14 күн бойы қаралады.

Ықтимал байланыс:
– бұл COVID-19 жағдайлары тіркелген елдерден/аумақтардан келген адам;
– ұшақта, пойызда, автобуста COVID-19 жағдайымен бірге болған, бірақ онымен жақын байланыста болмаған адамдар.
Жақын және ықтимал байланыста болған адамдар карантинге жатқызылады:
– Оқшаулау жағдайлары болған кезде жақын байланыстар үйде оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар белгілеген үй-жайларда оқшаулау ұсынылады.
– Шетелден келген барлық адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшаулауға жатады. СОVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтиже алған адамдар емдеуге арналған инфекциялық стационарға ауыстырылады, СОVID – 19-ға теріс нәтиже алған адамдар 12 тәулік ішінде үйде (үй карантин) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар белгілеген үй-жайларда оқшаулау ұсынылады.

Байланыста болған адамдарды тасымалдаудың да өзіндік тәртібі бар:
– Клиникалық белгілермен байланыста болған адамдар провизорлық стационарға (бөлімшеге) жедел медициналық жәрдем машинасымен жіберіледі;
– Ықтимал байланыста болған адамдар тұрғылықты, орналасқан жері бойынша өзін-өзі оқшаулауға жағдай болмаған жағдайда карантиндік стационарға тасымалдануы тиіс;
– Байланыста болған адамдарды оқшаулауға арналған карантиндік стационарға қойылатын ең аз талаптарды сақтай отырып оқшаулаймыз;
– Байланыста болған адамдарды карантинге тасымалдау арнайы көлікпен (автобус, шағын автобус), мүмкіндігінше жүргізуші кабинасын салоннан оқшаулай отырып жүзеге асырылады, бүріккішпен, дезинфекциялауға арналған инвентармен және құралдармен, байланыста болған адамдар үшін қорғаныш маскаларының қорымен, медициналық қалдықтарды жинауға арналған бір рет қолданылатын құралдармен жабдықталады;
– Медицина қызметкерлері, арнайы көлік құралының жүргізушісі жеке қорғаныш құралдарын толық киіп жұмыс істейді;
– Байланыста болған адамдарды тасымалдау жеке қорғаныш құралдарымен эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып жүзеге асырылады;
– Арнайы көлік құралдары әр тасымалдағанға дейін және одан кейін жуылуы және дезинфекциялануы тиіс, қызметкерлердің қорғаныш және жұмыс киімдері тасымалдау аяқталғаннан кейін дезинфекцияланады;
– Медициналық ұйымдарда дезинфекциялауды олардың персоналы жүргізеді. Сондай-ақ науқасты қарап-тексеру жүргізген персоналдың киімі және медициналық құрал-саймандар зарарсыздандырылуы тиіс;
– Карантиндік стационарды байланыста болған адамдардың, келушілердің, көліктің кіруін/шығуын, заттардың, өнімдердің және т.б. әкелінуін/шығарылуын қатаң бақылау үшін полиция жасақтары тәулік бойы күзетуді қамтамасыз етеді. Полиция жасақтары жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі және жұмыс істейді.
Вирустың тез таралатынын, жұғу қабілетінің жоғарылығын ескеріп, тек COVID -19 жұқпасымен ауырған науқастармен байланыс­та болған адамдарды емес, жалпы аудан халқын, оның ішінде әсіресе, көпшілікпен жұмыс істейтін контингентті скринингтік тексерумен қаму өте маңызды. Осы мақсатта аудандық ауруханада эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрылған штабтың ұйымдастыруымен облыстық вирусологиялық орталықтың көмегімен 31.03.2020-12.05.2020 аралығында 1576 ПЦР зерттемесі жасалды. ҚР ДСМ-нің 29.04.2020 ж. № 5108/1.4-15/8106 шығыс хатына сәйкес COVID -19 жұқпасына қатысты 3 категориядағы (инфекция жұқтырғандар, провизорлық төсекке жатқызылғандар және науқаспен қатынаста болғандар) азаматтарға, жедел респираторлық аурумен, өкпе қабынуымен тіркелгендерге ПЦР зерттемесі міндетті түрде жасалады деп көрсетілген. Сонымен қатар бұл зеттемені арнайы контингенттегі азаматтар: медицина қызметкерлері, блокпостта тұрғандар, басқа да халықпен тығыз қатынаста жұмыс істейтін мекеме қызметкерлері, қарияларға арналған үйдегілер,интернаттық мекемеде тұратындар өтулері қажетті деп жазылған. Аудан әкімшілігінің басшылығымен коронавирус инфекциясын анықтауда скринингтік тексерумен қамтылатын тұрғындардың саны күнделікті анықталып, алдағы уақытқа жүйелі жоспарланып отыр. Індеттің тұтқиылдан келіп, тез таралуына оның үстіне ауданда соншалықты көп тіркелгеніне қарамастан аудан әкімінің басқаруымен, аудан медицина саласы басшысының жіті, білікті қимылының арқасында келген тажал уақытылы құрықталды деп айта аламыз. Ауырған азаматтарымыз түгелдей жазылып жұмыстарына қосылып жатыр, ең бастысы, қанша қиын жағдайда жұмыс істеп, өте қауіпті кезеңдерде жүрсе де, бір де бір медицина қызметкері қызмет атқару барысында COVID -19 жұқпасын жұқтырған жоқ. Еліміздің бас­ты қалаларында болып жатқан жағдайларды ескере отыра, қызметкерлеріміздің осы індет толқынынан аман шыққаны олардың еңбектерінің жемісі, жеңісі деп қабылдаймын. Бүкіл әлемді тік тұрғызған індет әзірге аяғын тартқанымен, толық арылдық деп айтуға әзір ерте. Қазіргі халықаралық қарым қатынасты, тұрғындар миграциясын, елдер байланысын естен шығаруға болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 мамырдағы карантинге байланысты жолдауындағы кезеңдерді бұлжытпай орындау әрбір Қазақстан азаматының нақты міндеті деп ойлаймын. Қазіргі кездегі медицина қызметкерлері тарапынан жасалып отырған барлық сақтандыру шараларыны аудан халқы түсіністікпен қарап, жұмыла кіріссе бейбіт, індеттен таза кезең алыс емес деп ойлаймын.

Бақтыгүл Мұсағалиева,
бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі
орынбасары
19 мамыр 2020 ж. 404 0