Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Олар соғысты көрді

Олар соғысты көрді

Біз сұрапыл соғысты көрмедік. Аналардың баласын жоқтаған зарлы мұңын естімедік. «Қара қағаз» алып, азан-қазан болған ауылды да білмейміз. Қыршын қиылған өмір мен өшкен үміттің, тағдыр тәлкегін тартқан талай азаматтардың өміріне куә емеспіз. Біз сұм соғыстың сипатын жеңістің туын желбіреткен ардагерлердің айтуынан ғана білеміз.
Қасық қаны қалғанша жаумен айқасқан жауынгерлер қазіргі ұрпаққа бейбітшілік пен татулықтың қадіріне жету керектігін ұғындырды. Олар майдан даласында қару арқаланып, жарғақ құлағы жастыққа тимей бір ерлік көрсетсе, ұрыс даласында басынан өткергенін айтып, екінші рет батырлық танытты.
Мен соғыс туралы әңгімені Бұқарбай Тәжібайұлынан естідім. Ол «Ақтам» елді мекеніне көшіп келместен бұрын мені соғыс тақырыбы қызықтыратын. Санамды сан сауал шиырлап, оның жауабын ешкім бере алмайтын. Ақыры не керек? Көктен іздегенім жерден табылып, ауылымызға Бұқарбай ардагер көшіп келді. Біздің елді мекеннің тұрғыны атанғанында-ақ оның ауласынан шықпайтын болдық. Зор қызығушылықпен сұрақты қарша борататын едік. Ал Бұқарбай ата әр әңгімесін терең күрсініп, ұзақ ойланып барып бастайтын. Атаның айтқан әңгімелеріне қарап балалық шағының, бозбалалық дәуреннің бал-бұл жайнап өтпегенін байқауға болады. Өйткені, ол елде ашаршылық белең ала бастаған жылы, яғни 1921 жылы дүниеге келген. Одан қалды әкесінен де ерте айырылған.
– Әкемнен дүниеден ерте озған соң қарындасым Сәуле мен анам үшеуміз қалдық. Анам Зиба ашаршылықтың ауыр азабына қарамастан екі баласын бағып-қақты. Тапқан-таянғанын біздің аузымызға тосатын. Алайда, сол нәубеттің кесірінен шекара асып, өзбек еліне көштік. Ішерге тамақ, киерге киім табылғанымен өз елімізге жетпеді, – дейді Бұқарбай ата өмірінің күнгей сәттерін еске алып. Өзінің айтуынша, ол 1932 жылы туып-өскен жеріне оралған. Ортақшыл ауылдық округінде 4 жылдық білім алып, еңбекке ерте араласқан. Ал әскер қатарына 1941 жылы қабылданыпты.
– Әскерде 6 ай болуымыз керек еді, бірақ бізді 1 айдан соң майданға аттандырды. Мен пулеметшінің оқуын оқыдым. Ол уақытта 20 жастағы жігітпін, қорқуды білмедім. Пулеметтен оқты жаудырғанда жерге су сепкендей әсер қалдыратын. Соған қызыққанымнан қайта-қайта атқылай беріппін. Кенет гүрс еткен дыбыс естілді. Айнала тым-тырыс, құдды бір басқа әлемге кіріп кеткендеймін. Қанша уақыт өткені белгісіз есімді жисам топырақтың астына көміліп қалыппын. Өз-өзіме зорға келгенімде, жау қайта ұмтылып келе жатыр екен. Сол кезде қасыма командир келіп, сен әскерде қанша уақыт болдың деп сұрады. Мен 1 ай ғана болдым деп жауап бердім. «Бір ай бойы пулеметтен қанша уақыт оқ жаудыруды үйренбей не бітірдің деді зілді дауыспен. Пулеметтен 30 минуттан артық оқ атуға болмайды, одан артық оқ жаудырсаң, жау сені зеңбірекпен немесе дүрбі мылтықпен атқылай бастайды. Жау сенің орныңды анықтап үлгергенше сен орын ауыстыруың қажет деп кеңес берді. Жарты сағат оқ жаудырғаннан кейін пулеметтің орнын ауыстыру үшін, сүйреп басқа орынға жайғастырып жатқанымда, алғашқы орынды жау зеңбірекпен атқылап жатты. Албырт жастығымыз болар ертеңгі күнімізді ойламайтын да едік, – деп ардагер соғыстың сұрқын тағы бір есіне алды.
Бұқарбай атаның құлағы ауыр еститі. Сол себепті біз айтар әңгімемізді немесе сұрағымызды ымдап түүсіндіреміз. Ол кісіге бірнәрсе деп айту әлдеқандай қиындық туғызушы еді. Алайда, айналасына жиналған жастарға бар ынта-шынтасымен басынан өткерген оқиғасын баяндап беретін. Бір күні Бұқарбай ата: «Соғыс алаңы мен үшін тәрбие алаңы болды» деді. Себебін сұрағанда
–Ол уақытта баламын. Көп нәрсеге мән бермейтінмін. Әкесіз өскендіктен өмірдің не екенін ұрыс алаңында жүріп үйрендім. Мені бауырмалдыққа, қамқорлыққа, жауапкершілікке, сатқындық және тәртіп пен тәрбиеге майдан даласы баулыды, – деп жауап қатты. Бұдан кейін де біздің тараптан сұрақтар толаспады. Мен «Бетпе бет жаумен кездесіп, кісі өлтіріп көрдіңіз бе?» деп төтесінен тарттым. Ойда жоқта қойылған сауал болған соң ба әлде өткен күндер көз алдына елестеті ма қайдам, әйтеуір Бұқарбай ата бірден көсіліп жауап бермеді. Ұзақ ойланғаннан кейін барып әңгімені бастады.
–Алғашқыда өте қиын, өйткені ол адам. Ал оны өлтірмесең, ол сені өлтіретіні тағы бар. Қасындағы қимас досың, қандас бауырың оққа ұшырап жатқанда оны көріп, ашу-ызаға булығып, мүмкіндігің барында жайратып салуға ұмтыласың, – деп қысқа қайырды. Алайда, осы қысқа қайырғанның өзінде ойымызға көп нәрсе түйдік. Соғыс даласында ең әуелі бауырмалдық пен қамқорлық, Отанға деген сүйіспеншіліктің алдыңғы шепте болатынын аңғардық.
Бір сәтте әңгімеміз қызып кетті-ау деймін. Бұқарбай ата сөз соңында тыңдаған жанға азық болатын бір оқиғаны баяндады. Ол әңгімені біздің жадымыздан әлі күнге дейін өшкен емес.
–Жауды ығыстырып қуып келе жатқанда өліп жатқан жау офицерін көрдім. Қолында алтын сағаты мен кресті қан арасында жылтырап жатты. Мен көрсем де жау жүзінен жиіркеніп өтіп кеттім, ал артымда келе жатқан солдат сол заттарды алды. Өкініштісі, кейіннен ол да қаза тапты. Егесіне абырой әпермеген бұйым басқа жанға абырой болған ба? Егер сол сағат пен крестті алғанда мен оққа ұшырар ма едім? «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген осы шығар, бәлкім. Сондықтан қазіргі заманның қадірін біліп, әрқашан тәубе етуден шаршамаңдар, – деді Бұқарбай ата.
Жау жағасынан алып, жер жастандыруға үлес қосқан Бұқарбай ата 2013 жылы фәни дүниеден бақи дүниеге аттанған еді. Ол санаулы ғұмырында Тәжіхан анамызбен 1 ұл, 6 қыз тәрбилеп өсірді. 33 немере сүйіп, шөбересінің қолынан да су ішті. «Ат тұяғын тай басар» демекші бүгінде ұрпағы бедел биігінен көрініп жатса, ол Бұқарбай ата берген тәрбиенің жемісі болар еді.

Дәулет Бәкір
28 сәуір 2020 ж. 559 0