Оқушылар ҰБТ-ға дайындық тесттерін тегін қолдана алады
BAQ.KZ. ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы оқушыларға арнап, ТЖ кезінде http://www.testcenter.kz/ru/ сайтында тегін қолдануға мүмкіндік беретін онлайн-тесттерді шығарды. Әр пәннен 70 бірегей нұсқа жарияланды.
Орталық директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, аталмыш шара оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, ҰБТ-ға сапалы түрде дайындалуға толық мүмкіндік береді.
Білім және ғылым министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен еліміздің байланыс операторларының арасындағы жасасқан меморандумның арқасында білім беретін 24 сайт шектеусіз (лимитсіз) түрде қолжетімді болатыны барлығымызды қуантқан еді! Сонымен қатар, бұл тізім толықтырылатын болады. Осындай қиын кезде тасада қалмай, Ұлттық тестілеу орталығы Білім және ғылым министрінің бастамасын жалғастырып, testcenter.kz сайтында Ұлттық бірыңғай тестілеудің онлайн байқау сынақтарына тегін дайындалуды қолжетімді етіп отыр, - деді Дидар Смағұлов.
Сонымен қатар, директор ҚР Азаматтық Кодексінің 2 т. 34 б. мен ҚР "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 10 т. 1 б. сәйкес Ұлттық тестілеу орталығы коммерциялық ұйым болып табылатынын тілге тиек етті. Мемлекет басты қажеттіліктерге (жиһаз, компьютерлер және т.б. техникаға), жөндеу жұмыстары немесе оқыту шараларына, сонымен қатар, қызметкерлердің қосымша төлемдері мен сыйақыларына бюджет бөлмейтіні айтты.
Бұл мақсаттағы шығындар бюджеттен тыс қаражат есебінен алынады: сондықтан, біз ҚР БҒМ бекіткен тарифтермен ақылы қызмет көрсетеміз. Әдеттегі күндері тест ақылы болып, оның құны 260 теңге, бірақ, жоғарыда атап өткенімдей, ТЖ тәртіп кезеңінде, барлық төлемдер алынып тасталды! Барлық түлектерге жақсы дайындық болсын деп тілеймін!, - деп ойын түйді Дидар Смағұлов.