Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемде керек күтім

Көктемде керек күтім

Түйе төлдеп, қой қоздап қорада шу болатын шаққа да жеттік. Жер жаһан масатыдай құлпырып, қайта түлеп айналаға нәр беріп, нұр себетін мезгіл – көктем. Бұл уақытта ауа райы ғана емес, адам баласының мінезі де өзгеріп, күрсінуден күлкісі артығырақ болады. Алайда, көктем мезгілінде дене бітіміміз бен шашымызға және бетімізге арнайы күтімдер керек екенін естен шығармаған абзал. Әсіресе, жаны мен тәні сұлулыққа құмар қыз-келіншектер.
Көктемнің күн райы құбылмалы келеді. Біресе жауын-шашынды болса, енді бірде ми қайнатар ыстыққа айнала салады. Табиғаттың тосын құбылыстарына адамның темпераменті бірден үйренісе алмағандықтан денеде әлсіздік пайда болып, бет терісінің күюі, шаштың түсуі немесе жылтырамауы мүмкін. Өйткені, күннің құбылмалығы ең бірінші бетке әсер етеді. Егер көктемде күн сәулесін артық қабылдаса, тері құрғап, күйіп, оның қартаюына әкеліп соқтырады. Ерте жастан бетімізге әжім түспеу үшін, ультракүлгін сәулелерден зардап шекпеу үшін қайтпек керек? Бұл хақында косметолог Алтынай Елмұратова өз кеңесін ұсынды.
– Беттің күтімі ең біріншіден, тазалықтан басталады. Көбіміз бетті жуғанда сабынды пайдаланамыз. Енді оның орнын бетті жууға арналған гельмен ауыстыратын кез келді. Одан кейін бетке жағатын кремдерді де дұрыс таңдай білу керек. Мәселен, пигментті дақтарға бейім емес тері иелеріне SPF 15-30 кремін жағуға болады. Ал терісінде секпіл, пигментті дақтар тез пайда болатындар үшін SPF 50 крем қажет. Сонымен қатар күз, қыс мезгілінде майлы қоректендіргіш кремдерді құрылымы жеңіл ылғалдандырғыш кремге алмастыру керек. Бет терісі құрғақ болса, ол көктемде көмескі, күңгірт тартып тұрады. Ондай жағдайдың алдын алу үшін бетті күту аздық етеді, ол үшін күнделікті ішілетін су мен асты да қадағалау керек. Тағы бір ескеретін нәрсе, крем жаққаннан кейін күннің көзіне, яғни далаға тек 10-15 минуттан кейін шығуға болады. Көктемде күн сәулесінің түсуінен бетте әжім пайда болуы мүмкін. Ол үшін ұйықтаудан 1 сағат бұрын ылғалдандырғыш кремді массаждың қимылдарымен 10 минут жаққан жөн. Бұл әдіс бетке әжім түсірмейді. Бет күтімі үшін кореялық өнімдер тиімді. Күнделікті бет күтімін жасаумен қатар айына бір рет косметологқа көріну керек, – дейді маман.
Қылышын сүйреткен қыс біздің шашымызға өз әсерін тигізбей қоймайды. Аязды күндері бұрымымыз беріктігімен қоса әдемілігін және жылтырауын жоғалтып алуы әбден мүмкін. Ал зақымданған шашты қалпына келтіруді көктемнің алғашқы күнінде-ақ бастау керек. Қыздар қауымының басым көпшілігі уақыт жоқтығынан шашты тарап кете салады. Осы орайда шаш күтімі туралы шаштараз Айгерім Есенәліқызы:
– Шаштың жағдайы тек жуумен шектел­мейді. Ол диетамен де тығыз байланысты. Ас мәзірінде омега 3 майлы қышқылының болмауы шаштың құрғауына әкеледі. Дұрыс тамақтанбау шаштың түсуін жиілетеді. Ал қатаң диета шаштың өсуіне қажетті дәрумендердің жетіспеуін туғызады. Шашқа күнделікті күтім жасау мерзімге ғана емес, адамның гео­графиялық мекен жайына да байланыс­ты. Мысалы, жауын-шашын аз болса, яки ыл­ғал­дылығы төмен жер болса, соғұрлым шаш та құрғақ болады. Ал шаштың ылғалдылығын бірқалыпта ұстау үшін жаңа айтып кеткенімдей табиғи майлары бар тағамдарды жеу керек. Егер шашыңыздың әдемілігі мен жылтырын қайтарғыңыз келсе, өзіңіз үй жағдайында маска жасауыңызға болады. Ол үшін 2 жұмыртқаның сарысын 1 қасық балмен араластырып, оған 5 мл өсімдік майын қосыңыз. Масканы құрғақ шашқа және бас терісіне массаждық қозғалыспен жағып, 15-20 минут орап қойыңыз. Сосын жақсылап жуыңыз. Негізі шаш күтіміне арналған маскалардың дайындалу әдісі ғаламторда жиі кездеседі. Бірақ оның барлығын бірдей қолдана беруге де болмайды. Қолданбас бұрын дәрігерге немесе маманның кеңесіне жүгінген абзал. Бұл мен айтқан маскаға да байланысты, – дейді.
Француз косметологтары сыртқа бет боя­унсыз шықпауға, әр мезгілдің өзіне, тері типіне сай күтімі бар екенін айтады. Ал біздің аңғарғанымыз бет пен шаш күтімі ауқаттану тәртібімен де тығыз байланысты. Бұлар бір-бірімен ажырамас бөлшек іспетті. Арнаулы кремдермен терімізді қалыпқа келтірсек, дұрыс тамақтану арқылы ағзаны реттейміз. Соның арқасында көктем мезгілінде шаршау мен шалдығуды, әлсіреу мен қажуды сезінбейміз. Өңіміз де солғын, күңгірт тартпай көктемде бәйшешектей бүр жарып, құлпыра түседі.

Маржан Болатқызы

03 наурыз 2020 ж. 727 0