Шет тілдерін неше жаста үйренген жөн?
Шет тілдерін үйрену мәселесіне келгенде барлығымыз балалардың қабілеті жоғары болып, жаңа тілді тез меңгеріп алатынына сенімдіміз. Дегенмен, ғалымдардың айтуынша, кішкентай балалар үнемі тіл меңгеруде алғыр бола бермейді және ересектердің де тіл үйренуде өз артықшылықтары бар. бұл туралы BBC Future басылымы хабарлайды.
Біз Лондонның солтүстігіндегі екі тілді мектептің өмірін өз көзімізбен көрдік. Күздің таңында ата-аналар мектеп алдына балаларын велосипедпен алып келіп, оларға көмектесіп жатты. Ал мұғалімдер балалардың алдынан шығып, «Буэнос Диас!» деп испан тілінде сәлемдесті. Балалар алаңында бір оқушы қыз анасына шашын өріп беруді испан тілінде өтініп, ары қарай балалармен ойынын ағылшын тілінде жалғастыра кетті.
«Бұл жаста балалар тілді үйренбейді, олар тілді меңгереді. Бұл кішкентай полиглоттардың тіл үйренудегі жеңілдігін көрсетеді. Бұл мектептегі кішкентай балалардың көпшілігі үшін испан тілі үшінші немесе төртінші тіл. Ал көбінің ана тілі хорват, иврит, корей және голланд тілдерінен тұрады», - дейді мектеп директоры Кармен Рамперсад.
Енді орта жасқа келген адамның тіл үйреніп отырғанын елестетіп көріңізші. Ол көріністерді салыстыра отырып біз шет тілді үйренуді анағұрлым кіші жаста бастаған дұрыс екен деп ойлайтынымыз анық.
Дегенмен, бұл пікірге ғылым кең қарауды ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, адамның тілге деген қарым-қатынасы өмір бойы дамып отырады. Сол себепті тіл үйренуді кеш бастағандардың да өз артықшылықтары бар көрінеді.
Адам өмірінің әртүрлі кезеңдерінде тіл үйренуде әртүрлі артықшылықтары болады. Кішкентай балалар дыбысты жақсы қабылдайды. Бұл кезеңде тіл үйренген балаларда шет тілін меңгергенде акцент сирек болады. Ал ересектерде назар аудару деңгейі жақсы дамыған әрі сауатылық сөздік қорды дамытуға жақсы мүмкіндік саналады. Ал ғалымдардың айтуынша, адамның тек жасы емес, әлеуметтік жағдайлар, оқу әдісі, тіпті, махаббат пен достық та көп тіл білуімізге әрі шет тілдерін жақсы деңгейде меңгеруімізге барынша әсер етеді.
«Жас ұлғайған сайын барлық қабілеттер кері кетеді деген заң жоқ», дейді Эдинбург университетінің билингвизм орталығының директоры, лингвистка профессоры Антонелла Сорас. Оның айтуынша, балаларға тілді сыныпта үйрету, оқытушының ережелерді түсіндіріп тұруы тиімсіз. «Кішкентай балалар назарын бір жерге аударып ұзақ отыра алмайды, оларды когнитивті бақылау жоқ және есте сақтау қабілеті де жақс деңгейде болмайды. Ал ересектерге бұл әдіс тиімді әрі жеңіл. Яғни, жас келе адамның жақсаратын да қабілеттері болады», - дейді ол.
Израильде жүргізілген зерттеу ересектердің зертханалық жағдайда жаңа сөздерді тез меңгеретінін анықтаған. Ғалымдар 8, 12 және ересектерден құрылған үш топты салыстырған. Зерттеу нәтижесінде ересектер басқа екі топқа қарағанда жаңа сөздерді жылдам меңгергені белгілі болды.
Бұл зерттеуден кейін ағылшын тілін үйреніп жүрген 2 мың испан азаматының мүмкіндіктері де зерттеуге негіз болған. Ғалымдар анықтағандай, ағылшын тілін орта жаста үйрене бастаған адамдар тіл үйренуді ерте бастағандарға қарағанда жақсы нәтиже көрсеткен.
Израильдегі зерттеуді жүргізген мамандардың айтуынша, ересектерде проблеманы шешу стратегиясы мен лингвистикалық тәжірибе үлкен болғандықтан, олар шет тілдерін үйренуде жақсы нәтиже көрсеткен. Басқаша айтсақ, ересектер өзі туралы және өзінің әлемі туралы көп білетіндіктен, жаңа ақпаратты қабылдау және өңдеуге стретегиялық жолмен келе алады.
Ғалымдардың айтуынша, кішкентай балаларға тіл үйрену барысында көп уақыт бөлу керек. 2016 жылы билингвизм орталығы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, аптасына бір сағаттан жаңа тіл үйренуге қатысқан оқушыларда нәтиже нашар болған. Дегенмен, олар ересектерге қиынға соғатын сөздерді дыбыстау жағына келгенде мінсіз көрсеткішке жеткен.
Қарапайым меңгеру
Кез келген адам табиғи лингвист деуге болады. Сәби кезімізде барлығымыз әлем тілдерінің негізі саналатын 600 дауыссыз, 200 дауысты дыбыс естиміз. Адам өмірінің алғашқы жылында ми естіген сөздер мен дыбыстарға мән беріп, сол арқылы жұмыс істейді. Осылайша сәбилер ана тілінде сөйлей бастайды. Тіпті, жаңа туған нәрестелер де өз тілінің акцентінде жылайды. Себебі олар ана жатырында жатқан кезде өздері естіген дыбыстарға еліктеп, дауысын соған ұқсатуға тырысады. Мысалы, жапон балалары «l» мен «r» дыбыстарын оңай ажыратады. Ал жапон ересектеріне бұл қиынға соғады.
Ғалымдардың айтуынша, ана тілін меңгеру үшін баланың кішкентай кезі өте маңызды. Тастанды балалар қатысқан зерттеу нәтижелері көрсеткендей, егер біз сөйлеуді ерте бастамасақ, уақыт өте келе бұл қиынға соғады.
Бір қызығы, шет тілдерін үйрену барысында бұның ескерілуі маңызды емес.
«Адамның жасы көптеген факторларға әсер ететінін түсіну маңызды. Балалардың өмірі ересектердің өміріне қарағанда мүлдем басқа. Сол себепті біздің ересектердің тіл үйренуі мен балалардың жаңа тілді меңгеруін салыстыруымыз дұрыс емес», - дейді психолингвист Даниэла Тренкич.
Ол басқа мемлекетке көшіп жатқан отбасын мысалға келтірді. Жер ауыстырған отбасындағы балалар ата-аналарына қарағанда жаңа тілді тез үйреніп алады. Бірақ бұл олардың жаңа тілді мектепте үздіксіз естіп, ал ата-аналар ондай көпшілік ортада көп бола бермейтіндігінен деп ойлау қате. Балалардың тілді жылдам меңгеруіне әлеуметтік күнкөріс қажеттілігі әсер етеді. Себебі олар дос тауып, ортаға тез сіңісіп кеткісі келеді. Ал ата-аналар шетелдіктермен жылдам тіл табысып, еркін сөйлесіп кете алмайды.
«Эмоционалды байланысты құру тіл үйренуде өте маңызды деп ойлаймын», - дейді Тренкич.
Әрине, ересектер де шетелдіктермен махаббат, достық қана емес, басқа да жолдармен эмоционалдық байланысты құра алады. Ұлыбритания ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелеріне сенсек, итальян тілін үйренуге келгендер қасындағы үйренушілермен және мұғаліммен еркін байланыс орнатқанда жақсы нәтиже көрсеткен.
«Егер сіз өзіңізбен мақсаты бір адамды тапсаңыз және сол адаммен бірге тіл үйренсеңіз, табандылықты жоғалтпасаңыз, сөзсіз, жетістікке жетесіз. Бұл тіл үйренудің басты кілті. Егер қасыңызда ондай адам болмаса, тіл үйрену қиындап, шет тілін оқуға өте көп уақытыңызды, тіпті, көптеген жылдарыңызды сарп етуіңіз мүмкін», - дейді Тренкич.
Биыл Массачусетс технологиялық институтында жүргізілген зерттеудегі онлайн-викторинаға 670 мың адам қатысқан. Ғалымдардың айтуынша, ағылшын тілінің грамматикасын тез меңгеру үшін 10 жаста бастау керек. Сонымен қатар ғалымдар адамдар өз өмірінде туған тілінде күніне бір жаңа сөз үйреніп отырды.
Жаңа тіл үйреніп жатқандар осы тілді меңгерсем, ақылды бола түсем бе? Денім сау бола ма? Ақшам көбейеді ме? Деп сұрайды. Жаңа тіл үйренудің басты артықшылығы – көп адаммен тіл табысу мүмкіндігінің артуы дер едім», - дейді Тренкич.
Тренкич Сербияда туған және тек жиырма жасында Ұлыбританияға көшкенде ғана ағылшын тілінде еркін сөйлейтін болған. Соған қарамастан ол әлі де грамматикалық қателер жіберетінін жасырмайды. «Дегенмен, жаңа тіл үйрену өте көп мүмкіндіктер ашады. Мен ең ұлы әдеби туындыларды түпнұсқадан оқи аламын. Басқа тілде жаза аламын. Менің ойымша, тіл үйрену қай жаста болсын кеш емес», - дейді ол.
Ағылшын тілінен аударған: Алтынай Қуанышбек