Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шолпанның күнәсі не?

Шолпанның күнәсі не?

Бүкіл бір ұлтты бір арнаға ұйытатын әйгілі «Мен жастарға сенемін» өлеңінің авторы М.Жұмабаев дүйім жұртқа белгілі. Сондай-ақ оның «Батыр Баян», «Түркістан», «Қорқыт» поэмалары мен «Педагогикасы» да көпке мәлім. Ал біз бүгін рухты жырларымен халықты жігерлендірген ақынның «Шолпанның күнәсі» әңгімесі туралы сөз қозғаймыз.

Академик Әлкей Марғұлан «Қазақ халқы үшін Мағжан Жұмабаевтың маңыздылығы ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің маңыздылығынан кем емес» деп баға берген. Рас. Адам жанының терең психологиясына үңіліп, бар сырын қаламына айтатын жазушының есімі ерек. Оның шығармасы бірді-екілі адамдарға ғана емес, күллі оқырманға арналып, соларды бейнелеп тұрғандай әсер қалдырады. М.Жұмабаев бір кейіпкерді сөйлету арқылы барлық әйелдің немесе ердің арман-тілегін, мұң-мұқтажын жеткізеді. Мәселен, «Шолпанның күнәсі» әңгімесі қазақ халқындағы отбасы, отбасы құндылығы, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, ұрпақ жалғастығы, қан мен тектің тазалығы сынды құндылықтарды қамтыған. Ал бұл қасиеттер барлық қазаққа тән емес пе? Демек автор осы туынды арқылы аталған құндылықтардың бәсін арттырғысы келеді. Сонымен бірге әйел тағдыры, ұлтымызға тән таным-түсінік те көрініс табады.
Төрт бөлімнен тұратын шағын әңгіменің көлемі аз болса да, көтеретін мәселесі, іліп алар тұстары көп. Әңгіменің бас кейіпкері – Шолпан мен Сәрсенбай. ­Шолпан – жасандылықтан ада, кіршіксіз пәк, сұлу да сымбатты кейіпкер. Ол сол замандағы қыздар секілді малға сатылмай, өзінің сүйгені Сәрсенбайға тиді. Шығармада ХІХ ғасырда сүйгеніне қосылу кез келген қыздың басына қонбайтын бақ екені нақтылап айтылған. Әңгіменің алғашқы бөлімінде жұбайлардың жарастығы мен отбасы бақыты барынша сипатталады. Шолпан мен Сәрсенбайдың өзара сыйластығы бағзыдан келе жатқан қазақ тәрбиесінің үзілмегенін көрсетеді. Шолпан қазақ аналары секілді күйеуін Құдайындай сыйлап, ас-суын ырзалықпен алдына тосатын. Жарын жақсы көргені соншалық Жасағаннан «Бала бере көрме» деп тілейтін. Бұл перзентті жақсы көрмегендігінен емес. Ол сәби екі ортаға кедергі болады деп ойлаушы еді. Сәрсенбай да жұбайы Шолпанға бірде-бір рет бала туралы сөз қозғаған емес.
Алайда, баласыз өмір мәнді ме? Хакім Абайдың өзі «Адамның бір қызығы – бала» деп айтып кеткен жоқ па? Ал қазақ даналығы «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп тәмсілдеді ғой. Ендеше енді ғана отау құрып, шаңырақ көтерген жас жұбайлар қалайша баланы арада өскен тікенектей көреді? Міне, шығармадағы күрмеулі, оқырман ойына сан түрлі сауал тастайтын тұс осы сәттен басталады. Автор ішкі монолог арқылы Шолпанның күншығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілде, өзге адам сәждеге құлап бақытты тұрмыс, өшпес бақыт, кетпес байлық, әсіресе, бала сұрайтын кезде, күрсіне-күрсіне «Бала бере көрме» деп тілеуін шебер суреттейді. Бірақ Шолпанның қателігі осында еді. Ол отбасы бақытын сақтап қалғысы келсе, «Бала бер» деп тілеуі қажет. Бұған жас келіншектің көзі жарымен балалы үйге қонаққа барғанда жетеді. Сәрсенбайдың кішкене бүлдіршіндермен бір емес бірнеше сағат арпалысып ойнағанын көрген ол, жан-жүрегі жібіп, еріксіз Құдайдан «Бала бере гөр» деп қалай тілегенін байқамай қалады. Ақыр аяғында ай артынан ай озғаннан кейін Сәрсенбай бір-ақ ауыз сөзбен «Балалы үй базар деген рас екен ғой» деп Шолпанға ой тастайды. Осы уақытқа дейін ортада сәби болғанын қаламаған келіншектің енді тілегі екінші арнаға ауысып, жатса да, тұрса да сәби сүйгенді армандайды. Міне, осы тұста автор ­Шолпан бейнесі арқылы дәстүрлі қазақ отбасындағы жағдайды суреттейді. Оны оқырманға анық жеткізу үшін автор бас кейіпкерді сан қырынан көрсетеді. Бірақ Шолпанның бар арманы – отбасын сақтап қалу. Қазақтағы жаулық жапқан әйелдердің бар мақсаты осы емес пе? Ақ босаға аттаған кез келген келіншек отбасы бірлігін сақтап, Құдай қосқан қосағының бақытын асырғысы келеді. Әрі ұрпақ жалғастыруға терең мән берген ғой. Осы орайда М.Жұмабаев Шолпан арқылы қазақи болмысты әйелдің бейнесін толық сипаттай білген деуге негіз бар.
Шолпан бала бақыт екенін білгеннен кейін бар ойы соған ауады. Ол «Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң мен бақытсыз... мен бақытсыз болғанда Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз. Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?» деп ойлады. Ақыры ойлана келіп, Шолпан ойнас қылғысы келеді. Әрине, ойнас оқырман үшін кінә, тіптен кешірілмес кінә. Бірақ амалы таусылған ­Шолпан «Ұрлық қыл да мал тап, ойнас қыл да бала тап» деген мақалға сүйенеді. Бір жағынан бұл мақалды не үшін айтқан деген сұрақ та санасын шиырлайды. Расында. Қазақ халқы ойнас жасаудың күнә екенін біле тұра, бұл мақалды не үшін шығарған? Әлде Абай Құнанбайұлы бесінші, алтыншы қара сөзінде сынға алған мақал-мәтелдермен бұл да бір мағыналас па?
Әйтеуір не керек, Шолпан ойнас қылып, бала табуға бел байлайды. Ол үшін кім көрінгенмен көңіл қоспай, тек пен қан тазалығына мән береді. «Болашақ балаға ата болуға лайық кім бар? Жылқышы Адамқұл...Дұрыс, құлмен жүрсе, сыр шетке паш болмас еді, жабулы қазан жабулы күйінше қалар еді. Бірақ... Адамқұлдан қандай бала тумақ? Күңнен күң, құлдан құл тумақ емес пе? Болса, бала құл болмасын, ұл болсын. Бала болса, мүт болсын, мүт болмаса, жоқ болсын. Ынжық, жасық құл баланың болғанынан болмағаны игі» деп ұзақ ойланады. Бірақ махаббаттың ақ қанатын кірлетуге, әсіресе, болашақ балаға лайықты әке болуға ешкімді таппайды. Ұршыққа оралған жіптей бас-аяғы жоқ ойлар бір сәтте тынышталады. Себебі, Шолпанның ойына Әзімбай түседі. Ол жымиып қана «Текті атаның баласы, өзі жас, дені сау, сымбатты жігіт» деп ойлайды. Осылайша Әзімбаймен ойнас болады. Шолпанның баланың әкесі ретінде Әзімбайды таңдауы да бекер емес. Бұқар жырау «Жаманнан туған жақсы бар, жақсыдан туған жаман бар, тартпай қоймас негізге» дегендей, бала түптің түбінде әкесіне тартатыны ақиқат.
Жазушы осылайша тіршілік үшін, бала үшін ешбір жолдан тайынбай, күнәға батқан әйел бейнесін сомдайды. Алайда, әңгіме соңында кейіпкер азапқа салып, жан тәсілім етеді. Бірақ бұл өлімнің себебі бар. Сәрсенбай ақ некелі жарының ойнас қылғанын біліп, тепкінің астына алады. Ал ауылдас­тары арына күйе жаққан келіншекті кешіре алмайды. Бұл азапты өлім «Шолпанның күнәсінде» ғана емес, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күнінде» және Б.Майлиннің «Ұлтуған» тәрізді әңгімелерін де кездеседі. Бұл шығармалардағы оқиға әртүрлі болғанымен, адам тағдыры алдыңғы сапқа шығады.
М.Жұмабаев қайғылы оқиғаның қалың бояуын әңгіме соңында қоюландыра түседі. Әңгіменің әлқиссасын бақытты ғұмырдан бастаған ол, қайғы-қасіреттің дәмін кейіпкерге ғана емес, оқырманға да сездіреді. Бір жағынан бұл туынды әрбір күнәлі істің өтеуі бар екенін, «Ойнас жасағанның ерсіз қалатынын» көрсетіп тұр. Иә, өмірін өз қалауынша өзгерткісі келген Шолпанның арманы орындалды. Оның 62 тамыры иіп, құрсағына екінші тіршілік иесі орналасты. Алайда, бәрібір оның алдынан өлім шықты. Себебі, Шолпан әу ­баста «Бала бере көрме» деп тілеген болатын. Асылы сөздің құдіретті екені рас-ау.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

22 ақпан 2020 ж. 8 612 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930