Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз бағалы болғымыз келеді

Біз бағалы болғымыз келеді

«Көп білетін адам данышпан емес. Керекті білетін адам данышпан» деген екен сонау V ғасырдың ақыны Эсхил. әңгімеміздің тұздығы да осы «көп білетін» деген сөз. Дұрысы, біз осы кісі көп біледі, жөнін айтады, рухани шөлдеген жұрттың сусынын қандырады, тілінен у мен балы қатар тамған, қатқан кісі деп жүрген «кесек тұлғаларымыздың» шала ойлары қолымызға қалам алуға себеп болып отыр. Түсіне қойған оқырманға респект, ал түсініксіз болып жатса...

Мәселе мынада, басқа кісі болса, кешіріммен қарар едік, бірақ бұл жастарға түрлі тренинг пен сансыз семинар өткізіп жүрген Омар Жәлел ғой, Құдай-ау?!
Ол Абай мен Шәкәрімнің кітабын кеміріп, зерттеп-зерделеп, тұжырымын тұрмыста тұтынып жүрген жан емес пе? Абайды түсіну қиын деп жүрсек, оны зерттегенді түсіну қиын екен. Омар Жәлел отандық телебағдарламаның бірінде «Өлген әруақ жер таңдамайды, отырып қалған қыз бай таңдамайды. Қыз-тауар. Ата-ана сол тауарды өткізуі керек» деп соқты.
Өлгеннің қайта тірілмейтінін ескерсек, алғашқы сөйлемге уәж айта алмайды әруақтар. Ал «тауар» мәселесінде сыңаржақты емеспін, бірақ «тауар» болуға құлшынып тұрғаным шамалы.
Сыңаржақты емеспін дегенім, әлбетте, қоғамда болып жатқан құбылыстарға азды-көпті түрткі болып жүргеніміз рас. Дейтұрғанмен «қызын қонағындай, қонағын құдайындай» сыйлаған қазақпыз. Ара-тұра мәртебемізді түсіріп жататындар мен түсіріп алып жүргендер кездеседі. Тәрбиенің тал бесіктен, тіпті тар құрсақтан екенін ұмытып барамыз. «Ұлым түтінге, қызым күтімге» дейді. Осыдан-ақ қыз баланың орны бөлек, жүрегі мейірге толы, жан-жағын түгендеп жүрер бауырмал, өзінде болмаса да жақынында болғанын қалап тұрар қалаулы құрбандық иесі екені көрінбей ме?
Төзімін қалай айтпай кетеміз, жай ғана жеңіл суық тигізген ер мен әйелдің ауыруы да әртүрлі болғаны, әйел затының нәзік тұсының астарында кез келген ауыртпалықты қайыспай көтерер қайсарлығын да танытпай ма?
Әр ісіне қолдау күтіп тұратын, мақтансүйгіш кейбір «еркексымақтардың» қасында, тұла бойы тұңғышы іштен кемтар туса да, жүрегіне титімдей де аяушылық ұялатпай, елмен қатар қойып, үмітін үзбеген, «асыл» ерінен аяқ асты алыстық сезінген ана, тасбауыр тағдыры тезге салып, «ойсыз келімсектің» жары болып жүрген алтындай ару, алтынқұрсақты аталмаса да, 10 баланы бағып-қаққан, түбінде қарттар үйінің қабырғасы бұйырған ақ жаулықты, шеркеуделі ақ әже, шиіттей бала-шағаның қарнын тамаққа, ойын шуаққа толтырамын деп тырмысқан саудагер ана батыр емес пе? Әлде «тауар» тұжырымы айтылған күннен бастап күшіне ене ме?
Қыз деген қарындас, әпке, жеңге, ана, әже емес пе? Тіпті қоғамның намысын қажап, жігерлендіру үшін айтылған күннің өзінде осы теңеу қыз баласына лайық па?
«Әйел бастаған көш оңбас». Негізі мұны әйел қауымының көпшілігі түсініп қойған. Байқасаңыз қоғамда әйел түзелген (бұрыннан түзу-тін, тек түсінік басқа еді). Еріне еркелей білетін ерке, сіз деп сызылғанда үзіліп кетердей нәзік, етек-жеңі жиылған келіншектер көп. Қазір ой өскен, пікір түзелген. Өз жыныстыларын бағалай алатын деңгейге жеткен, қызғаныш пен көралмаушылықты білімге жеңдірген. Өз ойын жасқанып, іркілмей әдепті жеткізе алады. Беттен алатындар жақында өзгерер...
Себебі, қызым барған жерінде басын тік ұстап жүрсін, мерейі үстем, дегені екі болмасын деп ата-ана білім тұрғысында қыздың «көзі-ашық, көкірегі ояу» болғанын қалайды.
Көбіміздің (мойындамайтыны мен мойындайтынын қосқанда) ойымызда «Әйел – ақыл кені» деген ұғым бар. Білмегенімізді сұрап жатамыз, түрлі айла-амалына таңдай қағып қана қоймай шіміркеніп қорқамыз. «Әйелдің ақылы мен иманы жарты» деген сөз бар. Ол менің сөзім емес. Ақыры біраз нәрсесі қысқа, қол ұшын берер сіздерсіздер, жігіттер мен ел ағасы, әулет иесі, паналарымыз. Біз тапталғанда жеріңіз кеңейгендей, екінші тынысыңыз ашылғандай қуанбасаңыздар екен. «Тауар» болғанына ашынғандардың бас көтеруін, қоғам өзгерткісі немесе билік өзгерткісі келетіндердің қатарына қоспасаңыздар екен. Біз тек бағалы болғымыз келеді.

Махаббат Мырзагелдиева

22 ақпан 2020 ж. 364 0