Халыққа сапалы қызмет көрсету – бүгінгі күннің басты талабы
Әрбір адам өмірге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Сол себепті мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру мәселесі ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында айрықша маңызға ие. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауында «2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшуге тиіс» деп атап өткен болатын.
Осы мақсатта Қызылорда облысында тиісті іс-шаралар қолға алынып, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алу үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы облыс бойынша 371 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Оның 189-ы жергілікті атқарушы органдармен, 182-сі аумақтық мемлекеттік органдармен ұсынылды.
2019 жылы жергілікті атқарушы органдармен 2403978 қызмет көрсетілген. Оның ішінде баламасыз, тек қағаз түрінде 230452 қызмет, баламалы қызмет түрлері бойынша қағаз түрінде көрсетілген қызметтер 29242 рет, электронды түрде 2010666 қызмет, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалымен 133618 қызмет берілген. Электронды түрде көрсетілген қызметтер үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артып, нәтижесінде 92,5 пайызға жетті. Ал баламалы қызметтер бойынша қағаз түрінде көрсетілген қызметтер үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 11,3 пайызға азайып, 1,3 пайызды құрады.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар қызметінің сапасын арттыруға басты назар аударылып келеді. Кез келген қызмет беруші ұйымға мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуы тиіс. Осылайша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту арқылы өзекті проблемаларды шеше отырып, азаматтардың сенім деңгейін айтарлықтай арттыруға ықпал етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аумақтық департаменттерінің негізгі функцияларының бірі – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет сапасын бағалау мен бақылау.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан 53 тексеру жүргізілді. Тексерулер нәтижелерімен 32206 заңбұзушылық анықталды. Заңбұзушылықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 21187 заңбұзушылық ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді сұратуға қатысты орын алған. Оның ішінде ең көп кездесетіні мемлекеттік қызмет көрсететін органдардың азаматтардан жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесін талап етуі болып отыр. Сондай-ақ 7036 рет стандартта көзделмеген құжаттар талап етілсе, 3692 рет қызмет көрсету тәртібі бұзылған.
Тексерулер нәтижесімен заңбұзушылықтарды жою туралы 59 ұсыным енгізіліп, заңбұзушылықтарға жол берген 37 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында заңдылықты сақтап, азаматтарға мерзімінде сапалы қызмет ұсыну талаптарын түсіндіру қаншалықты маңызды болса, халыққа да қызметтерді алу кезіндегі өз құқықтары мен құқықтарын қорғау үшін сапасыз қызметтерге шағым білдіру жолдарын түсіндіру де маңызды.
Облыс тұрғындарына «Электрондық үкімет» порталымен жұмыс істеу дағдыларына үйрету мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалымен бірлесіп 580 рет оқу курсы өткізіліп, 81292 адам оқытылды. Оқыту кезінде барлық қатысушыға электрондық цифрлық қолтаңбалар рәсімделді.
Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу, олардың сапасына шағымдану мен «Дижитл агент» мобильді қосымшасымен жұмыс істеу тәртібін түсіндіру бойынша 80-ге жуық шара өткізіліп, 3500-ден астам адам қамтылды. Облыс көлемінде 24 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өткізіліп, 3200 азамат қажетті қызметтер мен ақпараттар алды.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға мүмкіндік беретін «Дижитл агент» мобильді қосымшасын 826 азамат пайдаланып, қызмет көрсету сапасына тиісті бағасын жолдаған. Оның ішінде 107 азамат шағымдарын білдірген. Шағымдардың негізгілері – қызмет көрсетуші маманның орнында болмауы, кезекті ұзақ күту, мамандардың дөрекілігі.
Қазіргі таңда қызметтерді электрондық түрде алуды тұрғындар арасында насихаттау – уақыт талабы. Қызметтерді электрондық форматта алудың артықшылығы жетерлік. Адамдар қызметтерді онлайн алу арқылы әкімшілік кедергілерді азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің, адами факторлардың алдын алады және өздерінің уақытын, қала берді қаржысын үнемдейді. Осы ретте облыс тұрғындарының белсенділігі қажет.
Берікбол БАЙХОЖАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша
департаменті басшысының орынбасары