Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз неге қызғаншақ, күншілміз?

Біз неге қызғаншақ, күншілміз?

Гүлнәрдің ой елегі
Заты адам баласымен бірге жасасып келе жатқан, көнермес те көгермес сезімдердің бірі – қызғаныш. Адамның көзіне шел қаптататын қара қызғаныштан кекшілдік пен күншілдік, бақастық пен бақталастық қоздап, неше түрлі қылмыстар жасалып жататыны да ешкімге құпия емес. Десе де жүрек түкпіріне сезім өрнегін салғанда ұнатқаныңды, көңіл қалауыңды өзгеден қызғану заңдылық.

Бір-біріне қайшылана түсетін қызғаныш сезімінің түсінігін әркім өзінше тарқатады. Қызғаныш әлеумет өмірінің, қоғам толқынының барлық қатпар-қалтарыстарын қамтиды. Адам бойындағы теріс мінез, жамандық атаулыны өлтіре шенеген Абай хакімнің «Ескендір» поэмасы «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен, Македония шаһары оған мекен. Филип патша баласы ер көңілді, мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен» деп ­басталмаушы ма еді? Міне, осы мақтан сүйгіш, қызғаншақ Ескендір патша бола салысымен «өз жұрты аз көрініп, көршілерге көз алартып қарады оңды-солды» дейді. Иә, қызғаныш астамшылдыққа, ашкөздікке, тойымсыздық пен ынсапсыздыққа жел береді. Сондай-ақ әлімсақтан келе жатқан әмбеге белгілі бір дерт – ұлы тұлғалардың, өнер иелерінің талант-дарынын қызғану. Арыда Сократқа, беріде Моцартқа у беріп өлтірген деген әңгімелер тарих парағын ақтарғанда сыр беріп жатады. Шынында да, Кеңес үкіметі кезінде нәзік жүректі, жаны жараланғыш керемет дарын иелері қызғаныш пен күншілдік құрбаны болды емес пе? Сырттан ғайбаттау, қаңқу мен сыбыс тарату, өтірік пен өсек – күншілдердің басты қаруы. Кезінде кеңестіктің кер саясатын бұзып, мұз боп қатқан сеңін жарып Ілияс Есенберлин «Қаһар» романын жазғанда басына қара бұлт үйірілмеді ме? Қазақ жастарының санасында үлкен сілкініс тудырған шығарманы сан-саққа жүгіртіп, алдынан он сан кедергілер орнатып баққан қиқу сөз, қызғаныш ұлтжанды жазушының жолын кескіледі. Осы жағдай талқыға түскен жиында тек партизан жазушы Әди Шәріпов қана «Біз неге осыншалықты қызғаншақ, күншілміз? Тарихи тақырыпты бағаламау көрсоқырлық қой!» деп назаланған көрінеді. Сол қызғаныш «Қаһарды» мәртебелі сыйлықтан қағып, грузиннің Думбадзесі лайықты деп танылғанда сан соғып қалған да өзіміз едік. Қаншама рет маңдайға тисе де, бір-бірінің бағын қызғанып, өсек сөзбен өзгенің өмірін өлтіріп жатқанымызды сезбейміз-ау...
Одан бөлек бұрындары да қазақ даласында біреудің маңдайына біткен сұлу жарын, жүйрік атын, қыран бүркітін қызғанып қара күшке жүгіну жағдайлары аз болмағанын байқаймыз. Мәселен, ғашықтардың арасына тікенек болып шыққан қара қызғаныштың қиянатшыл бейнелері – Қодар мен Бекежанды айталық. Сағынайдың асында бәйгенің алдын бермеген Ақан серінің құлагері ше? Ен жүйріктің ішінен оза шыққан тұлпардың басын балталап, жер қаптырған да – қызғаныш оты еді. Бірақ қаскөйлердің арам пиғылы Баян сұлу мен Қыз Жібектің адал болмысын аңызға айналдырды. Құлагерді өрен жүйрік ретінде ел жадында қалдырды. Дегенмен әр қызғаныштың түбі құрбандықпен бітті. Бүгінде ер мен әйел арасындағы қызғаныштан қайғылы оқиғалар жиі орын алады. Бірі әйелін аяусыз балталаса, енді бірі көк ала қойдай етіп таяққа жықты. Осы сынды факторлар аудан көлемінде де белең алған еді. Қызғаныш – лап етіп, тез тұтанатын, адамның бойын лезде билейтін сезім. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.): «Әйелін қызғанбайтын еркек менің үмбетімнен емес» деген. Яғни теріс салдарсыз қызғаныш жұбайларды жақындастырады. «Мені жақсы көреді екен-ау, жақсы көрген соң қызғанады ғой» деген ой көңіл түкпірінен ризашылық туғызады. Ал тежеусіз, соқыр қызғаныш тіршілікті тамұққа айналдырады. Көлеңкеден қызғану, жөнсіз тиісу, көрінгенге телу, қол жұмсау сүйіспеншілікті солдырады, жүректі тондырады, сезімді жуғызады, өшпенділік туғызады. Қызғанышты тежеп отырмаса, ол көзсіз әрекеттерге ұрындыруы мүмкін. Сондықтан сезім құрбандықпен емес, құштарлықпен өлшенеді. Қызғаныш, күншілдік, өсек, өтірік бағзыдан бақыт әкелмеген. Сол себепті Әди Шәріпов айтпақшы «Біз неге осыншалықты қызғаншақ, күншілміз?» ойланайықшы...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

15 ақпан 2020 ж. 1 263 0