Қабір басындағы қайран сөз
Мен өлім жайлы көп ойланамын. Бұл дүниеге неге келдім? Ізімнен не қалдырамын? Өзгеге үлгі боларлықтай ісім бар ма деген сұрақтар санамнан шықпайды. Одан қалды мен о дүниелік болғанда жаназама жиналғандар не айтады екен деген қитұрқы сауал да арагідік ойға түседі. Расымен. Соңғы демің таусылып, жан тәсілім етер шақта кімнің не дейтінін естіп білу қызық қой. Қабір басына жиналған қауым мені мақтай ма, әлде...
Өмір мен өлім егіз. Бұл дүниеге адам болып келгеннен кейін өлім туралы ойламау мүмкін емес. Данышпандар «Қанша өмір сүргенің емес, өмірді қалай сүргенің маңызды» демей ме? Ал сол ғұмырды қаншалықты мағыналы кешкенімізге бізбен дидарлас болған адамдар баға бере ме? Олай болса үрейлі екен. Өйткені, жұмыр басты пенденің көбісі көзінше мақтап, ізінше даттап шыға келеді емес пе? Хакім Абайдың қырқыншы қара сөзінде жазылғандай. Ұлы ақын сол сөзінде «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» демеп пе еді? Ойланып қарасаңыз, бір ауыз сөздің астарында қаншама ой жатыр. Еріксіз мойындайтын шындық бар. Көбіміз айналамызда көзі тірі жандарға қошемет білдіріп, мақтағымыз келмейді. Ол қандай да бір іс бастаса, аяғынан шалуға, артқа итеруге, я болмаса жоспарының күл-талқанын шығаруға тырысамыз. Кей кездері «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп ғайбаттап, тіл тигіземіз. Өсектейміз, жамандаймыз. Бойымыздағы түйедей кемшілікті көрмей, өзгенің түймедей қателігін бетіне басамыз. Жазықсыздан жазықсыз қара күйе жағып, жалғанда жасаған бір жақсылығын байқамаймыз. Міне, осылай жанымызда жан бағып жүрген жанды дер кезінде бағаламаймыз. Ал оның талқаны таусылған сәтте ше? Охо, ол кезде одан жақсы кісі жоқ болып шыға келеді. Имам «Қандай кісі еді?» дегенде бірауыздан «жақсы еді, жақсы еді» деп бас шұлғимыз. Сәт сайын марқұмның қырық күндік, жүз күндік, жылдық асына жиналғанда «Е, жақсы адам еді. Қыршыннан қиылды» деп жақсылығын жіпке тізе бастаймыз. Мұнымыз қалай болғаны? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің кері келгені ме? Неге қасымыздағы жақын-жуығымызды бар кезінде бағалап, қуанышы мен қайғысын қақ бөліспеске? Әлде бізбен дидарлас болған жанның жамбасы жерге тигенде ғана мақтау керек деген заңдылық бар ма? Мен білсем олай емес. Ар алдында да, заң алдында да жақсылығын айтудың әбестігі жоқ. Керісінше тірі кезінде құлағанда сүйеу, жылағанда демеу болсақ, мың есе қайырлы емес пе?
Хакім Абай ел аралап, жер көріп жүргеннен кейін осылай айтуға мәжбүр болған шығар. Көпшіліктің тал бесік пен жер бесіктің арасында бір-бірінің қадіріне жетпейтіні қынжылтқан болар. Иә, Ұлы ақын осылайша «Қарны ашқаннан емес, қадірі қашқаннан жылаған» екен ғой. Бір қызығы Абай қырқыншы сөзді ХІХ ғасырдың еншісінде жазды. Бажайлап қарасаңыз, қазір содан бері екі ғасырға жуық уақыт өтті. Алайда, адамдар арасындағы қарым-қатынас бәз-баяғы қалпында. Әлі күнге дейін қазақтар өлген кісіні жер-көкке сыйғызбай мақтап, тірі жанды тек жамандауға құмар. Бұл мінезімізден қашан арылады екенбіз?
Осы орайда ойыма Әзиз Несиннің әңгімесі оралуда. Ол әлдебір хикаясында қабір басындағы сөздерді жинақтап, пленкаға басқан коллекционер туралы сөз қозғайды. Әлгі коллекционер дақпыртты жерлеуге де, беймәлім бейбақтың елеусіз жерлеуіне де қатысып, жиналған қауымның сөзін жазып алады екен. Содан кейін үйіне келіп, аудиожазбаны тыңдап, ың-шыңсыз жерлеудің жолын ойластыратын көрінеді. Коллекционер «Менің қабірімді өзімнен басқа ешкім білмей-ақ қойса екен» деп армандапты. Өйткені, коллекционер қабір басына барғанда марқұм туралы бірде-бір мақтау сөз емес, ылғи даттау, өсек пен ғайбатты есітіпті. Сондықтан жаназасына жұрттың жиналғанын қаламапты.
Түрік жазушысы қаламына арқау еткен тақырып біздің қоғамға да жат емес. Қазіргі таңда бәзбіреулер қабір басында да марқұмды жамандауды ұят санамайды. Кейбір адамдар кісісінен айырылып, қара жамылып жатса, әлдекімдер гу-гулетіп тіл мен жағына ерік береді. Сонда деймін-ау, адамдарға жылы сөзімізді аяймыз ба? Не тірі кезінде, не өлген шағында жақсы сөз айтпасақ, несіне жер басып жүрміз? Әлде барлығымыз Әзиздің әңгімесіндегі коллекционер секілді көрімізді көрсетпей, ешкім білмейтін жерде жан тапсыруымыз керек пе?
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА