Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Өлім деген жоқ

Өлім деген жоқ

Қазақ «өзекті жанға бір өлім» дейді. Яғни, жаны бар тірі пенденің түптің түбінде өлері анық. Дегенмен, сол өлім деген не, одан кейін адамды не күтіп тұр? Бұл мәселеге осы кезге дейін ғылым жауап бере алмай келді. Ал дәстүрлі діндердің өлімнен кейінгі өмір туралы ұстанымдары атеистік түсінікті саналарына сіңірген көп адамдар үшін қиял болып саналатын еді. Бірақ та, соңғы жылдарда бұл көзқарас өзгеріп, ғылымның өзі ажалдың арғы жағында өмір барлығына назар аудара бастады.
Тән өлгенмен, сана жоғалмайды.
Өткен жылы АҚШ-та жарық көрген Роберт Ланцтың «Биоцентризм: өмір мен сана – Әлемнің шынайы бетбейнесін тану құпиясы» атты кітабы өлім деп аталатын құбылыстың табиғатта мүлдем жоқтығын ғылыми негіздеуге арналыпты. Бұл кітап өлімнен кейін өмір барлығын алғаш ғылыми түрде түсіндіруге талпынған Раймонд Моудидің «Өлімнен кейінгі өмір» кітабынан кейін шыққан жұртшылық арасында үлкен пікір туғызған дүние болды.
Аты осы елге ғана емес, әлемге танымал ғалым бұл кітабында не айтады дейсіз ғой? Медицина саласының үлкен ғалымы, адам тәнінің жарақаттан кейінгі қалпына келу процестері жайында ғылыми құнды еңбектер жазған Роберт Ланц соңғы жылдарда физика ғылымына назар аударып, соның нәтижесінде жаңа биоцентризм бағыты пайда болады.
Ғалымның пайымынша, өлім деген табиғатта мүлдем жоқ құбылыс. Адам тәні өлгенімен, санасы жоғалмайды. Кванттық физика заңдары бойынша сана кез-келген формада және ортада өмір сүре алады. Ғалымның айтуынша, біздің әлем жалғыз емес. Параллел әлемдер өте көп және адам тәні өлгеннен кейін санасы сол параллел әлдемдердің бірінде тіршілігін одан әрі жалғастыра береді.
Ислам, христиан сияқты дәстүрлі діндердің ұстанымдарынан өзгешелігі, Ланцтың пайымынша, адамдарды мына фәниде жасаған жақсы-жаман әрекеттері үшін жазалап немесе жарылқайтын жұмақ-тозақ деген жоқ. Өлген адамнің санасы бірден өзге параллел әлемге еніп, өмірін жалғастыра береді. Осылай шексіз жалғасады.
Ми – сананың тұрағы ма?
Осыдан біраз жыл бұрын шетелдік бір емханада қайтыс болған егде жастағы адамды неден өлгендігін анықтау барысында сот сараптамасы оның миының жоқ екендігін көріп қайран қалады. Әлгі азаматтың бас қуысынан мидың орнында қоймалжың сұрғылт сұйық шығады. Дегенмен, кейін белгілі болғандай миы жоқ адам ұзақ жылдар қалыпты өмір сүрген және оның психикалық ауытқушылығы байқалмаған.
Ал автокөлік апатына ұшырап, бас сүйегіне темір қада кірген адам сол жарақат күйінде осы күнге дейін өмір сүруде. Қызығы сол, әлгі темір қада оның бас сүйегін сындырып, миын көктей өтіп, екінші жағынан шыққан. Оны алып тастау өміріне қатерлі болғандықтан, дәрігерлер темір қаданың екі жақ ұшын кесіп, егеп тегістейді. Бас сүйгенің ішінде темірі бар әлгі адам еш қолайсыздықты сезінбей толыққанды өмір кешуде.
Осы оқиғалардан ұғынарымыз: мидың болмауы немесе оған қатты зақым келу адам санасына еш әсерін тигізбейді екен. Сонда сана адам миынан бөлек болғаны ғой? Бұның өзі сана адам тәнінің, оның ішінде миының жетілуінен пайда болған және миға тікелей тәуелді деген материалистік ұғымды теріске шығарады. Яғни, сана мидан да, тәннен де бөлек өз бетінше өмір сүре алады екен. Ендеше, бұдан адам өлімімен бірге оның санасы да мәңгі жоғалады деген материалистік түсініктің жалғандығы көрінеді және бұның өзі өлім деген мәңгі өшіп жоғалу еместігін көрсетеді.

el24.kz
---
02 желтоқсан 2019 ж. 1 483 0