Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай мен Мұқағали шығармашылығындағы үндестік

Абай мен Мұқағали шығармашылығындағы үндестік


ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында орны бөлек ақын – Абай Құнанбайұлының биыл 175 жылдығы.
Абайдың ұлылығы, құдіреті – оның ақындығы. Сол ақындық қуатын талабы барлардың бойына сіңіруі Абай рухын асқақтата түсуде.
Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында «Абайдың дәл өзі тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын – төртеу, – дейді. Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа,оның өлең мен қара сөздерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған. Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеу жолдарын айтады. Нақтысын айтқанда, мыналар Абайдың ақын-шәкірттері есепті де, Абай алды жазушының мектебі сияқты болады». (М.Әуезов – «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер» «Ғылым баспасы» 1967 ж. 244-бет )
Қазір әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда бірегейі.
Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шәкәрім. Ол – әрі лирик, әрі эпик ақын және прозаик, ол – композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол – терең ойшыл әрі бармағынан мәр тамған сегіз қырлы өнерпаз, үлкен мәдениет қайраткері. Қайым Мұқаметханов ( Алматы. «Жалын» 1992ж. 544бет.)
Ал Абайдан кейін біздің заманымызға дейін қазақтан туған білімді, талантты адамдардың ішінде аты мәлім төрт адам атаусыз қалып, ұмытылып барады. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев. Аласапыран уақытта бұлар біраз қателесті. Кейін қателерін мойындап, бойындағы өнер-білімдерін халқына беріп кетуге құмартты. Бірақ кейбір белсенділер олардың соңына шырақ алып түсті, қастығын істеп бақты. Тап тартысын біздің белсенділер тап мақсатынан гөрі өз мақсаттарына көбірек пайдаланды.

Қазір уақыт өзгерді, қауым жаңарды, тарихымызға сынай қарап, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс дейтін шақ жетті.
Қазір құдайға шүкір, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста аталған таланттарымыздың әдеби, ғылыми еңбектері жарыққа шығып насихатталуда.
Жазушы Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетінің ақсақалы өзінің «Сыр ашу» (1979 ж. 6-ақпан) алғы сөзінде: Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті жойылмаса, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрімдер жойылуы мүмкін емес. Тарихымыздың төрінен орын алды олар. Сондықтан мен осы «Сыр дәптеріме» жазып кеттім, кейінгілердің қарғысына ұшырамауды ойладым. Дүниеден өзің кеткенмен, ізің қалса болғаны. Сол ізбен келіп сырыңды ашады кейінгілер» – дейді.
Қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде Абайдың ақындық дәстүрі мектебінен өтпеген, одан үлгі алмаған ақын-жазушы, көркемсөз шеберлері кемде-кем.
Сөз басында айтқандай, Абай – өлеңге ебі бар жастарды «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп, өнеріне көңілі толғанын ақын етіп тәрбиелеп, сол талаппен ақындық мектеп қалыптастырған ұстаз. Абай жасаған керемет поэзия, тамаша картиналар – әлі көп замандарға қызмет етерлік, тәлім берерлік құрал, көркемдік үлгі.
Қазақ әдебиетінде Абай дәстүрі, Абай мектебі қалыптасты. Өткенімізге ой жүгіртсек Абайдан үйренбеген, оны ұстаз санамаған ақын-жазушы жоқ.
ХІХ ғасыр ақыны Абай болса, ол Абайды ұстаз тұтқан Мұқағали ХХ ғасырда «Ғасыр ақыны» атағына ие болған. 2001 жылы 70 жылдық тойында «Өмір дастаны» жинағы үшін лауреат атанған ақындарымыздың бірі. «Мен дағы өлең жазбаймын» деген өлеңінде ұлы Абайдың үлгісімен жазуды өзіне мақсат еткенін ашық айтады:
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден, – дейді.
Мұқағали ұлы Абайдың аруағынан сескенген шығар, бәлкім?! Мұқағалидың қазақ лирикасының Абайдай алабын үлгі тұтуы өте орынды. Ұлы Абайдың әдебиетіміз бен мәдениетімізде өзіндік мектебі бар. Мұқағали осы мектептің қарлығашы, түлегі. Сондықтан оның Абайша ойлап, Абайша жыр бұлағын төгілдіруі, парасатты тұжырым жасауы заңды.
Айтар болсақ, Абай өлеңнің «Бөтен сөзбен былғанбай, тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиюін қаласа, Мұқағали қазақтың қара өлеңін ой мен сезімге байытып, реалистік тұрғыда оның құдіреттілігін танытты. «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, онда бір сұмдық бар естілмеген» деп тереңіне бойлай түссе, Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінің де Мұқағалимен үндестігі бар. Әрқайсысы бір-бірінен бөлек екі кезеңде өмір сүрген ақындардың жүрегі бізге ортақ сыр шертіп тұрғандай сезімге бөлейді. Өзімен бірге қайғыртып, ой тұңғиығына сүңгітеді. Бұл ұлы адамдардың рухани үндестігін, іштей бір-бірімен қабысып жатқандығын байқатады.
Жалғасы бар,
Жырымның жалғасы бар.
Жырларым, жылдарменен
Жалғасыңдар! – дейді ақын М.Мақатаев.
Сондай-ақ ұлылар үндестігіндегі сөз құдіретін тануда Абай:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» десе, Мұқағали :
«Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін,
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» дейді.
Табиғатты тануда Абай:
«Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың маңы терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп» десе,
Мұқағали: « Ұялып барады өтіп бұлақ болса,
Бұйығып үн қатпайды жылан ғана.
Баланың маңдайынан сипалаған
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана» дейді Абай: Адамдық міндетті тануда: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» десе, Мұқағали: «Хақым жоқ жаман болуға, жұрт мені, жақсыдан қалған көз дейді»
Ал рухани үндестікте ұлы Абай:
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» десе,
Мұқағали: «Жақтасаң да, өзің біл даттасаң да,
Соттасаң да, еркің бар, ақтасаң да.
Мен де жұмбақ адаммын оны да ойла,
Мыңмен жалғыз алысып жатпасам да» деген. Имандылықты жырлауда Абай:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас,
Көп кітап келді Алладан оның төрті
Алланы танытуға сөзі арылмас.
Алла өзгермес адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сөздерге, сіз де оларға...» – деп айтса:
Ал Мұқағали болса :
« Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым да бар, дін де бар,
Қоқыс та бар, гүл де бар.
Адам ата өлмесін,
Қол қусырып Құдайға
Ғылым мен дін бірге бар» деп адамзатқа өмір тілеп, ғылым мен діннен, алдағы күннен үміт күтіп, болашаққа жол сілтейді. Мұқағали – ұлы Абайдың ойшыл, оптимистік және гуманистік көзқарасын жалғастырушы ақиық ақын.
Данышпан Абай шығармаларындағы жаңашыл, даналығының Мұқағалимен үндесуі – ғасырдан-ғасырға жалғасын таба беретін алтын мұра, мәңгілік жасайтын рухани азық болары баршамызға аян.

Оразбек Жұмаділұлы
04 ақпан 2020 ж. 2 452 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 63

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031