Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Музей – ел шежіресі

Музей – ел шежіресі

Музей – өзінің жаратылысы жағынан ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі болып табылады. Адамдардың бұл күнде тарихқа ден қоя зер салуы артқан жағдайда музей үлесіне үлкен міндет жүктеліп отыр. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» деп бекер айтылмаса керек. Өткен тарихымызды ақтара қарап, бүгінгі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздеу, қоғамның бұдан былайғы заңдылықтарын зерделеу де музей қызметкерлеріне артылған міндет. Таным дүниесіне осылай қарасақ, музей өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады.

Музей тарихы
Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен өткенін халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жос­парлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап отырады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив – 2025» бағдарламасын ұсынған болатын. Онда «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» делінген.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанда алғаш рет 1823 жылы Жәңгір хан өз ­ордасында музейлік көрме ашты. Бірақ ханның бұл бастамасы музей ретінде танылмады. Ресми түрде Қазақстандағы алғашқы музей 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда ашылды. Бұл бастама 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда жалғасын тапты. Тәуелсіздік алған соң тарихи жәдігерлерімізді түгендеп, музейлерімізді жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізілді. Соңғы 15 жылда музейлер саны екі есеге өссе, жәдігерлер саны 1,8 млн-нан 2,4 ­млн-ға дейін артқан. Қазіргі уақытта Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, алтауы жеке меншік музей ретінде тіркелген. Музейлердің 89-ы өлкетану, 52-сі мемориалдық, 50-і – тарихи, 11-ы өнертану, 10-ы музей-қорық, 4-еуі жаратылыстану және 181 өзге бағыттарда жұмыс істейді. Жалпы экспозициялар қорында 4 млн-ға жуық құнды жәдігерлер жиналған.
Ал киелі Шиеліде сол құндылықтарды бір ортаға тоғыстырған, кентке кіре беріс Яссауи көшесі бойында аудандық тарихи-өлкетану музейі орналасқан. 2017 жылдың сәуір ­ай­ы­нан бастап жұмыс жасап келе жатқан тарихи музейде бүгінгі таңда 1753 экспонат бар. Өсербек Төребай басшылық жасайтын ұжымда 15 қызметкер жұмыс істейді. Жоғарыда атап өткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Елбасы «Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек» деп нақты тапсырмалар берген болатын. Осы үдеден шығу мақсатында музей меңгерушісі Ө.Төребай «Шиелі ауданындағы қасиетті нысандардың зерттелуі», ғылыми қызметкер Б.Әбуов «Шиелі ауданы бойынша 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасына» қатысушылардың тағдыры», ғылыми қызметкер Ә.Оспанов «Шиелі ауданынан шыққан батырлар», ғылыми қызметкер Л.Мырзахметова «Сыр бойының егін шаруашылығындағы жасанды суару құрылыстары құрылғысының маңызы» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жасауда.

Өткенін білу өскелең ұрпақ үшін маңызды
Өткен күндердің ізін өшірмей, сан мың жылдардың көзін көрген көне жәдігерлердің тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолында музей қызметкерлері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Аудандық тарихи-өлкетану музейі жыл басынан бері 30-дан астам көрме, 20-дан астам іс-шара ұйымдастырған.
– Білім беру ошақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, отбасылық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін экскурсия ұйымдастыруды үрдіске айналдырғанбыз. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында мектеп, гимназия, колледж шәкірттерімен мәдени-тарихи құндылықтарды, көне орындарды аралап, түрлі саяхат ұйымдастырып отырамыз, – дейді музей меңгерушісі Ө.Төребай.
Иә, тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Елбасы айтқандай, «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады». Жыл басынан бері «Сауран қалашығы», ­«Қожа Ахмет ­Яссауи кесенесі», «Орта ғасырлық Сығанақ қалашығы», «Сауысқандық петроглифтері», «Оқшы Ата мазараты» сынды тарихи орындарды аралап, 1200-ге тарта оқушының бойына рухани азық сыйлайтын саяхаттар ұйымдастырылған.

Көне жәдігерлер сөйлейді
Ауданның тарихынан сыр шертетін өлкетану музейіндегі көне жәдігерлердің бірі Қаратау жотасындағы Сауысқандық шатқалынан алынған тастар. Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданының Еңбекші ауылынан 50 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 500 гектарды құрайды. Тас және қола дәуірінен сыр шертетін көріністерді ғалымдар Сыр бойындағы Бейнелеу өнерінің бастауы деп бағалайды. Қаратаудағы петроглифтер 8-10 мың сюжетті құрайды. Ғалымдар бұл бейнелер әйгілі таңбалы тастан кем түспейді деген пікір айтады. «Б.з.д. 2 мың жылдықтардағы тас қашау мәдениеттің жартастағы суреттері сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінің көрінісін береді. Сауысқандық петроглифтерінің негізгі мотивтері – антроморфтық фигуралар. Бұқа, елік бейнелері, жылқы, аң-құстар бейнеленген. Әзірге Қаратаудан шамамен 200-дей петроглиф табылып отыр. Тасқа қашалған рухани құндылық – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енген Ақмешіт атырабындағы 9 ескерткіштің бірі. Дегенмен тирихи ескерткіштің төңірегін әлі де болса кешенді түрде зерттеу қажет», – дейді мамандар. Қадым замандардың қолтаңбасын төсіне басқан Сауысқандық маңы бүгінде ерекше қорғау аймағына алынған. Алайда, мамандар жартастағы жазуларды бүлдіріп кету деректерін де жоққа шығармайды. Сондықтан петроглифтерді кешенді зерттеу шараларымен қатар оны кеңінен ­насихаттауды қолға алған музей қызметкерлері 2017 жылы мұражайға таңба салынған тастарды әкелгендігін айтады.
Көне жәдігерлерге тіл бітіріп, тарихын айта кететін өлкетану музейінде Сыр бойындағы орта ғасырлық тарихи жерлерге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне тұрмыстық бұйымдар да сақтаулы. Құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, келген қонақтарға өңірдің өткен өмірінен дерек беретін музейге әлгі құмыраларды жерлесіміз, археолог, профессор Мадияр Елеуов сыйға тартқан екен. Сонымен қатар Шиелі ауданының тарихын фотосуретімен жазып шыққан, «Өскен өңір» газетінің фототілшісі болған ­Сайдхасан Хутаевтың фоторепортаждарын да осы жақтан кезіктіруге болады. Ауданның 90 жылдық шежіресіндегі айтулы сәттерді кадрдан тыс қалдырмаған фототілшінің сан мыңдаған суреті сенімді қолға өтіп, ұрпақтан ұрпаққа көрсетіліп келеді.

Бір ауданның тарихы бір залға сыяды ма?
Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ бар. 41 Еңбек Ері, 5 ғасыр адамы шыққан қасиетті жер. 7 әулие жерленген киелі мекен. Айта берсек том-том кітап жазылатын құтты өңірдің құндылықтары бір залға сыймасы анық. Ғимараты жаңадан бой көтерген тарихи-өлкетану музейінің тазалығы мен әсемдігіне ешкімнің таласы жоқ. Ал оның көлемін ұлғайтып, үлкен зал қосуға құжаттарын әзірлеп, облысқа ұсыныс берілгендігін музей меңгерушісі сөз барысында айтып қалды. Құп көрсе, оң дүние болмақ. Қай қазақ болсын таныса қалсаң тегіңді сұрап, тарихыңа шолу жасайтыны мәлім. Сол секілді алыстан қонақ келсе, алдымен ауданның тарихын білмекке музейге бас сұғады. Сонда көрсетер жәдігерлер кең залда сайрап тұрса, бұл баршамыздың абыройымыз емес пе? Жалпы жыл басынан тарихи-өлкетану музейіндегі экспонаттарды 4 мыңнан аса адам тамашалауға келген көрінеді. Одан бөлек «Түнгі музей», «Ашық есік күндері» де өткізіліп тұрады. Ендігі мақсат – әлі де ел ішінде қалған тарихи дүниелерді музей төріне қою, жас ұрпаққа әрбір жәдігердің тарихтан сыр шертетін құндылығын айшықтау.

Гүлнәр Дүйсебай


24 желтоқсан 2019 ж. 713 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031