Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымды тағдыр жолының дара жолаушысы

Тағылымды тағдыр жолының дара жолаушысы


«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне, жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп ғұлама әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған, ұстаздық қызмет пен ғалымдықты қатар ұстаған, ең алдымен шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған ұлағатты ұстаз, рухани әке бола білген Ромсейіт Мұхамеджанұлы туралы ізгілік ниетпен лебіз білдіруді мен де өзімнің шәкірттік парызым деп санаймын.
Әлі есімде, 2006 жыл еді. Ол кезде мен «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 1 курс студентімін. Сол жылы студенттер арасында ұйымдастырылған ғылыми конференцияға алғаш рет қатыстым. Мектепте болатын іс-шараларға қатысып үйренген мен үшін, баяндама дайындап және оны көпшілік алдында қорғау аса қиынға соқпады. Тақылдап қорғап болып, есіктен шығып бара жатқаным сол еді, «Қарғам, тоқташы!» деген мейірімді дауысты естіп, артыма жалт бұрылдым. Қарсы алдымда ұзын бойлы, ірі денелі, жүзінде тура ата-анама ғана тән мейірімі мен шуағы бар ағай тұрды. «Қарғам, атың кім? – деді», мен ­«Эльмира» деп таңданып қарап тұрмын. Бір кезде ағай мейірленіп, «Сенің болашағың өте кемел әрі жарқын болғалы тұр, тек еңбектен, жарай ма?» деп маңдайымнан сүйді де, ұзын коридормен ақырын басып кете барды.
Кейін білдім, мен оқып жатқан «Педагогика және психология» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ромсейіт Қоянбаев екен. Ағайдың «Педагогика» оқулығын оқыған сайын жүрегімде мақтаныш сезімі аттай тулап шыға келуші еді. Кейін ағайдың жерлесім, екенін білгенде, тіпті өзімнің туған атамдай жақсы көріп, жақын араласып кеттік.
Бүгінде мұның барлығы әдемі естеліктер мен тағылымды тарих болып қалды. 2008 жылы «Ромсейіт Мұхамеджанұлы дүние салды» деген хабарды естіп, төбемізден жай түскендей абдырып қалған сәтіміз де әлі есімде.
Қазақтың біртуар азаматы Р.Қоянбаевтың 80 жылдығы шәкірттерінің ғана емес, университетіміздің де айтулы күні деп білемін. Өйткені, өмір өтсе де, жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, уақыт өте келе оның даралық, даналық тұлғасының биіктей беретіні сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, бүгінде еліміздің тұңғыш білім беру ошағы саналатын – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаевтың қолдауымен және Ромсейіт Мұхамеджанұлының тікелей шәкірті, өзімнің сүйікті ұстазым, «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Әзия Жұмабаеваның ұйымдастыруымен профессордың 80 жылдығына арналған «Рухани жаңғырудағы ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми фестивалі жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр.
Бүгінгі табыстарымыздың түп тамыры неде екенін ұғыну үшін өткен тарихымызды, аға ұрпақтың кейінгі ұрпақ үшін жасаған ерен еңбектерін білуіміз қажет. Ұрпақтар сабақтастығын дәлелді түрде негіздеп беру және мұның тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсету – өзекті мәселе. Аспан әлемінің шексіз кеңістік құпиясы адамзат баласын ежелден-ақ өзін тануға ынталандырып, қызықтырып келеді, тіпті бүгінге дейін бұл үдеріс бір сәтке тоқтаған емес. Бұл әлемнің таңғажайып ұлылығы болып саналса, ал ғылым атты теңіздің алып кемесі, жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам мен халықтың үміт артып, өз болашағын сеніп тапсырар өкілі – ұстаз.
Ғалым өнегелі өмірінің 28 жылын Абай атындағы ҚазҰПУ-де өткізіп, 13 жыл бастауыш педагогикасы және әдістемесі факультетін, 5 жыл психология-педагогика факультетін басқарады. Басшылық қызметін абыроймен атқара жүріп, ғылыми зерттеу ісімен айналысады.
Осы орайда болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлаудың Қазақстанда іргетасын қалаушылардың бірі ғана емес, бірегейі – педагог-ғалым Ромсейіт Мұхамеджанұлы деуге толық негіз бар.
Ол болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлау мәселесінің оңтайлы шешілуінің іргетасын қалады және әрі қарай жетілуіне, дамуына білгір басшы, шебер де құзыретті ұйымдастырушы, білікті ғалым ретінде өз үлесін қосып, ширек ғасырлық ғұмырын осы салаға арнады. Бөлім басшысы және факультет деканы қызметін атқарғанда әріптестерін ортақ іске жұмылдыра білді, өнегелі іс-әрекетімен үлгі көрсетті, нәтижелі істі ұйымдастыру қолынан келетінін дәлелдеді. Әрине, өмір тіршілік ағыны тәріздес, өзгеріп және жаңарып тұрады, сонда өрге өрмелеп шығуға да, ылдидан құлдилап түсуге де тура келеді. Мәселен, мамандықтың жабылып қалу қаупі туындаған кездерде мамандық үшін күресе білді және сақтап қалды.
Ал декан болып қызмет жасаған кезеңде факультет дамуы шарықтап, кемелденді. Нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ-і бас­тауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды және оқытушылардың ғылыми әрі кәсіби шеберлігінің деңгейі жоғары сатыға көтеріліп, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазуға белсене қатыса бастады. Сондай-ақ болашағы зор, білімді студент жастарға қолдау білдіріп, жұмысқа орналастырды.
Студенттердің жаттанды сөз тіркестерін жиі қолданатынын, ғылыми категориялардың мән-маңызын ашып бере алмайтындарын жиі айта отырып, ғылым саласынан түсіндірме сөздіктер жасау және оларды пайдалануға студенттерді машықтандыру екеніне назар аударады және педагогиканы жан-жақты оқып үйренуде ғылымның түсініктерін, ұғымдарын және атауларын мағыналы қабылдауға септігін тигізетін педагогтік оқу орындарының студенттеріне қажетті «Қысқаша педагогикалық сөздікті» қолдануға машықтандырады.
Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі студенттеріне арналған төлтума оқу құралдарын жасау туралы бастама көтеріп, үлгі көрсетеді. Студенттерге арналған «Бас­тауыш мектеп педагогикасының жалпы негіздері» және «Тәрбие теориясы» атты лекциялар мазмұнын және ғылыми, ынтымақтастық, халық педагогикасының мәліметтері басшылыққа алынып, тұтас педагогикалық үдерісті жетілдірудің және жаңартудың жолдары мен бағыттары қарастырылған «Педагогика» оқу құралын жазады. Қазіргі кезде өзекті боп отырған оқытудың кредиттік жүйесі, 12 жылдық білім беру жүйесі, шағын жинақты мектепке маман дайындау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі және т.б. мәселелерін осыдан 10-15 жыл бұрын өз жарияланымдарында көтерді.
Ғалымның болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлауға қосқан үлесі жайындағы ой-пікірімізді қорытындылай келе, «Ұлтымыздың зиялыларының ұлағатын ұлықтау және ұмытпау – ел боламын деген халықтың тарих алдындағы парызы» деп Елбасымыз атап өткендей, Ромсейіт Мұхамеджанұлы – болашақ бастауыш білім беру мамандарын даярлаудың теориясы мен тәжірибесіне өзінің қомақты үлесін қосқан ұлы ұстаз. Ол өз замандастарының ғана емес, келешек ұрпақтың да жадында мәңгі сақталады.


Эльмира Уайдуллақызы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
PhD доктор
07 желтоқсан 2019 ж. 712 0