Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аң аулау кәсіп пе?

Аң аулау кәсіп пе?

Аңшылық – қанымызда бар қасиет. Кезінде аталарымыз жүйрік атты ерттеп, құмай тазыны ертіп, иыққа берен мылтықты асынса, бүгінде аңшылық жаңаша сипат алған. Қазіргілер атқа мінбейді, есесіне, темір тұлпарды тізгіндеп, түз жануарларын қырып салуға әуес. Бұл аңшылыққа қызығушылықтың артқаны ма? Әлде ақшаға құныққандық па?
Айналадағы жорғалаған аң мен ұшқан құс мемлекеттің мүлкі екені белгілі. Заңсыз аттыңыз ба, зиян келтіргеніңіз үшін айыппұл арқалайсыз, тіпті одан көп мөлшерде залал келтірсеңіз, түрмеге түсу жағы да қарастырылған. Мысал келтірсек, 1 бас қоян үшін 5 АЕК, яғни 18937,5 теңге, бір бас ақбөкен 5 млн 411 мың 250 теңге, ал аналығы мен төліне 350 АЕК немесе 3 млн 397 мың 875 теңге айыппұл салынады. Осындай қаржыны мемлекет қоржынына шытырлатып санап бересіз. Сондай-ақ 1 келі сазан балығы 3282,5 теңгені құраса, 1 түйір қаяз балығы үшін 2 272 500 теңге айыппұл арқалайсыз.
Мұнан бөлек сотты болған азаматтан қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, көлік құралдары, айналымнан алынған мүліктердің барлығы тәркіленеді. Осындай заң талаптарын кейбір құқық бұзушылар «білмегендіктен жасадым» деп ақталатыны рас. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Өзен-көлдің жағасында балғын балықтың бал татыған сорпасын бір татып көргендер қайта-қайта барудан әсте жалықпайды. Бірақ судағы тіршілік иесін қаптап сатып, ақшаға құныққан жаман. Иә, жасырып не керек, балық аулап сату – бүгінде біраз жанның табыс көзіне айналған. Дегенмен ақша тапқан осы екен деп бей-берекет табиғатқа залал келтіруге болмайды. Ол заңмен де қатаң ескертілген. Мәселен, қармақпен тек 5 келіге дейін аулауға рұқсат етіледі. Ал аудың үлкен көзі 10 см болса ғана шектік мерзімде ауланады. 4-5 см көзді аулармен аулауға тыйым салынған. Әсіресе, қытай ауларын пайдалану, электр ток құралдарымен аулау қатаң жазаға тартылатынын естен шығармаған абзал.
Жалпы биылғы жылдың басынан бері облыс көлемінде табиғат заңдылығын бұзғаны үшін 377 адамға 4,1 млн теңге айыппұл салынған. Ал жануарларға залал келтіргені үшін 20 қылмыстық іс анықталса, оның 11-і балыққа қатысты, қалғаны қоян, қарақұйрық, киік мүйізіне, сұңқар құсын аулау бойынша анықталған қылмыстар.
Биыл Шиеліде де облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясымен бірлескен рейд барысында заңсыз балық аулаған 10 азамат әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төледі. Бұл туралы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының орынбасары Мақсұтхан Асанханұлынан білдік:
–Алғашқы алтауы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 383-бабы, яғни белгіленбеген жерде тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін ұсталса, өзге төрт тұрғын 382-баптың 1 тармағы, балық аулау қағидасын бұзғаны үшін белгілі мөлшерде айыппұл өтеді, – дейді маман.
Сондай-ақ аудан аумағынан қырғауыл, қоян, қабан, борсық пен қарабөрік және үйрек-қазды да табуға болады. Бір қуанарлығы, биылғы жылы бұл жануарларға қатысты ешбір заң бұзушылық анықталмаған.

Гүлхан ЯХИЯ

07 желтоқсан 2019 ж. 1 000 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031